• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

Жастарға жайбасарлық жараспайды (Махметғали Сарыбековпен сұхбат)

581 рет
көрсетілді

Ел ертеңінің тірегі бүгінгі жастарымыз тәуелсіздік жылдары өмірге келіп, білім мен тәрбие алды, азамат болып шыңдалды. Шынайы тәуелсіздік қазақстандық жастарға не берді? Тәуелсіздік құндылықтарын жастарымыз қалай пайдалануда? Осы бағытта М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбековті әңгімеге тартқан едік. – Махметғали Нұрғалиұлы, сіз 2009-2012 жылдары Білім және ғылым министрінің орынбасары бола жүріп, респуб­лика­мыздағы мемлекеттік жастар саясатына жауапты болдыңыз. Осыған байланысты жастар саясатына қандай баға бере аласыз? – Әлемдік тәжірибені алсақ, бүгін жастар саясатын ұйым­дастыру негізгі 3 модель бойынша дамып келеді: либералдық, континенталдық, азиялық. Ли­бералдық модельде жастар сая­саты жеке сала ретінде қарал­майды. Жастар саясаты негізінен азаматтық қоғам арқылы іске асады. Бұл саясат жекеменшік компаниялар және жеке адамдармен қаржы­ландырылады. Континенталдық модель бо­йынша жастар саясаты жеке сала ретінде қарастырылады. Оны арнайы мемлекеттік орган ұйымдастырады. Қаржыландыру мемлекет тарапынан жүргізіледі. Саяси партиялар жастар саясатына араласпайды. Азиялық модельде жастармен жүргізілетін жұмыс мемлекеттік саясаттың жетекші бағыты ретін­де алынады. Бұл жұмыспен жеке мемлекеттік орган айналыса­ды. Қазақстандық модель кон­ти­ненталдық және азиялық жүйе­лердің негізгі элементтерін пай­даланған. Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін 1999 жылы Жастар саясатының тұжырымдамасы қабыл­данып, ол 2012 жылға дейін пайдаланымда болды. Бұл құжат өз міндеттерін орындады және заман талаптарының өзге­руіне байланысты қазіргі күн уақыт сұранысына жауап бере алмай қалды. Негізінен 1999 жылғы тұжырымдама оқушы және студент жастарға арнал­ған болатын. Ал олар жалпы жас­тардың тек қана жартысын (50%) құрайды. Сонымен қатар, екінші жартысы (қалған 50%) бұрынғы тұжырымдамада еске­рілген жоқ: бұл – жұмысшы жастар, ауыл жастары, өзін-өзі ұйымдастырған жастар, марги­налдық жастар және басқалар. Сол себептен 2012 жылы «2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саяса­тының тұжырымдамасы «Қазақ­стан 2020: келешекке жол» деп аталатын жаңа тұжырымдама қабылданды. Тұжырымдаманың негізгі өзгешелігі ол жастардың барлық категорияларын қамтиды. Осы тұжырымдаманың негі­зінде Елбасының тапсырмасымен 2015 жылы «Мемлекеттік жас­тар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы қабылданды. – 2012 жылы қабыл­данған Жастар саясаты тұжырым­да­ма­­­сының негізгі қағидалары қандай? – Біріншіден, соңғы жылдары жастарға арналған мынандай жобалар дамып келеді: «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Дип­лом­мен – ауылға!», «Жастар кадр­лық резерві», «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Жастар – Отанға». Бүгін жастардың барлық категорияларын қамтып, оларды біріктіретін жаңа жобалар қажет. Екіншіден, кейінгі жылдары мынандай әлеуметтік жаңару бағдарламалары іске асуда: «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді тұрғын үй-2020», «Аймақтардың даму бағдарламалары». Тұжы­рым­дама жаңа мемлекеттік жас­тар саясатын осы әлеуметтік бағ­дар­ламалармен дұрыс ұштас­тыруы қажет. Үшіншіден, бүгін жастардың әр категория­сына (қалалық және ауылдық жас­тарға, жастардың этникалық топ­тарына, формальды емес көш­бас­шыларына) нақты адрестік тәсілдер пайдалану қажет. – Жастар саясатында қандай мәселелерді қазіргі кезеңде өте өзекті деп санайсыз? – Бұндай мәселелер аз емес. Мысалы, Елбасы кезінде жас­тарға арналған «әлеуметтік лиф­тілерді» құруды тапсырды. Оның мысалы ретінде қабілетті жас­тарды мемлекеттік қызметке тартуды және жастардың волон­терлық орталықтарын құруды көрсетті. Ендігі кезде әр аймақта «әлеуметтік лифтілерді» қалай құрамыз және оның нақты меха­низмі қандай болады деген мәсе­лені шешу қажет. Бұл мәселе бүгінге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Екіншіден, қазақстандық қо­ғам­дағы жастар саясатына д­еген көзқарасты өзгерту ке­рек. Жастар саясатын бір күн­­дік акцияларға, шулы пиар-компанияларға айнал­дыруға болмайды. Қазіргі кезде күн­делікті, жүйелі және кешенді негізде нақты жұмыстарды іске асыру қажет. Сонда ғана біз жас­тар саясатында кездейсоқ, фраг­ментарлық іс-шараларға жол бермейміз. Сонымен қатар, сан жағынан неғұрлым көп және жас­тардың барлық категориялары қамтылатын болады. – Сіздің барлық уақытыңыз жастардың арасында өтуде. Университет ректорының жас­тармен жұмыс атқарудағы не­гізгі мақсаты неде? – Мен жастармен кездескенде бір мәселені жиі айтамын. Қазақ халқының «адам өмірі қамшының сабындай қысқа» деген теңеуі бар. Ал, студенттік өмір бар болғаны 4-ақ жыл, өте қысқа сәт. Осы жылдарды біздің жастарымыз өздері үшін тиімді пайдалануға тиіс. «Бүгін болмаса, ертең болады» деген жастардың арасында «жайбасарлық» көзқарас болмау керек. Барлық нәрсені (оқу, ғылыммен айналысу, спортпен шұғылдану, университеттің қоғамдық жұмы­сына белсене қатысу, т.б.) бірдей жақсы жасауға болмайды. Бірақ бір нәр­сені басқалардан жақсы жасаймын деген жастарда ұмтылыс болуы керек. Қазақ жастарының арасында дарынды және талантты, қабілетті және қарымды жастар көп. Сол әлеуетті сыртқа шығару үшін, халыққа паш ету үшін жастарға қажетті жағдайлар жасау қажет. Бұл – университет ректорының негізгі міндеттерінің бірі. Тараз мемлекеттік университетінде жылдан-жылға студенттік кон­тингенттің сапасы жақсаруда. Оған дәлел, «Болашақ» бағдар­ламасы бойынша АҚШ, Ұлы­британия, Францияның универ­ситеттерінде оқитын жастардың саны көбейді, әр жылы облыс әкімінің шығармашыл жастарға арналған грантын жеңіп алушылар, жас ғалымдардың мемлекеттік стипендияларын ие­лену­шілер қатары артуда. Сонымен бірге, жыл сайын университеттің 10-15 студенті сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде АҚШ, Батыс Еуропа, Орталық Азияның жетекші университеттерінде бір академиялық кезең мерзімінде (4 ай) дәріс тыңдайды. Бұндай мүмкіндікке біздің жастарымыз тікелей Елбасы саясатының арқасында жетіп отыр. Бірде-бір елде жастар шетелге мемлекеттік бюджет арқылы жіберілмейді. Осындай жағдай тек қана Қазақ­станда жасалған. Бүгінгі жастар оны дұрыс пайдалануы қажет. – Жалпы айтқанда, сіздің ойыңызша Тәуелсіздік құнды­лықтарының жастарға тигізген игі ықпалы қандай? – Тәуелсіздіктің арқасында жаста­рымыз көптеген құнды­лықтарға ие болды. Мысалы, біз басқа саяси жүйеде тәрбиелендік. Көп мәселелер Орталыққа (Мәс­­кеуге) қарап шешілетін. Ке­ңес Одағы кезіндегі қазақ жас­та­рының бойында басқа ұлт­тарға жалтақтау психологиясы, «не болса да, халықпен бірге көреміз» деген менталитет қалып­тасты. Құдайға шүкір, Елба­сымыздың жастарға деген шынайы қамқорлық саясатының негізінде бүгінгі жастарымыз ондай көзқарастан арылды. Бүгінгі жас­тарымыз алғыр, келешекке үлкен үмітпен қарайды. Елбасына сенеді, Елбасының саясатын қолдайды. Осы құндылықтардың барлығын жастарымызға тәуел­сіздік беріп отыр. – Аға буын өкілі ретінде жас­тарға қандай тілек айтар едіңіз? – Егемен еліміздің арайлы ақ таңының барқытты пер­десін тек белсенді, білімді де білікті жас­тар ғана аша алады. Сондықтан да болашағы зор ай­бынды Қа­зақстанның сенім артар азаматтары асқақ рухты алғыр да айбынды жастар десек қателеспейміз. Еліміздің жастарына қай уақытта да үлкен сеніммен қараған Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында: «Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерек­ше ұрпақ екендеріңізді қай­та­лаудан жалықпаймын. Сіз­дер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және та­быс­қа деген ұмтылушылықты бой­ларыңызға сіңірдіңіздер», деп атап көр­сетті. Расында, ұлттың кемел келе­шегіне, бүгінгі жас ұрпаққа артылар ең үлкен міндет – білім мен біліктілік және шынайы пат­риоттық. Қазақстанның дамуына айтарлықтай үлес қосатын, тәу­ел­­­сіздігіміздің тамырын терең­де­тіп, қазақ елінің атын күллі әлем­ге паш ететін де осы – жастар! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» ТАРАЗ