• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Әлияның шәкірті

405 рет
көрсетілді

Жуырда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Сабина Әшірбаева көркем гимнас­тикадан «Miss Valentine» халықаралық турнирінде алтын медальға ие болды. Эстонияның Тарту қаласында өткен бәсекеге әлемнің болашағынан мол үміт күттірген шебер гимнасшылары қатысқан болатын. Көркем гимнастикамен бес жасынан бастап айналысып келе жатқан Сабинаның бұл алғашқы жеңісі емес, әрине. Бүгінде аты әлемге таныла бастаған гимнасшы Сабинаның спортқа әуестігі әуел баста Әлия Жүсіпованы мақтан тұтудан, соған еліктеуден басталған екен. Гимнастикаға деген қызы­ғушылығын байқаған əкесі бес жасар Сабинаны Шымкенттегі көркем гимнастика үйірмесіне өзі жетелеп апарыпты. Он жасқа дейін алғашқы бапкері Ольга Смирнованың тобында, кілең өзінен үлкен қыздармен жаттыққан. Топта ең кішісі болғанына қарамастан, өзін қа­лай да көрсетуге ты­рысқан ол көптің арасында елеусіз қал­ғысы келмей еңбектенді. Спорт­қа жақын от­басында дүниеге келген қыздың ынта-талпынысы ата-анасы тарапынан әрдайым қолдау тауып отырды. Хобби емес, өміріндегі басты нəрсе екенін де ерте ұғынған Сабина көркем гимнастикаға өнер, сүйіп айналысатын ісі ретінде қарапты. Жоғары нəтижелерге же­ту үшін алдына үлкен-үл­кен мақсаттар қойды. Ол мақ­саттарға жету жолында бап­керлерімен бірге тер төкті. Бұл орайда, көркем гимнастика шебері Əлия Жүсіповамен бірге жұмыс істеген жеті жылға жуық уақыттың бергені мол. Мы­салы, Сабина 12 жасында Ұлт­тық құрамаға қабылданды, 15 жасында көркем гимнастикадан спорт шебері атанды. Іле-шала «Халықаралық дəрежедегі спорт шебері» нормативін орындап, мұндай атаққа 15 жасында қол жеткізген тұңғыш спортшы атанды. Бұл орайда ол жеке бапкері Әлия Жүсіповадан озып отыр. Әлия бұл белесті 17 жасында бағындырған болатын. Сабина 2014 жылы Инчхон­да өткен Азия ойындарында командалық жарыста қола алды. 2015 жылы алғаш рет Азия чемпионатына қатысты. Жекелей өнерде екі қола ұтты. Командалық есепте де қола медальды иеленді. Сол жы­лы Люксембургте өткен халық­аралық турнирде бір алтын, бір күміс олжалады. Одан кейін Əлем чемпионатында 18-орыннан көрінді. Екінші рет Азия чемпионатына қатысып, екі қола, екі күміс медаль алды. – Көркем гимнастика мақ­танышы Əлия Жүсіпова – жеке бапкерім. Афины, Бей­жің олимпиадаларында қа­зақ көркем гимнастикасын əлемге мойындатқан спортшы шәкірттеріне бапкерлік көз­қараспен ғана емес, гимнаст тұрғысынан да қарайды. Сол себепті де, ол кісі бəрін түсінеді. Кей күндері шаршап, мазаң болмай тұрады. Жаттығу барысында бір жеріңді ауыртып алатын жағдайлар да кездеседі. Ондай кезде Əлия Мақсұтқызы спорттық жолында басынан өткен жағдайларды айтып, көңіліңді көтеріп, тіпті қанаттандырып жібереді. Жа­рыстарда жақсы нəтиже көрсетсең, «Келесіде сен мына биікті де бағындыра аласың», деп сеніміңді оятады. Бір сөзбен айтқанда, бір-біріміздің жай-күйімізді өте жақсы сезінеміз. Бұл жаттығу барысына көп көмек­теседі. Риода өнер көр­сетуге алаңға шыққанда алғаш­қыда толқыдым. Басымда сан ой сапырылысып кетті. Бірақ, дереу артық ойларды ысырып тастап, көңілімді тыныштандыра алдым. «Осы уақытқа дейін үйренгенімді, бар қабілетімді көрсетемін» деген мақсатты ғана алға қойдым. Соңымда бапкерім, достарым, бүкіл ел тұрғанын сезіндім. 24 елден барған 26 гимнасшының арасында 12-орын алдым. Бұл да жақсы көрсеткіш. Өйткені, маған қарағанда тəжірибелі, танымал спортшылардың өзі менен кейінгі орындарда қалды. Қытайлық ару Чанг Ронг екеуміз гимнасшылардың арасында ең жасы болғанымызды да айта кетейін. Келесі Олим­пиадада үздік ондыққа, тіпті, үздік бестікке кіремін деп ой­лаймын. Олимпиададан келген соң маған М.Əуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік университетінің «Денешы­нықтыру жəне спорт» маман­дығына университеттің білім гран­ты берілді. Қазір сонда оқып жүрмін», – дейді Сабина Әшірбаева. Осы арада айта кетелік, оқу орнында саламатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға ерекше мән беріліп келеді. Жал­пы, ел намысын қорғап, әлем­дік ареналарда, Олимпиада ойындарында көк туымызды желбіреткен жеңімпаздардың арасында осы жоғары оқу орнындағы денешынықтыру және спорт факультетінде оқы­ған және білім алып жүр­ген қыздар көп. Күні кеше Алматыда өткен ХХVІІІ қысқы Универсиадада фристайлдан жүлделі орыннан көрінген Жанбота Алдабергенова осы оқу орнында оқыды. Ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Жазира Жаппарқұл да М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенті. Әйгілі гимнасшы, Азияның бір­неше дүркін чемпионы, екі бірдей Олимпиадаға қатысқан Әлия Жүсіпова, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Елена Ша­лыгина, зілтеміршілер Татьяна Хромова, дзюдошы Алек­сандра Подрядова, жеңіл атлет Татьяна Бочарова, мерген Ольга Довгун, самбошы Пе­ризат Жақыпбекова... оқу ор­нының танымал таланттар тізімі осылай жалғаса береді. Әлемге әйгілі спортшылардың жеңісті жолдарын жалғастыра Рио төріндегі байрақты бәсекеге қатысқан көркем гимнасшы Сабина Әшірбаева мен Селина Жұматаева бүгінде аталған оқу орнында білім алуда. Дарынды спортшыларды қолдау мақсатында жыл сайы­н оқу орнындағы ғылыми кеңестің шешімімен университет гранты бөлінеді. Болашақ жеңімпаздардың жаттығуына, шеберлігін шыңдауға барлық жағдай жасалған. Жарысқа, оқу-жаттығу жиындарына қатысушылар үшін сынақ тап­сырудың, сабақтың тиімді кестесі жасалған. Жалпы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды біліктілікпен басқарып келе жатқан ректор Жұмахан Мір­халықовтың спортқа айрықша көңіл бөлетіні елге мәлім. Оның талантты жастарға барынша қамқорлық танытып, қолдау көрсетуінің арқасында университеттің студенттері талай биіктерді бағындырып келеді. Іргелі білім ордасы олим­пия ойындары, әлем біріншіліктерінде топ жар­ған студенттерін мақтан тұта­ды. Осындай қолдау мен қам­қорлықтан кейін студенттер де алаңсыз жаттығып, түр­лі дең­гейдегі жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрінуде. Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы