• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Абыройлы ардагер

397 рет
көрсетілді

Оның көзінен қашанда мейірім шуағы есіп тұрады. Әркез ойы сергек, бойы ширақ. Генералға тән талапшылдық пен қаталдық та бар. Өмір жолында білім мен білікті қос қанат етіп байлаған ол адами биік болмысымен де, терең парасатымен де кез келгенге үлгі. Ал оның офицерлік өмірі, жоғары кәсіби біліктілігі кейінгі ізбасарларға өнеге. Ол туралы ойлағанда ұлы Абайдың: «Болмасаң да, ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген қанатты сөзі еріксіз еске түседі. Генерал-майор Сләм Мұхамеджанұлы Исабаевпен бірге қызметтес болмасам да, етене жақын араласпасам да, ара-тұра қызмет бабымен кездесе қалсам, осындай ойлар мені алысқа жетелейді... Сләм Мұхамеджанұлы – Шығыс Қазақстан өңірінің тумасы. Яғни, оның өмірі – дала мен таудың, өзен мен көлдің, орман мен тоғайдың ерекше сұлулықпен үндескен жерінен бастау алады. Кезінде Үлкен Нарын ауданы аталған, бүгінде Қатонқарағай ауданымен біріккен табиғаты ғажап мекенде дүниеге келген Сләм Мұхамед­жанұлының мінезі де туған жердің табиғатына ұқсайтындай – дәл сондай ерекше, дәл сондай ғажайып. 1937 жылы Малокрасноярка ауылында дүниеге келген Сләм Мұхамеджанұлы соғыс алдындағы ауыртпалықтарды да, соғыстан кейінгі қиыншылықтарды да жұртпен бірге көреді. Небәрі 5 жасында әкесі қайтыс болады, екі ағасы соғыстан оралмайды. Анасы Қапыш пен 13 жастағы ағасы Байкен таң сәріден қара кешке дейін колхозда жұмыс істеп, нәпақасын айырады. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып тағдыр тәлкегін көрген Сләм Исабаев туралы естеліктерді оқып отырып, мына бір әңгіме ерекше әсер етті. 1945 жылы бірінші сыныпқа барған бала Сләмға соғыстан оралған майдангер Павел Архипович Полькин сабақ береді. «Сләмнің өзін де, отбасын да 60 жылдан артық білемін, екеуміз жақсы доспыз. Солай бола тұра, арамыздағы «ұстаз – шәкірт» деген ұғым жойылған емес. Екеуіміз де зейнеткерміз, бірақ Сләм Мұхамеджанович мені әлі күнге дейін «сіз» дейді, аты-жөніммен атайды. Өткен жылы ауруханаға түсіп қалдым. Есімді жисам, палатамда Сләм отыр. Менің ауруханаға жатып қалғанымды ести салысымен, бірден жеткен. Сонау Алматыдан! «Пал Архипыч, сіз бізді бұлай қорқытпаңыз, екеуміз әлі балық аулауға баруымыз керек», дейді. Ол сондай қамқор, ерекше мейірімді жан. «Оның бойында көшбасшылық қасиет бала кезден байқалатын. Спорт ойындарына қызығушылығы зор еді. Өзі кіп-кішкентай болып, әркез әлсіздерді қорғап жүретін. Исабаевтар отбасы өте кедей тұрды, әсіресе, соғыстан кейін тұрмыстары тым ауыр болды. Әлі есімде, Сләмнің ескі, сұр тоны бар еді. Ашуланғанда әлгі тонын лақтырып тас­тап, алға ұмтылатын. Мектепте барлық жарыстарда өз командасын әркез алға сүйреп, қанаттандырып, жігерлендіріп жүретін. Саны жағынан аз болса да, Исабаевтың командасы әркез жеңіп шығатын...» 1952 жылы Малокрасноярскіде жеті­жылдық мектепті бітірген соң аудан орталығы Үлкен Нарын ауылында оқуын жалғастырады. Бала кезінен білімге құштар, алғыр да зерек Сләм мектеп жасынан гуманитарлық пәндерге ерекше қызығады, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ал 1955 жылы 18 жасында ҚазМУдың заң факультетіне оқуға түседі. Баласын алыс сапарға, бейтаныс қалаға шығарып салып тұрған анасы Қапыш қандай күйде болды екен? Әрине, ол кезде жас Сләмнің, араға ұзақ жылдар салып, Семей қаласының және Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының Құрметті азаматы болатынын, нағыз генерал болатынын ешкім білген жоқ. Ал ондай биік шыңға шығу үшін көптеген асулар мен белестерді бағындыруы тиіс еді... Біздің, кейінгі бейбіт заман ұрпақ­тарының бір ақиқатқа көзіміз жетті: соғысқа дейінгі, соғыстан кейінгі жылдары туған балалардан айрықша адамдар шыққан екен. Заманы оларды болаттай берік етіп шынықтырыпты. Ерте жетім қалған, қайғы-қасіреттің дәмін ерте тартқан, ауыр тұрмыс илеуін ерте көрген кішкентай Сләмнің адами қасиеті, азаматтық мінезі сол жылдары қалыптасқаны айқын. Сондай болмыс-бітімі, еңбекқор келбеті, адал жаны, талапшыл табиғаты оны өмір жолында сүріндірмей, биіктерге жетеледі. Еңбек жолын қатардағы эксперт-криминалист қызметінен бастаған Сләм Исабаев – Қазақстан Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары қызметіне дейін өсті, осы саланың әр баспалдағын адал еңбегімен жүріп өтті. 1960 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің (бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) заң факультетін бітіріп, Қазақ сот экспертизасы ғылыми-зерттеу институтына жолдама алады. Аға эксперт-криминалист қызметіне қабылданған Сләм Мұхамеджанұлы 1961 жылы Мәскеуде эксперттердің 6 айлық курсын оқиды. Көп ұзамай-ақ оны ҚазКСР Ішкі істер министрлігі ғылыми-техникалық бөліміне аға эксперт-криминалист қызметіне шақырады. Ал 1964 жылы Сләм Исабаевтың ҚазКСР Тергеу басқармасындағы жемісті еңбек жылдары басталады: тергеуші, аға тергеуші, аса маңызды істер бойынша тергеуші, бөлім бастығы, ҚазКСР Тергеу басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарады. Ол өмірінің 19 жылын тергеу бөліміне арнапты. Бұл – тергеуші Исабаевтың кәсіби тұрғыда білім көкжиегі кеңейіп, жан-жақты өсіп, тәжірибесі жетілген жылдары десек, қателеспейміз. Дәл сол кезеңде Сләм Мұхамеджанұлы на­ша­қорлыққа байланыс­ты тек Қазақстанда ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Чешен­стан, Ингушетия аумағында көптеген ірі қылмыстық істерді ашқан еді. Одан кейін Талдықорған облысы Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары (1983-85), Алматы облысы Ішкі істер басқармасының бастығы (1985-90), Алматы қаласы Ішкі істер басқармасының бастығы (1990-94) қызметтерін абыроймен атқарды. Алматы облысының Ішкі істер басқармасын басқарып тұрған кезінде, дәлірек айтсақ, 1987 жылы, әлі Кеңес Одағының тарамаған, барлық құрылымдар тікелей Мәскеуге бағынышты болған кезде КСРО Ішкі істер министрлігі инспекторлық тексеру жүргізіп, нәтижесінде, Исабаев басқарып отырған Алматы облысы ІІБ-нің жұмысына оң баға береді. Ал 1988 жылы КСРО өкіметінің қаулысымен Исабаевқа генерал-майор шені беріледі. Ол уақытта генерал шені жылына екі-ақ адамға берілетін және лайықты адамды тікелей Мәскеу бекітетін. Бұл шенді бекіту үшін мұқият тексеріс, айрықша қадағалаулардың болғаны сөзсіз. Сләм Мұхамеджанұлының қандай басшы, қандай адам болғанын осыдан-ақ білуге болады. Ол осындай лауазымды қызметтерді атқара жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Өзге еңбектерін айтпағанның өзінде, 1990 жылы көктемде генерал Исабаев ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Дәл сол шақырылымдағы депутаттарға Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, Қазақстанның тұңғыш Конституциясын қабылдау бақыты бұйырыпты... Исабаев өмірінің әр кезеңі ерекше. Әсіресе, оның Алматы қаласы Ішкі істер басқармасы бастығы қызметін атқарған кезеңі – алып империяның ыдырап, 90-шы жылдардың қиындығы мен қоғамдағы бей-берекетсіздік орын алған кез еді. Ол жылдары қылмыстың саны да артып, түрі де көбейді. Міне, сондай күрделі кезеңде Алматыдай үлкен мегаполистің ішкі істер саласын басқару кез келгеннің қолынан келе бермейтін ауыр да жауапты іс. Сләм Мұхамеджанұлы сол жауапкершілікті абыроймен атқарды. Сләм Исабаев – Қазақстан тарихында «қалалық басқарма бастығы – министрдің орынбасары» деген екі қыз­мет­ті қатар алып жүрген жалғыз адам. Басшы ретінде талантты ұйымдастырушы болғанын, жаңашыл, талапшыл және либерал басшы болғанын ол кісімен бірге қызмет еткендер күні бүгінге дейін ерекше ілтипатпен еске алады. Өмірінің 32 жылын қылмыспен күресуге арнаған Исабаев 1994 жылы 57 жасында – нағыз дер шағында зейнетке шықты. Әрине, іскер басшы, тәжірибелі ұйымдастырушы ретінде оның әлі де берері мол еді. Дегенмен, «жастарға жол беру керек, олардың да үйренуіне, өсуіне жол ашу керек» деп, қызметтен бас тарт­қан генералдың азаматтық ұстанымы құр­меттеуге әбден лайық. Тағы да ұлы Абайдың қанатты сөзі ойға оралады: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек...», демей ме?! Данышпан айтқан осынау үш қасиетті – «ыстық жүрек, салқын ақыл, шыдамды қайраттың» басын тең ұстаған Сләм Мұхамеджановты «толық адам» десек, қателеспейміз. Нағыз адамға тән шынайы бол­мысын, адал да өжет, мейірімді де қай­ырым­ды мінезін ол өмір бойы жоғалтқан жоқ. «Ержүрек генералдың сарбазы қорқақ болмайды» дейді жапон нақылы. Генерал Исабаев еңбек ете жүріп, өзінен кейін қаншама ізбасар шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде осы саланың майталмандарына айналған – Ішкі істер министрі генерал-полковник Қ.Қасымовтан бастап, генерал-лейтенант В.Симачев, генералдар: К.Өскембаев, А.Шпекбаев, М.Нүкенов, Т.Кулибаев, С.Досымов, Б.Бейсенов, С.Күнғожинов, Б.Байжасаров, Е.Тұрғымбаев, Б.Бисенқұлов, Асыл-Кеней, полковниктер: А.Матақбаев, К.Арыстанов, С.Глущенко, А.Шнитковский, В.Ефременков – бәрі де Исабаев мектебінен өткен мықтылар. Олар әр жылдары Ішкі істер министрлігінде басшы, орынбасар, департамент басшылары сияқты жауапты қызметтер атқарды және атқарып келеді. Олар «Исабаевтың шәкірті» деген мақтанышты әрі жауапкершілігі зор «лауазымды» абыроймен жалғастырып, ұстаздан алған білімі мен тәжірибесін кейінгі ұрпаққа аманаттайтыны анық. Серік КҮДЕБАЕВ, полиция генерал-майоры, Алматы қалалық ІІД бастығы