• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

Соғыссыз әлем – адамзат өркениетінің міндеті

1305 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздануға қатысты ұсыныстары әлем жұртшылығының назарын аударып келеді. Оның бір себебі, жетекші мемлекеттер арасындағы қара­ма-қайшылықтар олардың ара­сындағы жаңа ұзақ мерзімді қарсы тұрушылыққа ұласып кетпей ме деген алаңдаушылық­тың негізсіз еместігі. Меніңше, адамзаттық ауқымдағы маңыз­ды мәселелер талқыланған­да, олар­дың түйінін тарқатуға бел шеше қатысудың орнына, шет қалу ешқандай ақылға сыймасы анық. Ресми биліктер арасын­дағы осындай «салқын сызаттар» халықаралық ынтымақтастыққа селкеу түсірері сөзсіз. Сол себепті Президентіміздің «соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті. Бұл міндет әлемдік көшбасшылар тарапынан, жаһандық күн тәртібі­нен өзге проблемалардың аясы­нда абсолютті басымдық ретінде қарастырылуы тиіс», деуінде үлкен мән-мағына жатқанын аңғару қиын емес. Өзара текетірестерге соқтыратын оқшаулану ешқандай жақсылыққа апармайды. Жер бетіндегі тыныштықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы жаппай қырып-жоятын жойқын қарулардан бас тарту екенін мәлімдей отырып, Н.Назарбаев «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қабылдау қажеттігіне ерекше екпін түсірді. Бұл ретте үш қағидатты алға тарта отырып, ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың барлық келесі буындары аксиома ретінде түсінулерін атап көрсетті. Бұл жерде де бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауапкершілік, өзара құрмет, ішкі іске араласпау қағидаттары жекелеген тұлғаларға жүктелген. Мәліметтерге сүйенсек, соңғы 20 жыл бедерінде терроризмге қатысты 400-ден астам оқ­иға тіркелген. Әлемде 15700-17000 ядролық оқтұмсық болса, олардың көбі санаулы елдер иелігінде. Бұл ретте жаһандық антиядролық қозғалыс құру өте маңызды. Қазақстан осыдан ширек ғасыр бұрын әлемде бірінші болып Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Мұндай шешім қабылдауға Елбасымыздың ерік-жігері жетті. Қазақстанның осы бастамашылдығы өзгелерге үлгі болса игі. Сондықтан, мен өзге саясаттанушылардың «қазіргі тәуелсіз мемлекеттердің шекаралары бұзылмайды», деп БҰҰ қарарында жазылуы керек» деген ойларын құптаймын. Бұл мәселе 1944 жылы Вестфаль келісімінде көтеріліп, тиянақталғанымен, өзгенің жеріне көз алартқан сепа­ра­тистік пиғылдағы топтарға қол­дау тыйылмай отыр. Оған Таяу Шығыс елдерінде болып жатқан шиеленістер дәлел. Қазақстанның жаһандық бастамалары Ислам ынтымақтастығы ұйымы ХІІІ саммиті аясында да кең қолдау тауып, қорытынды коммюнике жобасына енгізілді. Саммитке қатысушылар Қазақстан және Түркия басшыларының Ислам әлеміндегі татуластық үдерісі жөніндегі бірлескен декларациясын құптап, қақтығыстар мен даулы жайларды сабырмен, ақылмен шешуге шақырды. Бірқатар жетек­ші мұсылман елдері арасын­дағы шиеленістердің күшейіп келе жатқанына алаңдаушы­лық біл­дірілді. Бір сөзбен айтқан­да, «Әділеттілік пен бейбітші­лік, бірлік пен ынтымақтастық үшін» тақырыбында өткен алқалы басқосуда Президентіміз ядролық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жаһандық саммитте көтерілген бастамаларын тағы бір дәйектеп, жанталаса қарулану еш абырой әпермесін мәлімдеді. Алтай ҚОЖАХМЕТОВ, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор   Петропавл