• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2016

Атажұртқа аңсарымызды арттырды (Елбасы кітабы туралы пікірлер)

213 рет
көрсетілді

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (Алланың оған игілігі мен салауаты болсын) «Біреуді жақсы көрсең, оныңды білдіріп қой» деген хадисі бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» кітабын оқып шыққаннан кейін осы хадис ойыма оралды. Нұрсұлтан Әбішұлы «қалың елі – қазағын» шын сүйген жан екенін пайымдадым. Бұл перзентінің ел-жұртына ақтарған шынайы сыр-сезімі, білдіріп жатқан лебізі екен.        – Мен үшін елімді дамыған мемлекет­тердің сапына тұрғызып, санатына қосу­дан үлкен мақсат жоқ, – дейді Елбасы. Шүкіршілік, Қазақстан бүгінде әлем­дегі әлеуетті елу мемлекеттің ішін­де. Енді озық отыз елдің қатарына кіруге нық сеніммен қадам басып келеді. Біз, Қырғызстанда мекендеп қал­ған қазақтар, мейлі, тым жырақта болма­сақ та, атажұртымыздан бізді шекара бөліп тұр. Түпті еліміздің түтіні түзу ұшып жатқанына тәубе етеміз. Түпкі отаны­мыздағы қажырлы халқы­мыз­дың игі­ліктері, еңселі Елбасы­мыз­дың жүр­гізіп отырған байсалды саясаты бі­здің атажұртымызға құштар­лы­­ғы­­мыз­ды арттырады. Осыдан бес жыл бұрын Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайына Қырғызстан делегациясының құрамында Астанаға барғанымда өзім куә болғандай, Елбасы форумды ашып, сөзін аяқтаған соң, мінберден түсіп залдағы елмен қол алысып сәлемдесті. Сонда Елбасымен амандасуға іңкәр болған шет елдерден келген бауырластарымыздың қуанышы әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Біздің көңілімізді өзгеше бұрғаны кітаптың «Қиырдан келсе қандастар» деп аталған төртінші бөлігі болды. Мұнда шет елдерде тұрып жатқан қазақтар, олардың елге оралуы, көші-қон мәселелері қозғалыпты. Елбасының «Шет елдердегі бауырларымыздың өнерін, әдеби мұрасын, халықтық қолөнерін, ата кәсібін дамытуда арнайы жұмыстар жүргізіп келеміз. Бұл – адами капиталды Отанға оралтудың оң қадамдарының бірі. Бұл қадам жаңылмайды, шекара жабылмайды. Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені, әлемдегі бар қазақ – бір қазақ», – деген сөздері біздің көкейімізге қонды, мерейімізді көтерді. Иә, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі Төралқа төрағасы болған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйытқы болуымен шет елдерде, оның ішінде Қырғызстанда тұрып жатқан қазақтардың ана тілін, ұлттық салт-дәстүрі мен мәде­ниет­ін сақтап қалуда ауқымды істер атқарылып жатыр. Елбасы кітабында атамекеніне сағыныш пен сүйіспеншілікке толы пер­зент­тік пәк пейілдерін сарқымай сақ­таған­дары үшін шет елдердегі бауырлас­тарына алғысын айтыпты. Қырғыз­стан қазақтары да Елбасына аталық қам­қор­лығы үшін ризашылығын білдіреді.  Ерғали АБДИКАИМОВ, Қырғызстан елі ассамблеясының құрамындағы Қырғызстан қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Бішкек

Өнер туралы өрелі сөз

Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» туындысы түпсіз мұхиттай терең ойымен таң қалдырады. Оқуға жеңіл, тілі көркем. Қазақтың анадайдан айна бұлақтайын жарқырап жат­қан маржан сөзіне тәнті боласың. Елін құлай сүйген кемеңгердің өз басынан мысал келтіре отырып жазған жақсы лепесіне көңіл тоя­ды. Ақ қағазға жүгінген – ар-иманның алдына жүгінгенмен бірдей деп жатады ғой. Қалам құр аттай құрдан-құр жүйтки жөнел­мейді. Абай: «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады», – деп ескертеді. Баталы ерден аталы сөз туады. Аталы сөзге арсыз ғана талас қылады. Елбасы үшін кеудеңді шынайы мақтаныш сезімі кернейді. Ұлы жүрек лүпілі кітаптың әр жолынан сезіліп, кеудеңдегі жиілеген дүрсілге ұласып жатады. Әр сөзі ғақлия, ғибратқа толы ақыл-кеңес. «Оқуды қойған адам ойлауды қояды». Бұл – Елбасының ескертуі. Азаттықтың алғашқы жыл­дары ел үшін бұрын-соңды көрмеген соны сүрлеу сияқты еді. Сондықтан ілкіде бұлыңғыр көрінген. Бірақ соған қарап тұтас рухани өмір еш бұдырсыз өтті деу шындыққа жанаспайды. Халқымыздың тарыдай шашылған тарихын таспиыхтың тасындай мөлдіретіп тізіп жинау сол кезде қолға алынған болатын. Айдар тағылған атаулы жылдар бірінен кейін бірі үзіліссіз жалғасып жатты. Ақыр-аяғы былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығы­­мен шашақталып көмкерілді. Енді, міне, ел Тәуелсіздігінің ширек ғасыр­лық мерекесінің қарсаңында тұрмыз. «Егер біз мемлекет болып тұр­ғы­мыз келсе, өзіміздің мем­лекеттігімізді ұзақ уақытқа мең­зеп құрғымыз келсе, онда халық­тың руханиятының бастау­ларын түсінгеніміз жөн». Түгел бағдарламаға жүк болар­лық тиянақты тұжырым. «Өнерлінің еңсесі биік, бәсі бағалы», – деген жолдарды оқығанда күн көзіндей төбеңнен елжірей төнген ата-ана елестеп кетеді. Құлақ түбінен: «Өнер есіктегі басыңды бала күніңнен төрге шығарады, ал есейгенде есіл басыңды босағаға сүйреу – өзіңнен», – деп сыбырлап тұрғандай. Өрлік те – ерліктің бір түрі. Өнерде жүрген жас өрен, өр бол, бірақ кең бол. Өзімшілдік те, күндестік те қауіпті. Өнер адамының құдды ар-ождан Кодексі десе болғандай. Сыпыра жомартсып той жасап, тайлы-тұяғымыз қалмай сыпырылып барғанда домбыра есіктің көзінен сығалап қалса, кімнен көреміз. Әулекі әуенге өзіміз ақ тер, көк тер болып жер тепкілеп билеп жүріп, қазақ әндерінің жауһарлары көзі жәудіреп боса­ға­да тұрса, айыпты кімге тағасың. Мұндайда: ұлттық мәдениетімізге қамқор болу, оның болмыс-бітімін сақтау – халықтығымызға сын,- деп сұңғыла сөз қозғаған Елбасының биік парасаты мен терең пайымына тәнті болмай көріңіз. Ұрпағың ұран қылса, қане. Өрелі сөз шапағын шашты. Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел», – демейтін бе еді. Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы

Барды бағалағанның бағы артық

Еліміздің бүгінгідей мамыражай заманға жетуі туралы ой жүгіртер бол­сақ, қазақтың өршіл ақыны Жұбан Мол­дағалиевтің «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген, қанатты сөзге айналған өлең жолдары жүрегіңді тербейді. Төрт түлікпен жанын асыраған халқымыздың ұлан-ғайыр жеріне көзінің сұғын қадағандар талай рет тоздырып, құртып жіберердей күйге түсірді. Патшалық Ресей бауырына тартқандай көрінгенмен есік көзіндегі құлындай көрді, көзіне ілген жоқ. Кедейді теңестірем деген Кеңес үкіметі кезінде аштық пен репрессиядан қынадай қырылдық. Жаулық болмағанда 40-45 млн халық болуымыз керек еді. Әйтеуір, Алла жарылқап қолымыз тәуелсіздікке жетті де жолымыз оңғарылды. Бірақ, Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы Дала ұлағаттары» еңбегін оқып отырып, тарих тереңіне тағы да сүңгідік. Кеше кім едік, бүгін кімбіз? Елбасы­ның кітабынан үзінді келтірейік. «1992 жылдың күзіндегі АҚШ-қа алғашқы сапарым кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында әлемдік мінберде бірінші рет баяндама жасағанда, күллі дүние жүзі бізге «мынау қандай ел, бұлар кімдер, қандай мақсаты бар, болашағы қандай?» деген сауалдар кернеуінде отырды. Тосырқап та, жатыр­қап та отырғандар болды. Бірақ біз жас­пыз деп жасқанып, жолымыздан жаңылып қалған жоқпыз. Ол тұста біз әлемдік өркениет көшіне қосылған жаңа мемлекет болғаны­мызбен, арғы түбіміз тарих тереңінде жатқан, ұлттық құндылықтары бар ұлағатты ел екенімізді айтуға мүмкіндік таптық. Әлемдегі ең үлкен аумақтардың бірін алып жатқан жұрт екенімізді білдіре отырып, жері байдың – елі бай екенін де жатқа жеткізе түсіндірдік. Шаңырағы­мыз­ды шайқалтпастан, байлығымызды еселей алатын ел екенімізді аз сөзбен ұғындырдық. Оған да міне, ширек ғасырға жуық уақыт өтті». Сол уақыт көшінен бері тарихымызды таразылағанда кейбір мемлекеттердің ғасырлап өтетін жолын аз ғана уақытта басып өткен екенбіз. Кеше ғана қазақ деген ұлт түгілі Қазақ­стан деген мемлекетті естіп, көрме­ген елдердің бүгін­де қай-қайсы да ардақ тұтатын елге айнал­дық. Елбасы­мыз жаңа шығармасында тәуел­сіз­­діктің тал бесі­гінде тербелген халқы­мыз­­­дың өсу жолдарын әлемдегі саяси жаңа­лық­­тар үрдісімен байланыстыра отырып әңгімелейді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Қазақ­стан­ды өркениетті елдер көшіне қосумен қатар әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақ­тау­да да орасан еңбек сіңіріп, дүние жүзі сая­сат­кер­лерінің санасатын тұлғасына айналды. Қазақстанның өсу сатылары жайлы толға­ныс­­тан халқымыз алатын тағылым үлкен. Сон­дық­тан, барымызды бағалай білейік дегім келеді. Байдулла ҚОНЫСБЕК, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі  Оңтүстік Қазақстан облысы