• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2016

Айыппұлдан жәбірленушіге пайда түсе ме?

110 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезіде сөйлеген сөзінде, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асырудың барысында заң үстемдігінің ерекше орнын айтып өтті. Осыған орай қылмыстық  істер бойынша құқық қолдану тәжірибиесін назарға алып, қылмыстық-құқықтық заңнаманы жетілдіру қажеттігі тұрғысында бірқатар ойларыммен бөліскенді жөн көрдім. Қазақ хандығындағы билер төрелігі бітімгершілік пен келісімнің негізін құрағаны белгілі. Қандай дау болмасын билер байламымен әлеуметтік әділеттің щеңберінде шешілген. Ұлы дала заңы қазіргідей азаматтық, қылмыстық дауларға бөлінбеген. Барлығы бірдей дау деп қаралып, қазылар билігі зардап шеккен адамның мүддесінен шығып, кінәлі жаққа құн немесе айып төлетіп отырған. Жаза ретінде тағайындалған құн мал басымен реттелген. Атам қазақ амандық-саулық біліскенде алдымен «Мал жаның аман ба?» - деп негізсіз сұрамаса керек. Себебі көшпелі халықтың бүкіл өмір сүру болмысы төрт түлік малмен тығыз байланысты. Малдың күйі болмаса, жанның да жай-күйі кірмейтіні әуел бастан белгілі. Бұл жағдай, қазіргі кезде де ауылдық жерлерде, әсіресе облыс орталығынан шалғайда жатқан елді-мекендер үшін маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Мал баққан қазақ қазіргі таңда нешеме түрлі кәсіп түрлерін де игеріп алды. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаетың тікелей тапсырмасымен шағын және орта кәсіпкерлікке мейілінше жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын да атап өткен орынды. Нарықтық экономиканың заңына сәйкес мемлекетіміздің негізгі саясатының бірі халыққа өздерінің кәсібімен, шаруашылығымен айналысуға қолайлы жағдай жасау. Өңірлерде өткен кездесулер кезінде жергілікті тұрғындар малдарын жайылымда баға алмай, біршама қиындықтар көріп жүргендігі өткір көтерілген болатын. Сонымен қатар мал ұрлығы мәселесіне ерекше назар аудартқан-ды. Бүгінде мал ұрлығы қоғамдық проблемаға айналып отырғанын несіне жасырайық. Әсіресе, тұрақты жұмысы жоқ ауыл тұрғындары үшін олардың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізуде. Қазіргі қолданыстағы қылмыстық кодекс осы 25 жылда бірнеше рет өзгерістер мен толықтыруларды бастан кешті. Ең басты айта кететіні, қылмыстық құқықтық принциптер сол баяғы кеңестік дәуірдегі саясаттың аясында қалып отыр. Әрине, кеңестік үкімет  кезінде мемлекеттік меншік қалып, жеке меншік тек формальді түрде қаралды. Онда да мардымсыз болды. Сондықтан барлық құқықтық заңнама саясатының басты бағыты тек социалистік меншікті қорғауды қарастырды. Бүгінгі таңда   қылмыстық құқықтық саясатты, оның ішінде меншікке қарсы қылмыстар бойынша жазалау жүйесін түбегейлі өзгерту күн талабы деп ойлаймын. Жаза  - мәжбүрлеу шарасының бірі ретінде екі маңызды мақсатты көздеуі тиіс. Біріншісі - ол әділеттілікті қалпына келтіру, яғни жәбірленушіге келген залалды өндіру. Екіншісі - соталушының жеке басына, жасаған қылмысының ауырлығына қатысты қабылданатын шешім. Ал қазіргі жағдайда Қылмыстық, Қылмыстық процессуалдық кодекске сәйкес меншікке жасалған қылмыстан келген залалды өндіру ол жәбірленушінің өзіне ғана тиесілі проблема. Сот тәжірибесінде жәбірленушілер келген залалды талап арыз арқылы өндіруде. Ал сот шешімінің аталған азаматтық істер бойынша орындалу барысы статистика бойынша өте аз. Оның басты себептерінің бірі сот үкімі жәбірленушіге келген шығынды өндіруді қарастырмайды. Себебі Қылмыстық кодекстің талабы бойынша жәбірленушінің шығынын өтеу жаза түріне кірмейді. Жәбірленушіге келген залалды өндіру тек қана соттың жаза тағайындауы кезінде жазаны жеңілдететін мән-жайлардың бірі ретінде қарастырылған. Ал керісінше кінәлі адам жәбірленушіге келген шығынды өтемесе ол ауырлататын мән-жайларға кірмейді. Қазіргі таңда, сот тағайындайтын жаза, соның ішінде айыппұлдан жәбірленушіге келіп кететін пайда шамалы. Өйткені жаза түрлерінен қарастырылатын қаржы мемлекет қазынасына түседі. Осы жоғарыда аталып өткен мәселелердің барлығы сайып келгенде кінәлі, яғни сотталған адамның бірінші жәбірленушіге емес, сот жазасын орындауға мүдделі болатынын айғақтайды. Керісінше ол жәбірленушінің залалын өндіруге мүдделі емес және өндірмей одан құтылып кетуге мүмкіншілігі болады. Азаматтардың құқығын Қазақстан Республикасы Конституция негізінде мемлекет қорғауына алады десек, онда азаматтардың меншігіне қарсы қылмыстан жаза ретінде түсетін қаржы мемлекетке емес, жәбірленушінің залалын өндіруге бағытталуы тиіс. Ал бұл жағдай жалпы инвестицияның (ішкі және сыртқы) ел экономикасына ат салысуына да кері әсерін тигізуде. Осы аталған мәселелер алдағы уақытта заңнамалық деңгейде енгізілетін өзгерістер түрінде қолдау тауып жатса, ол, біріншіден, халықтың билікке деген сенімін арттырады. Екіншіден, еліміздегі инвестициалық климатты жақсартады. Құқықтық органдар мен сот саласында жемқорлықтың азаюына да оң ықпалын тигізетіні анық. Маңсұрхан Махамбетов, Парламент Мәжілісінің депутаты