• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2017

Сағындық сізді, анашым!

1222 рет
көрсетілді

Немереңіз жазған хат немесе рухыңызбен сырласу «Апа, жағдайыңыз қалай? Біздің жағдайымыз жақсы. Сіздікі ше? Сабағымды жақсы оқып жүр­мін. Сізді қатты са­ғын­­дым. Апа, сіз бол­­ма­саңыз ауыл­­да түк те қызық жоқ». Анашым! Бұл Шымкент қа­ласындағы Ө.Жолдасбеков атын­дағы №9 лицейде са­ба­ғын үздік оқып жүрген 7 жасар қызымның, сіздің сүй­ікті неме­реңіз Іңкәрдің жаз­ған ха­тын қаз-қалпында қай­та­лап отырмын. Неғылған хат еке­­нін айтайын. Қайсыбір кү­­ні жұмыстан кешқұрым үй­­ге келсем, ерке қызым: «Кө­ке! Ауылға қашан барамыз? Апамның басына апарып қоя­тын хат жазып қойдым», демесі бар ма? Немереңіздің мы­­надай тосын сауалына бір­ден жауап айта алмай, ептеп есең­гіреп тұрғанымда мән-жай­ды өзі баяндай жөнелді. «Мек­т­епте Жанат апай «кімді қат­ты сағынсаңдар соған арнап хат жазыңдар» деп тап­сыр­­ма берді. Ал мен апамды қат­ты сағынғаннан, соған хат жаз­дым. Екеуміз қызық ойнай­тын едік қой. Тамақ ішкен кез­де де пойыз ойнап отыратын­быз...». Анашым! «Пүштанай» деп еркелететін тәмпіш мұ­рын қы­зым­ның әншейінде Ал­ма­­тыдағы Әлия, Ғалия әп­ке­­­л­ерін, Рахымжан ағасын, ауыл­дағы қарашаңырақта қал­­ған бауырым Мәліктің ба­­ла-шағасы Назерке мен Мағ­­­жанды аузынан тастамай айтып жүре­тінімен іштей сіз­ді – Күлпар­шын апасын қат­ты аңсайды екен-ау. «Апа, сіз болмасаңыз ауыл­да түк те қызық жоқ» деген сөздің салмағы жү­ре­гімді қан­­­шалықты тілгілеп тас­­та­ға­­нын түсінесіз бе? Анашым! Менің ерке қы­зым сізді өзінен 2-3 жас кіші бағынышты адамнан бетер басынып, айтқанын орындатып, армансыз ойнайтын. Шаршап, ауырып тұрғаныңызға, ауыратын аяғыңызбен, алпамсадай ауыр, етжеңді денеңізбен ор­ны­ңыздан қайта-қайта тұру, оты­ру қиын соғатынына қара­мас­тан ойын үстінде қанша мәр­те қайталатса да, дегеніне кө­не­тінсіз. Іңкәрдің осы шарт­та­­рына аяғына дейін шыдауға, оны­сын бұлжытпай орындауға мой­ынсұнған сізден өзге оған әлі ешкім кездеспей жүр. Кездеспейді де. Кім білсін, ерке қызым осыны аң­сай­тын шығар, осыны түсі­не­­тін шығар. Мар­құм әжем Күлжәмила еке­у­іңіздің араңыздағы ене мен келіннің сыйластығын ауыл­дағылар аузының суы құ­рып айтады. Келін болып ене­мен, ене болып келінмен еш­бір кикілжіңге бармай өмір сүрудің өнеге тұтар тұсы көп-ақ. Анашым! Ұл-қыздарыңыз бірі­нен кейін бірі жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітір­се, бірінен кейін бірі ғылым кан­дидаттығын қорғап жатса, мұның бәрі сіз қамыр илеп отырып, сыпыраның ба­с­ында оқытқан сабақтың, тағы­­лымды тәлім-тәрбиенің нә­тижесінде қаланған берік ір­гетас қой. Студент болып жүр­ге­німізде емтиханға бара­тын, сынақ тапсыратын кү­ні Сіз міндетті түрде жеті шел­пегіңізді пісіріп, көрші-қо­лаң­ға тарататынсыз. Құран оқы­тып, перзенттеріңізге рахы­мын, шапағатын төксін деп, Алла тағалаға сыйынудан жа­лық­пайтынсыз. Сүйенетін көке-жәкеміз жоқ болғанымен, сыйы­натын Алла тағаланың қол­дауының, сіздің адал ниет, шын тілеуіңіздің арқасы шығар, талай сынақтан сү­рін­бей өттік, әйтеуір. Та­ры­дай жетістігімізге жүрегі жары­ла жаздап қуанып, таудай та­быс көретін ақ пейі­ліңізді ай­т­са­ңызшы. Әпкем Әлияның ка­федра меңгерушісі, інім Рахымжанның ғылым кандидаты деп жазылған кеудеге тағатын бейджігін қиылып сұрап алып, ауылдағы үйдің төріне іліп қойғаныңыз сол кезде ерсі көрінсе, қазір көңілге керемет ыстық сезілетін аналық махаббатыңыздың бағасын кештеу біліп жат­қа­нымыз ба, қалай өзі?! Анашым! 10 баланы өмірге әкел­ген нағыз Батыр анасыз. Бауыржан дейтін бауырымыз 1,5 айлығында шетінепті. Қал­ған тоғызымыз, 6 ұл, 3 қыз аман-есенбіз, құдайға шүкір­ші­лік. Барлығымыз жоғары білім алдық. Сабақты жақсы оқып, адам болсын, басқа жақ­қа алаңдамасын деп сіз бізді жұм­самай, қара жұмыстың бә­­рін бір өзіңіз бел шешіп қа­лай істегеніңізге қазір қатты таң­данамын. Таңданбағанда ше? Малдың қыстық азығына қ­жетті жем-шөпті түгелдей жал­ғыз өзіңіз әзірлейтінсіз. Ке­­зінде атшаптырым аумақты қам­титын үйіргелік жердің шө­бін бір өзіңіз ордыңыз. Бір өзіңіз орылған шөпті ар­қанмен арқалап, қораға та­с­итынсыз. Сол бір өзіңіз ат­қарған тірлікті бүгінде Мә­лік ағам ауылдағы сыныптас­тар­ын, мен қаладан достарым­ды көмекке шақырып, атқа сүй­ретпе жегіп жүріп әупі­рім­мен әрең атқарамыз. Таң қылаң бере қолыңызға ор­а­ғы­ңызды ұстап, шөп оруға кірі­се­тін­іңізді көнекөздер таң­дай қағып айтады. Одан бөлек үйдің әйелге тиесілі қат-қабат шаруасын да істеп үлгеріп, кол­хоздың қара жұмысына шы­­ғатыныңыз тағы бар. Сонда сіз­дікі неғылған күш-қайрат, не­ғылған ерік-жігер, неғылған мық­тылық еді. Өзіңіз жиі айта­тындай, расында да, анаңыз сіз­ді «тастай етіп туған екен». Анашым! Әкеміз Қамыт­бектің колхозда үлкенді-кіші­лі басшылық қызметтер ат­қар­ған­дықтан ат үстінен түс­пей жұ­мыс істеп, үй шаруасына бертінде ғана араласа бастады. Бірде-бір рет бетіне қарсы келгеніңізді көрген емес­­піз. Кері­сін­ше, әрдайым әкемізді жақ­тап сөйлеп, беделін арт­ты­ру­­­ға ұмтылатынсыз. Отба­сын­да отағасына қан­дай сый-құр­метпен қарау қа­жеттігін жақ­сы­л­ап саналары­на сіңірсін деп ұдайы бі­рін­ші кезекте әкемізге көңіл бө­луг­е баулыдыңыз. Осы­дан да шы­ғар, әкемізді ау­ру­ханаға, ши­па­­жайға апа­р­ған­да қасында кү­тім жасау үшін қо­сақталып жү­ріп, қосымша ем-дом ала­тыныңыз болмаса Сіздің ден­сау­лығыңызды тек­сертуге арнайы назар аудар­майтынымыз неткен ен­жар­лық еді, десеңізші. Ақыры, міне, не болды?.. Сыңарынан айы­рылған аққу сынды күй ке­шіп, қайғыдан қан жұт­қан әкеміздің құлазыған, жа­быр­қа­ған, жасыған көңілін кө­те­рудің, көкейіндегісін дөп ба­судың ешбір ебін таппай, ба­бын білмей, әбден әлек-ш­әлегіміз шығып, уақыт жыл­жы­ған сайын сіздің қадіріңіз се­зіле түсуде. Анашым! Сіз мені «Айым­тай» дейтінсіз. Қайтыс бола­ры­­­ңыздан бұрын Айым­та­йы­ңыздың үйіне әдеттегідей әкем алдында, сіз артында ауылдың дәм-тұзымен ар­қа­­ланып келдіңіз. Бірер күн үй­де болып, ауылға қай­тар­да Раушан келініңіз бен Заң­ғар немереңізбен қош­та­сып тұрып біраз қадам атта­ған соң қайта айналып ке­ліп, тағы бетінен сүйіпсіз. «Ой, осы апамның әдеті-ай деп қана қабылдадым, қайта-қай­та қоштасқанын ешқандай жа­­ман­дыққа жорымаған едім» дей­­ді келініңіз. Расында да, сіз­­дің бір әдетіңіз, қайта-қайта бе­­ті­мізді сүйе беретінсіз. Үй­­ге кірсек те, шықсақ та. «Қы­зық­сыз, қазір ғана үйден шы­ғып нан әкелуге дүкенге барып келдім ғой. Есікті ашып, тағы бет сүйіп жатырсыз» деп аздап қарсылық та көрсететінбіз. Сіз жауап қатпай күле салатынсыз. Енді, міне, күлкіңізді, бе­­тімізден қайта-қайта сүй­ге­ні­ңізді сағынып, бір жылдан бе­рі зарығып біттік. Анашым! Сіз іштей ырым ғып, зейнетақыңызды жинап жүріп тапқан қаржыңызға таң­даған сырғасын әперіп, Алматыдағы Рахымжан ба­ла­­ңыздың көңілі қала­ған бо­лашақ келіннің құла­ғы­на тағып қайту үшін, құда­лық­­тың, тойдың күнін бел­гі­­леу үшін 22 наурызда – Ұлыс­­тың ұлы күнінде әке­міз екеуіңіз сол жақта бо­лу­­ды ұй­ғарған едіңіздер. Ал 17 нау­рызда сіздің 68 жас­қа толған туған күніңізге бә­рі­міз жи­налып, әкеміздің 70 жыл­ды­ғы мен екеуіңіздің отау құр­ғандарыңызға 50 жыл толған «Ал­тын тойды» қалай атап өтуді ақыл­дасуды жоспарлаған бол­а­тынбыз. Амал қанша, сіз ауылға қайтқан күннің ер­те­ңіне, Айымтайыңыздың ту­ған күні – 12 наурызда қан қысымыңыздың қатты кө­теріліп кетуі салдарынан бір­дес­тен ес-түссіз құладыңыз. «Же­дел жәрдем» көлігі аудан­дық аурухананың жан сақтау бө­ліміне апарғанымен, комага түскен күйі бір ауыз қайта тіл­ге келместен, тым болмаса кө­зіңізді бір ашпас­тан, небәрі бір жарым тәулік жатып түс көргендей хал кештіріп, ой­да-жоқта сізді бақилыққа атта­нып кете барады деп кім ой­­лаған? Сізді ауруды же­ңіп, аяғыңыздан тұрып кетет­і­ні­ңізге үміт артпасақ та, тілге ке­ліп, дауысыңызды естуді, тым болмаса көзіңізді бір аш­қан­ды қалай күттік, қалай аң­са­дық, қалай армандадық, де­се­ңізші. Өкінішке қарай, ар­ман шіркін алдамшы болып шықты. Таңға қарай фәни дү­ниедегі талқаныңыз таусылды. Кім білсін, шаршамаудың, қа­бағын кірбің шалса да қабақ шытпаудың, ауырмаудың, ер­кек­т­ің де, әйелдің де жұмысын қа­тар атқарған ер мінезділіктің өтеуі осылай өтелген шығар. Пейіште нұрыңыз шалқы­сын, анашым! Рухыңызбен сырласып, іштегі шерді тарқатқан ұлыңыз – Айымтайыңыз – Ғалымжан Елшібай 2010 жыл P.S. Автордан: 17 наурыз аяулы анамыз Күлпаршынның туған күні. Әттең, тіршіліктегі талқаны таусылмағанда 75 жасын арқа-жарқа атап өтетін едік. Алла осылай жазса, тағдыры осылай болса, амал не... Анашым! Туған күніңізге байланысты туындаған толғанысымнан, толқынысымнан аруағыңыз бір аунап түсіп жатса, Аллаға ризашылығымыз шексіз. 7 жыл бұрын рухыңызбен сырласып жазылған хатты өзгертпей, өңдемей, қаз-қалпында қайта ұсынуды ұйғардым.