• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

Антиядролық қозғалыс һәм азаматтық қоғам

803 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың басында Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит қазақстандықтардың бейбітшілік бастамасына бай сындарлы саясатын жаһан жұртына тағы паш етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде адамзат қоғамы ықтимал сын-қатерлер алдында тұрғанын, бұл қауіптен атомды бейбіт мақсатта пайдалану арқылы жол табуға болатынын нақты дәйектемелермен сөз етті. Біз осы орайда еліміздегі ажал араны болған атомға қарсы күрес пен азаматтық қоғамның қатар дүниеге келгенін айтуға тиіспіз. Жалпы, антиядролық қозғалыс – Қазақстандағы азаматтық секторды құрудағы алғашқы қадам. «Невада-Семей» қозғалысы қара­пайым еңбекшілер мен мем­лекет­тің бірінші тұлғаларын бірік­тіре отырып, еліміздің та­рихы­н­дағы тұңғыш үкіметтік емес ұйым ретінде тіркелді. Нәти­же: қазір мемлекетімізде атом қуаты бейбіт мақсатта пайдала­нылуы тиіс дегенді берік ұстан­ған жаңа буын қалыптасты. Яғни, ұлттық қасірет пен сенім келе­шекте миллиондаған қа­зақ­­стан­дықтардың жүрегін біріктірді. Семей полигонынан туған қайғы-кесапат сол кездегі кеңе­стік Қазақстанның өзінде аза­маттық сектордың құрылуына және тұңғыш азаматтық баста­ма­лардың пайда болуына сер­пін берді. «Невада-Семей» анти­ядролық қозғалысы ұра­нымен жарылыстардан зардап шеккен тұрғындар ядролық қарудың генетикалық мутацияға алып келетінін айтып, халықтың көзін ашуға және полигонды жауып, зардап шеккен халыққа көмек көрсету туралы заң қа­был­дауға жетуді алдарына айқын мақсат етіп қойған еді. Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен оған 1991 жылы 29 тамызда қол жеткіздік. Дәл осы күн ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып жарияланды. Осылайша, қазақ халқы азаматтық сілкініс жасап мақсатына жетті және жаһандық шешім қабылдау арқылы еркін қоғамға алғашқы қадамын жасады. Айта кетелік, полигоннан зардап шеккен аумақ алаңы 304 мың шаршы шақырымға тең. Оның сынақ жылдарында қалдырған генетикалық және экологиялық зардабын қалай бағалауға болады? Полигон жарылыстары кезінде жерүсті жарылыстары мен газды фракциялары арқылы әуеге 55 радиоактивті бұлт және 169 жерасты сынақтары жүр­гізілді. Осы 224 жарылыс Қазақ­станның шығыс бөлігіндегі аумағын түгелімен радиациялық улы қалдықтармен ластады. Әлемдегі ядролық эйфорияны әшкерелеген ең қауіпті кезеңдердің бірі Чернобыль атом электр стансасындағы апат болды. Мен апатты жоюға қаты­сушы ретінде сол кезде санамда үлкен бетбұрыс болғанын сездім. Бұл жағдай басқа адамдар сияқты мені де өзгертті. Чернобыль қасіреті де азаматтық қоғамды дамытуға түрткі болды. Осы кезеңде өз өміріміз бен келешек ұрпақтың өмірі алдындағы азаматтық жауапкершілік сезі­мін түсіндік. Сондықтан, сол уақыт­та азаматтық парыз аясында эко­ло­гиялық қозғалыстар мен қоғамдық ұйымдар ашыла бастады. Шығыс Қазақстанда да азаматтық белсенділіктің ұшқын­дары пайда болды. Бүкіл ел бойынша азаматтық белсенділер эколо­гия­лық қауіпсіздікке, халық денсаулығына және қоршаған орта қауіпсіздігіне, азаматтар құқын қорғауға алаңдаушылық білдірді. Қазақстанның бастан өткер­ген тарихы антиядролық стра­тегияның көшбасшысы болу құқын сыйлады. Бүгінде Мем­лекет басшысы мен еліміздің саясаты экологиялық қауіп­сіз­­дікке, бейбіт атомға және әс­­кери мақсаттағы ядролық жо­баларды пайдаланудан бас тартуға бағытталған. Елбасымыз ұсынған антиядролық бастамалар көптеген елдерді қам­ты­ды. Ал Қазақстан әлемдік қо­ғам­дастыққа өзін сенімді әріптес ретінде танытты. Қазір лаңкестік шабуылдардан құты қашқан әлемдік қоғамдастық Қазақстанның, Елбасының бұл мәсе­ледегі жоспарларының сұң­ғы­лалығын айқын сезініп, құр­метпен қарайтын болды. Мем­лекет басшысының манифесінде ядролық жойқын қарулардың жекелеген топтардың қолына түсуі қаупі тағы да сараланды. Сондықтан, атомды бейбіт мақсатта пайдаланудың өзектілігі өсе түсті. ХХІ ғасырдың күрделі мәселелерінің бірі ядролық терроризм, сондай-ақ, ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымы болуы мүмкін. «Соғысты жою – адамзаттың күрделі өркениеттік міндеті. Бірақ оның баламасы жоқ», – деп мәлімдеген болатын қанқұйлы ядролық салдарларсыз әлемге тағы да табандылықпен ұмтылған Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанға деген жоғары деңгейдегі сенім МАГАТЭ жобасын жүзеге асыруда да байқалды. Ашық байқаудың қорытындысы бойынша, Қазақстан өз аумағында банкті орналастыруға үміткер бірден-бір ел атанды. 2012 жылы мамыр айында МАГАТЭ делегациясы Астана мен Өскемен қалаларына келді. Делегация мүшелері Уран банкін орналастыруға арнап ұсынылған алаңдармен таныс­қаннан кейін Үлбі металлур­гиялық зауытын таңдады. МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкі тұжырымдамасы ерекше жағ­дайларда ғана пайдалануға бола­тын қосымша қор құруға негіз­делген. Яғни, МАГАТЭ мүшесі – белгілі бір мемлекет сая­си себеп-салдарлармен дәстүрлі тасы­мал­даушыдан отын алуға қол жеткізе алмаған жағдайда аталған қор іске қосылады. Кез келген жаңа бастамалар сияқты, бұл идея да бірқатар сыбыс пен жорамалға арқау болды. Аталған мәселені бел­сенді түрде талқылауға үкімет­тік емес ұйымдар да атсалыс­ты. Осы бағытта жүргізілген жеке зерттеулер нәтижесінде, азаматтық сектордың бұл жобаны қоғамның қабылдауын сауатты негізде қалыптастыруға үлес қосқанын айтқым келеді. Олег ЧЕРНЫШОВ, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Азаматтық альянстың төрағасы ӨСКЕМЕН