• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2016

Ел қауіпсіздігін нығайту – жауапты міндет

250 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда күн тәртібіне сәйкес жеті мәселе қаралды. Соның ішінде «Қарсы барлау қызметі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы туралы баяндама жасаған Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаевтың айтуына қарағанда ол Елбасы Н.Назарбаевтың үстіміздегі жылғы маусымда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында бер­ген тапсырмасының негізінде әзірленген екен. Жаңа қа­терлерден елдің тыныштығын сақтау мақсаты – қауіпсіздік шара­ларын үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Бүгінгі күні алыс және жақын шет ел­дердегі жағымсыз фактілер­ден туатын қауіптер арта түсуде. Одан әрі М.Қалқабаев қар­сы барлау қызметі сыртқы түрі танылмаған, белгісіз, жасырын ұйымдарға қарсы әрекет ететіндіктен олардың жұмысы әрі ауыр, әрі қиын екенін атап өтті. Осындай жағдайда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ұсынылып отырған заң жобасын әзірледік, деді ол. Сонымен қатар, шешен заң жобасында қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар қызметкерлерінің жауапкершілігі, ведомстволық бақылау мен прокурорлық қада­ғалаудың тәртібі айқын­далғанын жеткізді. Баяндама аяқталған соң баяндамашыға бірнеше депутат сұрақтар қойды. Со­ның ішінде депутат Бейбіт Мам­раев заң жобасындағы қарсы барлау қызметі ғылыми-техникалық немесе өзге де арнайы білімі бар лауазымды тұлғалар мен мамандардың көмегін пайдалануға құқылы деген бабына сүйеніп, аталған адамдар құпия көмекшілерге жата ма деп сұрады. Оған «жоқ» деген жалғыз сөзбен жауап берілді. Ирина Аронова «қарсы барлау қызметкерлері жеке адамдардың ар-намы­сына тиетін қылықтар жасаса, қылмыстық жолмен қуда­ланады» деген бапқа сіл­теме жасап, прокуратура органдары осындай кезде бар­лаушылардың қызметін тоқ­татып, жауапкершілікке тар­та ала ма деп сұрады. Оған про­куратура органдарының мұн­дай жағдайда барлау қызметін тоқтатып, күдіктіге қарсы қылмыстық іс қозғауға құқы бар екені айтылды. Заң жобасы туралы қо­сымша баяндаманы Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мү­шесі Жанат Жарасов жасады. Қорытындысында заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сонымен бірге, осы заңға ілеспе заң жобасы да қаралып, талқыланып, мақұлданды. Жалпы отырыста Мәжіліс «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ра­лы 2015 жылдың 2 қара­ша­сында қабылданған Заң­ның жекелеген нормаларын қолданысқа енгізуді тоқ­тата тұру туралы» 2016 жыл­дың 30 маусымындағы Заң­ға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралып, мақұл­данды. Бұл заң жоба­сының мақсаты – 2015 жыл­ғы 2 қарашадағы Заңның қол­данысқа енгізілуін және Жер кодексінің жекелеген нормаларының, атап айтқанда, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің үлесі 50 пайыз­дан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруа­шылығы мақ­сатын­дағы жердің пай­далану құқығын беруге, сон­дай-ақ, жеке және заңды тұлға­ларға мемлекет менші­гіндегі ауыл­шаруашылығы жер­лерінің жекеменшік құқы­ғын беру нормаларының қолда­нысын 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту болып табылады. Күн тәртібіне сәйкес Мәжілістің жалпы отырысы осы күні Қазақстан мен Иран Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін белгіледі. Сондай-ақ, 2017-2019 жылдарға арналған бюджет заңнамаларындағы Сенат енгізген түзетулермен келісіп, қаулы қабылдады. Ең соңғы болып кейбір заңнамалық актілерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы екінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»