• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2016

Әскери білім жүйелілікті қажет етеді

371 рет
көрсетілді

2011 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Әскери доктринасы бекітілді. Оның жекелеген ережелерінде Қарулы күштер, басқа әскерлер мен жауынгерлік құрылымдар дамуының шарттары мен негізгі бағыттары нақтыланған. Сонымен қатар, қарулы күштердің кешенді дамуы үшін, жоғары деңгейдегі қарулы қорғанысқа қабілеттілігі және әскерлер параметрлерінің сапасын көтеруге мүмкіндік беретін бірқатар шараларды жүзеге асыру қарастырылған еді. Әскери доктринада белгіленген шаралардың бірі – әскери білім беру мен кадрларды даярлау жүйесін жаңарту, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып әскери ғылымды дамыту. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде бастауыш әскери білімнен бастап, жоғарғы арнайы кәсіби білімге дейінгі білім беру ұйымдарының жүйесі жұмыс істейді. Қорғаныс министрлігі дәйекті және жоспарлы түрде әскери білім беру мен кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Дегенмен, әскери білім сапасын көтеруге қатысты бірқатар мәселелер бар. Олар уақтылы шешуді қажет етеді деп есептейміз. Біріншіден, әскери білім беру жүйесі ескірген оқыту әдістеріне негізделген, оқу бағдарламалары мен материалдық-техникалық жабдықтау заманауи талаптарға сай келмейді. Екіншіден, білім беру деңгейін арттыру мансаптық көтерілуге ынталандырмайды, әскери білім беру жүйесіндегі оқу орындары оқшауланған және жұмыстарында бір жүйелілік жоқ. Осы проблемалармен қатар әскери ғылым дамуының мәселелері шешілмеген. Кәсіби заманауи әскер дамыған ғылым мен ғылыми зерттемелерсіз мүмкін еместігі мәлім. Аталған мәселелерді шешу үшін жалпы алғанда әскери институттардың курсанттарын даярлау деңгейін, әскери оқу орындарының беделі мен бәсекеге қабілеттілігін көтеру қажет деп санаймыз. Қазіргі заманғы жағдайда әскердің барлық түрлері мен тектерінің жұмысын үйлестіру қажет. Бұл, сәйкесінше, жоғары және арнайы орташа білікті кадрларды даярлаудың жоғары деңгейін талап етеді. Осыған орай Қорғаныс министрлігі әскери ғылымды дамыту, әскери бағдарламаларды Қазақстан Республикасындағы ғылым дамуының басым бағыттарының тізіміне енгізу, мақсатты ғылыми бағдарламалар мен оларды қаржыландыру есептері бойынша қандай шаралар өткізіп жат­қанын сұрап біз Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовқа депутаттық сауал жолдадық. Сонымен қатар, онда бакалавриат – магистратура – докторан­тураны қоса алғандағы жоғарғы әскери білім берудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру, әскери оқытудың барлық бағдарламаларын біріздендіру үшін не істеліп жатқаны да сұралды. Әскери мектептерді, колледждер, институттар, азаматтық оқу орындарындағы әскери кафедраларды, орта білім беретін оқу орындары мен техникалық және кәсіпқой оқу орындарында бастауыш әскери даярлық бойынша пәндерді одан әрі дамыту мен реформалау бойынша қандай шаралар қарастырылып жатқанын да білгіміз келді. Сауалда бізді тол­ған­дырған тағы бір мәселе, яғни Қор­ғаныс министрлігінің құрылымында әскердің барлық түрлері мен тектері басшыларының қатысуымен ғылым және әскери білім беру жүйесін басқару, дамыту мен қадағалаудың бірыңғай орталығын құру қарастырылған ба деген сұрақ та қойылды. Икрам АДЫРБЕКОВ, сенатор