• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2017

Алматыдағы ІТ-қалашық

258 рет
көрсетілді

Ақылдың толысуы мен сананың жетілуі нәтижесінде адам миының жаңа табыстары адамзат өмірін электронды технологияның жаңа жетістіктеріне алып келді. Жаңа жетістіктің шыңы – цифрлы өркениет. Осы үдерістен жаһанның бірде-бір елі тыс қала алмайды. Алға нық қадам жасауды біздің еліміз де бастап кеткен. Оның дәлелін алыстан іздемей, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазіргі өркениетті қадамдарын мысалға келтірсем де жеткілікті болар деймін. Бүгінде әлем халқы Төртінші өнер­­кәсіптік төңкерістің ерекше­ліктеріне жете мән беріп, болашақ­тағы адамзат рөліне жаңаша көз­қарас­пен қарай бастады. Осы жаңа көз­­қарастар мен ғылыми жаңа­лықтар тоғысы нәтижесінде бүгінде «ақылды ел» деген тіркес жиі айты­латын болды. Шындығында, бұл тіркес адамзат ойына бүгін ғана түскен жоқ, ондай ұғымның өмірге енуі әлемнің екінші ұстазы – Әбу Насыр әл-Фарабиден басталады. Ол осыдан мың жылдан астам бұрын «ізгі қала», «қайырымды қала» деген түсінікті ғылыми айналымға қосқан болатын. Содан бері бұл тіркес өз мәнін жоғалтпаған күйі бүгінгі өркениеттің жаңа бастамаларына дейін келіп, енді «ақылды қала», «ақылды халық», «ақылды қоғам», «ақылды әлем» деген ұғымдармен ұштасып отыр. Осыларға сабақтаса енді қазақстандықтардың ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аударған «Цифрлы Қазақстан» деген жаңа тіркес өмірге енді. Оны енгізген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. «Кампус» деген сөзді ағылшын тілінен аударсаң, «лагерь», ал латын тілінен аударсаң, «жазық», «алаң» деген мағыналарды береді. Қазіргі баламасы «оқу орнының аумағы» деген ұғымды иеленген. Біз осы соңғы ұғымды иеленген «кампус» туралы айтпақпыз. Яғни, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығы туралы сөз етеміз. Жай қалашық емес, электронды қалашық жөнінде, әрине. «Электронды қалашық» деген мәліметтерді дамыған ғаламторлық ағын арқылы жеткізудің ақпараттық-қатысымдық орталығы деп те түсінуге болады, сондай-ақ ақпараттық технология ресурстары және ақпараттық технологияның ішкі құрылымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жалпыға ортақ бір нүкте арқылы қызмет көрсету түрлерін пайдалану кешені деп те қабылдауға болады. Университетімізде бұған дейін қолданылып келген бір арнаға тоғысатын компьютерлік желілерді, сондай-ақ, «жасыл технология» бойынша құрылған компьютерлік сыныптарды ақпараттық техно­ло­гияның ең озық үлгілерімен жетіл­діру арқылы электронды кампустың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру қолға алынған. Электронды кампустың көп ат­қарымды моделін қолдану және дамыту, айналып келгенде, студент­тердің заманауи талаптарға сай вир­туалды кеңістікте білім алуы мен тәрбиеленуіне, қызметкерлердің еселі еңбек етуіне, сонымен бір­ге оқыту мен ғылыми зерттеу ісі­мен айналысатын барлық тұты­ну­шыларға сапалы ақпараттық қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыруға орасан ықпал ететіні сөзсіз. Мұның өзі бүгінгі күннің талаптарына толық жауап беретін білікті де құзыретті мамандар даярлап шығарудың өркениетті іргетасы саналады. Элек­тронды кампусын сонау 1963 жылы физика-математика факультеті жанынан Есептеу машиналары зерт­ханасын аша бастағаннан қолға алған университет Есептеу орталығы, одан кейін Компьютерлік орталық деңгейіне көтерілген бұл құрылымды заманауи талаптарға жауап беру мақсатында осыдан бірнеше жыл бұрын Ақпараттық технологиялар және инновациялық даму институты деп ірілендірген. Осы институт шын мәнінде қазір­гі өркениеттік таным мен талғам­ға сай ерен істерді жүзеге асы­рып келеді. Соның бір дәлелі – біз сөз етіп отыр­ған «Е-campus», яғни «Элек­трон­­ды кампус» жоба­сы­ның жүзеге асуы. Бұл – универси­те­ті­міздің Пре­зи­дент нұсқап отыр­ған «Цифр­лы Қа­зақстан» бағдарла­масын орын­дауға толық әзір екендігін дәлелдейді. Осыдан екі жыл бұрын Сингапур мемлекеті «Ақылды халық» деген бағ­дарлама қабылдағанда элек­тронды технологияның ең озық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықтың қауіпсіздігі мен тыныш та ыңғайлы өмір сүруін қамтамасыз етуді қолға алған болатын. «Виртуал Сингапур» жобасын іске қосқанда әр жерге орнатылған бейнекамералар көмегімен қаланың кез келген тұрғыны онлайн карта арқылы қай жерде не бар екенін көріп отыру мүмкіндігіне ие болған. Бұл үрдіс бізде де осыдан бірнеше жыл бұрын басталған еді. Орнатылған бей­не­каме­ралар арқылы дәрісханадағы оқу үде­рісінің барысын немесе дә­ліз­­дер­дегі адамдардың жүріп-тұру әдебі мен мәдениетін, ортаның ты­ныш­­тығы мен тазалығын көріп отырасыз. Сондай-ақ, студент оқу ғима­ра­тына арнайы IT-картасымен тур­никет арқылы өтеді. Оның қай сағатта, қай минутта өткені карта арқылы ғана емес, бейнекамера арқылы да жазылып отырады. Егер ол студентке мұғалім «Универ» жүйесіндегі тізімде «келген жоқ» деген белгі қоймаса, бәрібір, турникетпен тікелей жалғасқан Жағдаяттық басқару орталығы оның келмегенін жадына сақтап қоя­ды. Осы Жағдаяттық басқару орта­лығындағы мәліметтер бойынша 38 сағат сабаққа себепсіз қатыспаған студентке оқудан шығарылатыны жөнінде құлақтандыру келеді. Сондықтан да студент сабақтан қалмауға тырысады, мұғалім келмеген студентке «келді» деген белгі қоймайды. Сөйтіп, бұл технология студенттердің сабаққа үздіксіз қатысуына да, тұрақты әрі тиянақты білім алуына да зор ықпал етеді. Студентке қатысты барлық дерек пен мағлұмат осы Жағдаяттық басқару орталығындағы цифрлы технология бойынша жасалған жүйелерде сақталады. Кез келген ата-ана баласының қалай білім алып, қандай тәрбие-тағылым жинап жатқанын білгісі келсе, осы орталықтан қолма-қол алуына мүмкіндігі бар. Кіреберісте тұрған сенсорлы үстел. Қалашықты цифрлы деп атауға негіз болатын тағы бір жетіс­тігіміз бар. Ол – Орталық Азияда тең­­десі жоқ әл-Фараби ғылыми кітапха­насындағы «Kirtas Kabis III» деп аталатын цифрлы-электронды машина. 2009 жылы алғаш Америкада шығарылған. Ол – «Book­scan Editor» бағдарламасы бойынша 177 тілді анық тани алады, сол тіл­дердегі мәтіндерді пішіндейді, көшіріп алады, түзейді және мину­тына 30-35 бетке, ал сағатына 3000 бетке көбейтеді. Қолыңыздағы жал­ғыз дана кітаптың, өте сирек кезде­сетін қолжазбаның, құжаттың, сурет­тің, фотоның электронды нұсқа­сын әп-сәтте жасайды да JPEG, TIFF, PDF форматтарына көшіріп, өзіңіз­ге керекті пішімде сақтап береді. Бұл электронды көшірме нұсқа­ны CD дискіге де ауыстырады және қажетті сайттарға да бірден жібере алады. Цифрлы машиналардың тағы бір түрі «Қазақ университеті» баспа үйінің баспаханасында жұмыс істеп тұр. Ол – Konika Minolta ком­па­ния­сының «bizhub» маркалы кө­бейт­­кіш аппараттары. Бұл аппарат­тар ең алдымен энергия үнемдегіш­тігі­мен ерекшеленеді. Автомат­ты түрде электр қуатын белгілі бір уақыт­қа азайтады және қажетті мер­зімге тоқ­тата алады. Сөйтіп, адам­ның көме­гінсіз-ақ өз қуатын өзі үнемдейді. Бағ­дарланған уақытта қайтадан авто­матты түрде іске қосылады. Бұл үдеріс ENERGY STAR бағдар­ла­масы бойынша жүзеге асады. Бұл аппараттардың атқаратын қыз­мет­тері жетерлік. Ең бастысы, бұлар экологиялық талаптарға сай жа­салған: шаңдатпайды, иіс шығар­майды, қоқыс болмайды, дыбы­сы білінбейді, тап-таза ортада ғана бе­рілген бағдарламаларға сай жұмыс істейді. Аппарат түп­нұс­қаны көлемі мен пішіміне қарай ми­нутына түрлі-түстісін – 100-150, ал бір түстісін 200-300 данаға дейін шығарады. «Цифрлы қалашық» деп атауға негіз болатын өзге де жетістік­тер­ді айтпай кетуге болмас. Қалашы­ғы­мыздағы «Керемет» студент­тер­ге қызмет көрсету орталығында цифрлы технология пайдаланылады. Айта­лық, студентке бір анықтама керек болса, ол алтын уақытын кетіріп, қаланың өзге жерінен ізде­мей­ді, өзі оқып жүрген қалашық­тағы «Кереметке» келеді. Келеді де куәлігін көрсетеді. Кәдімгі қала­дағы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағыдай, бір ғана терми­налдан оқып жүргендігі жөнінде, мекенжайы туралы, отба­сы­лық жағдайына қатысты, үйінің бар-жоғы хақында және өзге де қа­жетті құжаттарын шығарып алады. Оқу үдерісіне қатысты кейбір мағлұмат қажет бола қалса, студент осы «Кереметтегі» басқа залға келеді де жеке тұрған терминалдағы өзінің оқып жүрген факультеті жазылған түймені басады... Қысқасы, осындай цифрлы аппараттармен және электронды жүйелермен жұмыс істеуге көшкен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің қалашығын «цифр­лы қалашық» деп атауға әбден болады. Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы