• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2016

Өркен жайған өңір

313 рет
көрсетілді

Еліміздегі ең ірі мегаполис Алматының іргесіндегі Қарасай ауданы халқының тығыз орналасқанымен де, әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуымен де ерекшеленеді. Өсіп-өркендеген өңірде тұратын жүздеген этнос өкілдері ынтымақтастықты ту етіп тірлік етуде. Бұл мемлекеттік саясатқа сай ел ішінде татулық пен түсіністікті сақтаудың нақты көрінісі. Осы орайда Қарасай ауданының әкімі Махаббат БИГЕЛДИЕВПЕН әңгімелескен едік. – Махаббат Сәдуақасұлы, сіз басқарып отырған ауданда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы қалай? – Аграрлық саладағы «Сы­баға» мемлекеттік бағдарла­масына сәйкес жүйелі түрде жұмыс жүргізу ауданымызда жақсы қалыптасқан. Бұл әлбетте, Тәуелсіздіктің же­місі десек те болады. Себебі, хал­қы­мыз қашанда төрт түлік малды өсірумен айналысқан. Сондықтан, ет-сүт өнімдерін өңдеуде ауданымыздағы іргелі өндіріс орындары халықаралық стандартқа сай өнім шығаруда. Әуелгі ойымды қайта сабақтасам, «Аграрлық несие корпорация­сы» акционерлік қоғамынан несиелік комитеттің келісімімен Үшқоңыр ауылдық округіндегі «Бауке» шаруа қожалығы 52 бас сиыр және үш асыл тұқымды бұқа сатып алды. Сөйтіп, Зеңгібаба тұ­қымын асылдандыруды арттыру мақсатында жеке шаруашылықтар өзара бәсекеге түскен де жайы бар. Бұл қуанарлық жайт. Се­бебі, бәсеке бар жерде сапа артады. Әр шаруашылық сапалы өнімімен ерекшеленуге ұм­тылатыны өз алдына, ең бас­тысы мемлекеттік бағдарлама талапқа сай заңнама шеңберінде белгіленген уақытында жүзеге асы­рылуда. Жаңа Шамалған ауыл­дық округіндегі «Нұрлан» шаруа қожалығы 140 сиыр, 6 асыл тұқым­ды бұқа сатып алуға несие алды. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген сөзді ұстанып, «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламасы бойын­ша Әйтей ауылдық округіндегі «Молдасан» шаруа қожалығы 420 ұсақ мал сатып алу үшін несие алу мүмкіндігіне ие болды. «Айдар» шаруа қожалығының 600 қой сатып алуға құжаттары несиелік комитетте қаралуда. Ата-бабаларымыз жан серігіне санап, мінсе көлігі, ішсе қымызы мен саумалы сусыны болған жылқыны көбейтуді ойластырған жандар «Құлан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қара­жат алуға талпыныс танытуда. Нақтылай түссем, Іргелі ауыл­дық округіндегі «Дәулет» шаруа қожалығы 100 жылқы сатып алу үшін несиелік комитетке құжат­тарын рәсімдеп өткізді. Қылқұйрықты көбейтумен қатар асылдандыру мақсатын ұстанған азаматтардың еңбегі жанса, дала төсі дүбірлей түсетініне сенім бар. Мемлекеттік саясатқа сай «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы бойынша жыл аяғына дейін Өзбекстан Республикасына 44 тонна сиыр еті экспортталады деп жоспарлануда. – Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы туралы нақты дерекке дәйектеме келтіре айтып бере аласыз ба? – Негізгі капиталға инвес­тицияның тартылуы ағымдағы жылдың тоғыз айында 91 млрд 273 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 17 млрд 576 млн теңгеге артық екен­дігін статистикалық мәлімет растайды. Бүгінде жұмыс істеймін, көзін тауып инвестиция тартамын деген адамға төрткүл дүние­нің есігі айқара ашылып тұр. Тек еліңе де, жеріңе де тиімді жолды таба біл. Бұл ретте біз қарасайлықтар дұрыс таңдау жасап, үміткерлерді іріктей алдық. Нәтижесін уақыт атты төреші көрсетіп отыр. Аудан аумағында еңбек етуге ниет етіп, қаражатын әкеліп өндіріс орнын ашқан инвесторлар мен бизнесмендерге қоятын талабымыз заң талабын бұлжытпай орындап, мемлекеттік органдарға тиісті төлемдерді келісім­шартта көрсетілген уа­қы­тынан кешіктірмей төлеп, жұмысқа жергілікті халықты тарту болды. Солай орындалды да. Біле білсек, бұл Елбасының салиқалы саясатының арқасында жүзеге асқан игі қадам болып саналады. Сан сала бойынша өндіріс орындарының өркендеуі соның бір жемісі десек, артық айтқандық емес. Шыны керек, екі жүз мыңнан астам халық тұрып әрі көп этнос өкілдерімен ерекшеленетіндіктен, Алатау­дың аясындағы айрықша аудан болып дараланамыз. Ал өнеркәсіпті өркендетіп отырған 18 ірі өндірістік кәсіпорын халықты тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, сапа менеджменті және халықаралық стандарт жүйесі бойынша ауданда 16 мекеменің үзіліссіз жұмыс істеп тұрғаны өз алдына. Бұл кәсіпорындарда тұрақты жұмыс орны құрылып, елдің әлеуметтік жағдайы жыл өткен сайын жақсаруда. Өнеркәсіп орындарында өндірілетін өнім­нің тоғыз айдағы кірісі 138 млрд 893 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10 млрд 762 млн теңгеге көбейді. Біле білсек, бұл халықтың еңбегі, ырыздығы. Осынау мүмкіндікті аудан халқы тиімді пайдалануға ұмтылып, шағын және орта кәсіп­керлікпен құлшына айналы­сатыны қуантады. Қазіргі таңда 12 525 белсенді субъектіде 55 652 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 110 мың теңге болды. Жалпы, ауданда жеке кәсіпкерліктің дамуы туралы бір ғана мысал келтірсем, ағымдағы жылдың тоғыз айында «Нұр» базары, «7 Қазына» сауда үйі, «Жар-Жар» салтанат сарайы сияқты он дүкен, тоғыз тұрмыстық қызмет көрсету, екі қоғамдық тамақтандыру нысаны ашылды. Үшқоңыр ауылында «Агрофирма Керуен» шырын зауыты іске қосы­лып, Алматы тері өңдеу зауытында кеңейту жұмыстары жүргізіліп, 325 жаңа жұмыс орны ашылды. Бөлшек саудадағы тауар айналымы 58 млрд 589 млн теңгеге жетіп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 11 млрд 940 млн теңгеге артты. – Ауыл шаруашылығы саласы ауданда қалай дамуда? – Агроөнеркәсіп кешенінде үш мемлекеттік шаруашылық, 27 өндірістік кооператив, 101 жауап­кершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Осынау іргелі ұжымдарда 20 500 адам еңбек етеді. Жалпы ауылшаруашылық өнімдері 36 млрд 024,1 млн теңгені құрады. Соның ішінде ет 10 427 тонна, сүт 60 259 тонна, жұмыртқа 205 млн дана болып отыр. Ауданда 38 525 ірі қара, 39 158 қой-ешкі, 2 784 шошқа, 4 468 жылқы, 1,8 млн құс бар. Диқан қауым биыл 11 199 тонна арпа, 9 260 тонна бидай, 87 181 тонна картоп, 231 тонна сұлы, 56 483 тонна көкөніс, 2 980 тонна жүгері жинады. Ауданда 11,05 га жерде жылыжайлар жұмыс істеп тұр. Бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер 18,8 млрд теңге болды. – Үш ауысымды мектептерді жою мәселесі шешімін таба ма? – Ауданымызда 41 орта, 4 бастауыш, жалпы білім беретін 45 мектеп бар. Үш ауысымды мектептерді жою мақсатында биыл Ұлттық қордан алты мың орынды жеті мектеп құрылысына және бір жапсарлас құрылысқа 7 млрд 725 млн теңге, облыстық бюджеттен 300 орынды бір жапсарлас құрылысқа 622 млн теңге бөлінді. Осы қаражатпен құры­лыс жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұйыртса, келесі жылы үш ауысымды мектеп мәсе­лесі толығымен шешіледі. – Талапшылдығыңызбен танылып, бедел биігіне көтері­луіңіз де осы өңірден бастау ал­ған шығар? – Әлбетте. Әкем журналист болғандықтан, ұлттық тәрбиені бойыма сіңіріп өсірді. Еңбек жолымды қатардағы жұмысшы болып бастадым.Содан маман­дығыма сәйкес сәулет саласында жалғасқан еңбек жолым басшы­лық, әкімшілік қызметке ауысты. Қай қызметте жүрсем де әділ болуға ұмтылдым. Ең бастысы, ауданымыздың дамуы­на бар күш-жігерімді салып еңбек етуді міндет санаймын. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы