• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2017

Иранға уран керек

324 рет
көрсетілді

Алматыда Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-эко­но­микалық байланысты нығайтуға бағытталған басқосу өтті. Жиын барысында Қазақстан өнімдерінің Иран мен Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерге экспорттық көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды. Екіжақты кездесуге қос елдің бизнес өкілдері мен жоғары шенді мемлекеттік қыз­мет­керлері қатысты. Қазақстан өнімдерінің таяу және алыс мемлекеттерге экспортталуы – отан­д­ық өнеркәсіп саласын дамытудың бір­ден-бір маңызды мәселесі. Өткен жыл­дың желтоқсан айында Иран през­и­денті Хасан Роуханидің елімізге рес­ми сапары кезінде екі мемлекет арасындағы сауда-өнеркәсіптік қатынасты дамытуға байланысты бір­қа­тар шаралар жос­пар­ланды. Соның бірі – экспорттық-им­порт­тық се­р­ік­тес­­тікті нығайтуға негіз бо­­латын за­ман талабына сай бай­ланыс алаң­­да­рын ұйым­­дас­тыру. Кеңес барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта отырып, металл өнім­де­рі, азық-түлік тауарлары, ма­шина жасау мен химия өнер­кәсібін жан­дандыруға ба­сымдықтар беру ке­ректігі ай­тылды. Иран мен еліміз ара­сын­дағы алыс-беріс пен барыс-ке­ліс күн сайын нығайып, көп­теген саладағы бір­лескен жо­балардың тың серпін алып ке­­ле жатқандығы сөз болды. Жі­бек жо­лы бойындағы мем­лекеттер на­ры­ғ­ына үздік В2В онлайн-алаңының кө­ме­гі­­мен ин­тернет арқылы екі ел­дің іс­­кер­лік байланысын қа­лып­тас­тыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Иран мен Қазақстанның сауда-эко­номикалық, ғылыми-тех­никалық және мәдени-гу­­манитарлық терең бай­ла­ны­сы толастаған емес. Осы рет­те кө­лік-транзит саласын да­­мытуға да жаңа серпін беріл­мек. «Қазақстан мен Иран ара­сындағы тауар айналымы 2016 жылы 600 млн теңгеге тең болды. Оның 90 пайызы Қазақстаннан Иранға экс­­порт­та­латын өнімдердің үлесі. Бұл сау­­да теңгерімінің біз жақ­та екенін көр­­се­теді. Демек, Иран­ға алатынымыз­дан гөрі сататы­ны­­мыз әлдеқайда көп», – дейді «Kaznex Invest» агенттігі бас­қар­ма ба­с­шысының орынбасары Мейіржан Майкенов. Басқосу барысында мем­ле­кет­тік құ­жаттарды реттеу мен сау­да жасау жолдарын тиімді ету мәселелері кең мазмұнда ай­тылды. Биылғы жыл­дан бас­тап тауар айналымын арттыру көз­делген. Техникалық жоспар бе­кітілсе, еліміз Иранға уран экс­порттауды бастамақ. «Біз алдағы үш жылда Қазақстаннан уран экспорт­тауды бас­таймыз деп жоспарлап отыр­мыз. Ен­ді қажетті құжаттардың ре­сім­де­луін күтеміз. Бәрі ойдағыдай бол­са, жос­­парды жүзеге асырып, үш жылда Иранға 950 тонна уран жеткізуді көз­деп отырмыз», – дейді Иран Ислам Рес­пуб­­­ликасының Қазақстандағы ел­шісі Можтаба Дамирчилу. Жиналған тараптардың бас­ты мақ­саты – диалог орнату. Әзір­ге еш­қан­дай құ­жатқа қол қою жоспары жоқ. Де­ген­мен, ке­лешекте бірлесіп ат­қа­рат­ын ке­лелі істер бүгіннен бастау ал­мақ, дейді тараптар. Арман ОКТЯБРЬ, журналист АЛМАТЫ