• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

Елімнің келешегін елестеттім

250 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің туын тіккенімізге де ширек ғасырдың шамасы болыпты. Қазағымның ықылым заманнан арман еткен азаттығын алған кезден бастап бүгінгі күнге дейінгі жеткен деңгейіміз бен дәрежемізді саралар болсақ, ең алдымен Есілдің бойынан еңселі Астана салғанымызды ауызға алуға болады. Әлбетте, бүгінгі күн тұрғысынан алып қа­ра­ғанда, бұл өзі заманның ыңғайы һәм уа­қыттың талабы бойынша дүниеге келе салған ке­ре­меттің бірі сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал шын мәнісінде, мұның астарына үңілер болсақ, та­рихта аса сирек кездесетін ақыл-ой, арман-мақ­саттардың тау қопарып, қамал алғаннан да зор күш-қуатынан туындаған теңдессіз жоба еке­нін түйсінесіз. Міне, осындай ұлы істердің бас­тауында ұйытқы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай нар тұлғаның тұруы тарихтың біз­ге тартқан ғаламат сыйы екенін қалайша айтпасқа?! Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінің «Еңсесі биік елорда» атты бөлімін оқып шық­қа­ным­да, осыдан бірнеше жыл бұрынғы бұйығып жат­қан шағын ғана қала Ақмолаға ағылған көшті еске алдым. Жасыратыны жоқ, сол кезде Тұңғыш Президенттің сұңғыла саясатына терең бойлағанымыз, нартәуекелге бел буған көзсіз батырлығына күмәнсіз қарағанымыз кемде-кем еді. Сөйтсек, елдің ертеңін ойлаған кемеңгер біз төменде күңкілдеп жүргендей болған шақта қол жетпес биіктерден болашаққа көз тігіп, бәрін де болжап-біліп отырған екен ғой. «Бүгінгі жаһандану шағында жаңа қала салу­дың мәселесі аса қиындық туғызбайды. Не керектің бәрі де бар. Расында солай ма? Асы­ғыс ойласаң, оңай секілді көрініп кететін іс­тің артында үлкен проблемалар туындап шы­ға келеді. Қала салу түгілі, үй салудың да ма­шақатын бала кезден көріп өскен ұрпақтың өкі­ліміз», деп жазады Елбасы кітабында. Рас-ау, бір үйді салудың өзі бүтін бір әулетті әуре-сарсаңға салып қоятынын білеміз, талай мәр­те куәсі де болдық. Ал аяғынан енді қаз тұра бастаған елдің заманның қиын-қыстау уа­қытында бас қаласын тұрғызуы – тарихтан ізде­сең таппайтын мысалдың бірі. Кітапты оқи отырып шығарманың өн­бойы­нан Астананың айшығын, елімнің айбынын танытатындай рухты екпін мен қуатты ой тас­қынын сезінесің. Қазақстан деген елдің еңсе тік­теп, ендігіде келешекке қыранша көз тіккен бол­мыс-бітімін танисың! «Қылыш пен найзаның заманы өтті. Зіркіл­де­ген зеңбіректеріңіздің өзі қазір қару-жарақ мұ­ражайында тұр. Қазіргі рухты сөз – ұлттың та­­нымын да, тарихын да толғайтын сөз «Мәң­гі­лік Ел» болуы керек. Бұл сөз халықтың өз көкі­регінен шығып, әр адамның жүрекжарды сө­зі­не айналуы қажет, сонда ғана ұлы мақсат өзі­нің межелі биігіне шығады», деп жазған Ұлт көшбасшысының сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Боранбай ЖҰМКЕҰЛЫ, еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Шет ауданының құрметті азаматы   Қарағанды облысы