• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Адам құқы басты назарда

314 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтановтың жетекшілік етуімен еліміз Ішкі істер министрлігінің Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамды қорғау жөніндегі қызметіне арналған кеңейтілген отырыс өтті. Комиссия жұмысына Қазақстан билігінің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адвокатураның өкілдері қатысты. Қазақстан БҰҰ-ның Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамды қор­ғауға арналған халықаралық конвенция­сына қосылған. Комиссия мүшелерінің пі­кірінше, бұл кез келген адамның құ­қықтары мен бостандықтарын қорғауға белгілі бір деңгейде кепіл бола алады. Отырыста сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов Қазақ­станның аталған Конвенцияны ратификациялауы – кез келген адамның құқығы мен бостандығын қорғаудың бір кепілі екенін атап өтті. «Біз бұл Конвенцияны маңызды құқық қорғайтын құрал әрі тетік ретінде қарастырамыз. Себебі, құжатқа қосылған мемлекеттің өзінің азаматтарының алдындағы міндеттеріне жауапкершілікпен қарауын білдіреді. Алайда, мұндай қылмыстарға жол бермеу, алдын ала айқындау және жолын кесу республиканың барлық мемлекеттік органдарының қызметіндегі негізгі басымдықтардың бірі болуы тиіс. Қазіргі таңда құқық қорғау жүйесін одан әрі жандандыру мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның негізгі міндеті – 2020 жылға қарай жо­ғары халықаралық стандарттарға сәйкес ке­летін жүйе құру. Яғни, бұл саладағы реформалардың барлығы, ең алдымен, ел тұр­ғындарының құқық қорғау ор­ган­да­рын қылмыстық із кесуші орган емес, өзінің әлеуметтік серіктесі ретін­де қабыл­дауына бағытталған», – деді Қ.Қасымов. Оның айтуынша, бүгінге дейін адамның бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша − 827, адам саудасымен айналысу фактісі бойынша 123 қылмыскер жауапкершілікке тартылған екен. «Мәселен, 2009 жылдан бері адамның бостандығынан заңсыз түрде айырудың 1 643 фактісі орын алса, оның 732-сі соңғы 3 жылда тіркелген. Сондай-ақ, 2009 жылдан бері адам саудасымен айналысудың 202 фактісі болса, оның 83-і соңғы 3 жылда тіркелді. 3 жыл сайын адам саудасының алдын алу, күрес жүргізу бағытында Үкімет тарапынан жос­парлы іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Оларға мемлекеттік органдар, ха­лықаралық және үкіметтік емес ұйымдар тартылады», – деді Ішкі істер министрі. Сонымен қатар, Қ. Қасымов 2016 жылдың наурыз айында Женева қаласында БҰҰ-ның Күштеп жоқ қылып жіберуден адамдарды қорғау мәселесі бойынша жұмыс істейтін арнайы комитетінің 10-шы сессиясы өткенін, онда Қазақстан Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамды қорғауға арналған халықаралық конвенциядағы міндеттемелерді жүзеге асыру бойынша өзінің алғашқы кезеңдік баяндамасын қорғап шыққанын айтты. «Баяндама оқылғаннан кейін Комитет мүшелері, Ирак, Мексика, Франция, Колумбия, Перу, Аргентина, Германия, Албания, Испания, Жапония секілді 10 елдің өкілдері Қазақстанның бұл бағыттағы жұмыстарына жоғары баға берді. Мәселен, Комитет төрағасы Эммануэль Деко Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанның аталған конвенцияны ратификациялаған ең алғашқы мемлекет екеніне баса назар аударды. Ал 2016 жылдың 20 қазанында Қазақстанның баяндамасына орай, БҰҰ-ның аталған Комитеті өзінің 13 ұсынымын жіберді. Ішкі істер министрлігі бұл ұсынымдар бойынша жұмыстарды жүйелендіру үшін 2017-2021 жылдарға арналған Арнайы іс-шаралар жоспарының жобасын әзірледі. Қазіргі таңда Жоспар жобасы барлық мемлекеттік органдармен келісілуде. Содан кейін ол Үкімет қаулысымен бекітілу үшін Премьер-Министрдің Кеңсесіне жіберіледі», – деді министр. Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов адам саудасына қатысты мәселе өте өткір тұрғанына назар аударды. «Адамның із-түссіз жоғалып кетуі, өкінішке қарай, жылдан жылға көбейіп, қоғамды үрейлендіріп тұр. Мәселен, елімізде 2009 жылдан бері 900-ге жуық адам ешқандай себеп-салдарсыз, ұшты-күйлі, белгісіз күйде жоғалып кеткен. Мұны адамның өміріне тікелей әрі тұтқиылдан жасалып тұрған үлкен қауіп деп түсінуіміз керек. Қазақстан халықаралық Конвенцияны ратификациялағаннан кейін қандай алдын алу іс-шаралары өткізілгені – еліміз үшін маңызды. Демек, оған тосқауыл қою жолдарын іздестіруіміз, заң нормаларын жетілдіруіміз керек», – деді Қ. Сұлтанов сөзінің қорытындысында. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»