• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2016

Атыраудың аршынды адымы

186 рет
көрсетілді

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызының келесі сапары Атырау қаласында жалғасты. Осы кезге дейін еліміздің 7 өңірінде болып, халықпен кездескен арнайы пойыз құрамындағы 300-ге жуық білікті маманның әрқайсысы өздеріне жүктелген жауапкершілікті жете сезінетіні анық аңғарылды. Олардың басым бөлігін санатты дәрігерлер құрапты. Гиппократ антына адалдығынан танбайтын, кәсіби абыройына дақ түсірмеуді көздейтін дәрігерлер 7 мыңдай адамды қабылдап, медициналық көмек пен кеңестерін беріп үлгерген. Сырқатына шипа іздеп, кәсіби білікті дәрігерлерге қаралған науқастарға Астана мен Алматыдағы медициналық орталықтарға жолдамалар да берілген. Олардың кеңесіне жүгінушілер Атырау өңірінен де көбірек кездесті. Мәселен, бір күн бұрын Мақат ауданына аялдағанда пойыз құрамындағы дәрігерлер кеңесіне 260-тан астам адам жүгінді. Ал Атырау қаласында дә­рігерлер темір жол госпиталі мен №3 қалалық емханада қабыл­дау жүргізді. Арнайы пойыздың штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісовтің пікірінше, әр өңірдегі кездесулерде халықтың бір айға жуықтаған сапар барысында 35000 адаммен кездесулер өткізіліпті. Сон­дай-ақ, топ құрамындағы маман­дар қабылдауына 4000-нан аса азамат келіпті. «Кезде­сулерде де, қабылдауларда да адамдар жеке басындағы қиын­дық­тарды ғана емес, сонымен бірге, заңдылықтарды жетіл­діру мәселелеріне де көңіл аудар­ды. Тұрғындарды көбінесе «Сая­жай­лар туралы» Заңның жетіл­дірілгені толғандырады. Жер телім­деріне қатысты түйінді жайт­тар бар. Дегенмен, біз аралаған өңірлердің бәрінде де халық­тың көңіл-күйі көтеріңкі, елдің келешегіне сенім артаты­нын байқадық», дейді штаб жетек­шісі. Бұл өңірде де атажұртты аңсап жеткен оралмандар бар. Қазір олардың дені Атырау қаласының іргесіндегі Кеңөзек ауылдық округіне қарасты елді мекенге қоныстанған. Қазақстанды тарихи Отаны ретінде танып, аңсарлы көңілмен оралғандарды бір шаңырақтың астына ұйытып отырған «Оралман-Жайық» үкіметтік емес ұйымға жетекшілік ететін Құдабай Қаржауовтың өзі де оралман. Атырауға оралмандар жыл сайын келіп жатыр. Мәселен, 2013 жылы – 181, 2014 жылы – 46, былтыр 28 отбасы Атырауға оралман ретінде келіпті. Ал биылғы жылдың 9 айында мұнайлы өңірге құрамында 241 мүшесі бар 147 отбасы табан тірепті. Оралмандардың дені, яғни, 119 отбасы Атырау қаласын тұрақты мекеніне айналдыруды көздеген. Бұлардан бөлек 25 отбасы Жылыой, 2 отбасы Мақат және бір отбасы Құрманғазы ауданында тұруды қалапты. Бұған қоса, соңғы екі жылдан бері Қытай елінде туып-өскен, бозбала болып ержеткен 87 қазақ баласы Атырау мұнай және газ университетінде жоғары білім алуда. Жақында Қытай елінен келген 37 студент оралман мәртебесін иеленді. – Өзге елдегі қандас­тары­мыздың елге оралуына «Нұрлы көш» бағдарламасының көп көме­гі тиіп отыр. Біріншіден, аталған бағдарлама елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына, екіншіден, еңбек көші-қонының реттелуіне үлкен мүмкіндік ашты, – дейді «Оралман-Жайық» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Құдабай Қаржауов. – Мемлекет құрайтын этникалық ұлттарды шекаралық аймақтарға орналастыру мәселесіне маңыз берілгені жөн. Солтүстік аймақты қазақыландыру, этникалық қазақтардың сол аймақтарға қо­ныстанғанын қалаймын. Бұл мақ­сатты іске асыру үшін «Серпін» бағдарламасын мейлінше тиімді пайдалану қажеттігі туындайды. Өңірде кәсіпкерлікті жан­дан­дыруға құлшыныс танытқандар қатарында жас буынның өкілдері көп. Солардың қатарындағы Вероника Ли әлі де жоғары білім алып жүр. Бірақ, кейін кәсіпкерлікті бастауды көздеп отыр. «Мен кәсібімді шағын бизнестен бастағым келеді. Қазақтың ою-өрнегін және тоқыма өнерін алға қарай дамытуды ойластырып жүрмін. Осы бағытта кәсібімді дамытсам деген мақсатым бар. Кәсіпкерлікті бастауыма қажетті ақыл-кеңестер алғаныма қуаныштымын», дейді бүгінгі – студент, ертеңгі – кәсіпкер. Кәсіпкерлік демекші, бұл өңірде шағын және орта кәсіпкерлік саласының қарқынды даму үрдісі байқалады. Қазір осы саладан кәсіп тапқандар қатары 47 554 адамды құрайды. Кәсіпкерлер өндіретін өнімдер де молая түсті. Биылғы бірінші тоқсанда ғана 20,9 пайызға артып, 181,5 млрд теңгеге жеткен. Қазір нақ осы салада 121,4 мың адам жұмыс тауып отыр. Мұндай жетістікті өңір экономикасының әр саласынан табуға болады. Мәселен, индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы шеңберінде жал­пы сомасы 2,5 трлн теңгеге баға­ланған 49 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде. Бұл жобалар іске қосылғанда өңірде 5,1 мың жұмыс орны құрылады. Бұған қоса 2016–2019 жылдары жалпы құны 2,4 трлн теңгені құрайтын және 2 343 жұмыс орнын ашумен 12 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде, құны 962,3 млн теңгені құрайтын 145 жұмыс орнын ашу мен 5 жоба биылғы жылдың үлесіне тиеді. Бұлардың қатарында «Алмалы Құс» ЖШС-на қарайтын құс фабрикасының, «Centech» ЖШС-на тиесілі кабельдік науа және электр қалқан шығаратын зауыттың, «Казахстан Инте­грей­тед Сервисез» ЖШС ашқан ты­ғыздалғыш төсемдер өндірісінің, «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС іске қосқан оптикалық кабельдер зауытының қуаттылығын кеңейту және «KAZELEKTRYM. Өндірістік кешен» ЖШС арқылы электроникалық жабдықтар өндірісін ұйымдастыру жоспарланыпты. Қазір бұл өңірдің экономикасы жан-жақты өркендеді деуге болады. Барлық саласы жанданды. Әсіресе, ауыл шаруашылығында үлкен серпіліс бар. Климаты қаталдау делінетін көзқарастың сеңі бұзылды. Ауыл шарушылығы саласына бет бұрған кәсіпкерлер көкөніс пен бақша дақылдарының түр-түрін өсіреді. Биыл олардың маңдай терімен 7,6 мың гектарды құраған егістік алқаптан 73 мың тонна жеміс-жидек пен 25 мың тонна картоп жиналды. Сөйтіп, олар өңірді азық-түлікпен толық қамтуға белсене үлес қосуда. Иә, тәуелсіздікпен бірге тү­леген Атыраудың адымы аршынды деуге болады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ