• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

Әдеби арман

264 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің кітапханасында абыз жазушы Әбіш Кекілбаевтың мүйісі ашылып, «Дәуір дауысы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілген алқақотан әңгіме үстінде белгілі қаламгер Төлен Әбдіков: «Әбіштің тағы бір қасиеті сол, басқа ақын-жазушылардың жақсылығына жаны қалмай, балаша қуанып отырушы еді», деп ағынан жарылды. Ақиқат сөзді жабыла құптадық. Ерен тұлғаның қазақ әдебиетінің көсегесін көгерткен, жаңа есімдердің, жайсаң шығармалардың жолын ашқан ізгілікті ғамалдарын, лебізді мақалаларын еске түсірдік. Иә, сол кездерде әдеби ортада сондай бір өзгенің жетістігіне қуанатын игі дәстүр болушы еді. Сонымен бірге, қандай да бір шығармадағы кемшіліктерге әділ сын айтылушы еді. Және жөн сөзге ешкім ер-тоқымын бауырына алып туламаушы еді. Сынды көтеретін, қорытынды шығаратын. Әбекеңнің жарты ғасырдан аса жар-қосағы болған Клара Жұмабайқызының естелігіне жүгінсек те: «Түскі үзіліс кезінде топырлаған ақын-жазушы қара шайды біздің үйден ішеді... Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Сүлейменов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Қадыр Мырзалиев, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин... бәрі бірге жүретін... Әдебиеттегі жаңалықтар, жазылған, жарық көрген шығармалар туралы бір бітіп болмайтын пікірталастармен таңды таңға ұрып, әңгіме соғатын. Әркім өз пікірін дәлелдеп, кейде тіпті қызыл кеңірдек болса да, бір-біріне өкпелеп сырт айналып кеткен ешкімді білмейді екенмін», деп сонау алпысыншы жылдардағы әдеби ортаның ауан-тынысын көз алдыңа әкеледі. Қарап отырып қызығасың. Әдебиет қауымындағы сүттей ұйыған мұндай береке-бірлік қазір арманға айналып кеткендей. Таза әдеби тұрғыдан да. Кісілік әдеп тұрғысынан да. Қысқасын айтқанда, осы екі мағынаны да бойына бірдей сыйдырып тұрған әдеби арман. Сол үшін де күні кешелер әдеби бірліктің, ақындық қолдастықтың қормал ұйытқысы болып жүрген Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Иманасов сынды аймаңдай ағаларды сағынарымыз да рас. «Жырдағы жалғандықпен мылтықтасқан, жаман жыр жазғанында ақ таяғы арқамда ойнай ма» деп Мұқағалидай алыптардың өзі тайсалып ығынып жүрген Әбділда ақынның Грозный патшадай ашулы, сесті қалпы түсімізге кіреді. Одан да әрідегі Қасымдардың замандас ақын Жақан Сыздықовқа: «Келдің Жақан елуге, Правоң жоқ өлуге!» деп базына тастауынан, «Есілдей есіп жатқан көңілі бар, Сәбеңе өкпелейтін «қай антұрған?!» деп Сәбит Мұқановты қорғауынан, «Қуандық, сен шыққанда шын қуандық, Аялап алдымызға «Арыңды» алдық!» деп ақындар қатарына Қуандық Шаңғытбаевтың қосылғанын сүйіншілеп шаттануынан сол тұстағы ақын-жазушылар сыйластығының біраз жағдайын біле түсетіндейміз. Қисық, қыңыр сөзділер ол кезде де болған, әрине. Бірақ, оларды әдебиеттегі дуалы ауыз ақсақалдар тыйып тастап отырған. «Жиналыста оттаған, сынаймын деп боқтағандарды» тәубесіне келтірген. «Сабыр ойла, саспашы, Тым ертерек таспашы. Бірден Пушкин болмай-ақ, Баймұханша басташы», деп сол Қасымдардың өздері сабасына түсірген. Қаламгерлік ортадағы қамқоршылдық. Қазір ертегідей естіледі. Әбіш Кекілбаевтың Мұқағалидың «Қарлығашым, келдің бе?», Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің топырағым» атты жыр жинақтарының жолын ашқан мақалалары, Шерхан Мұртазаның Алтайдан – Оралханды, Атыраудан – Фаризаны, Арқадан – Ақселеуді, Шымкенттен – Шахановты алдыртып әдебиет ағынына салып жіберуі... айта берсе таусылмас осындай адами ізгіліктер де әдеби армандарға айналып бара ма, қалай?! «Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер!» – деп Күләштай жақсы көрер ақын қарындасына нар Мұқағалидың еркелеуі қандай жарасымды еді. Жарасқан ақынның Ғафудай атақты ағасына һәм басқаларға арнаған эпиграммаларының өзі күні бүгіндері жүректі елжіретеді, ақын мен ақынның арасындағы сый-құрметті, рухани туыстықты білдіреді. Маралтай ақынды Нұрлан Оразалиндей қамқор ағалары жетелеп жүріп бүгінгі биігіне жеткізді. Бұған да сүйінеміз. Қазір осындай өрнекті өнегелерден айырылып, әдеби ортаның әдемі дәстүрлерінен ажырап бара жатқандаймыз. Баяғыда бір облыстық газеттің оспадарлау редакторы айтыпты дейтін: «Осы жұрт Абайды ақын дейді. Әй, не знаю сол Абайды да!» – төбеден тоқ еткізген тантығындай, бас ақынымызды да бас-көзге қарамай төпелеуден тайынбайтын тайқы маңдайлар шыға бастады. «Мұхтарың да, Сәбитің, Жазушы ма Ғабитің? Әбділда мен Тайыр-ай, Ақын боп па, тәйір-ай!» – дейтін әулие Қасым ащы мысқылмен айтқан сөздің кері енді келіп жатқандай. Қазақ ақын-жазушылары бірін бірі мойындаудан, құрметтеуден қалып барады. Әлеуметтік желілерді ақтарып қалсаңыз, қайсыбір ақындардың бір-бірін ғайбаттаған сөздерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Өкпе былай тұрыпты, өлімге де қиып жіберуге әзір. Бүйте берсек, әдебиетімізде не қасиет қалмақ? Мұқағали сөзімен түйіндейік: «Ақынды ақын оятпаса болмайды, Ақынды ақын таяқтаса, ол – қайғы. Ақынды ақын сүйемесе болмайды, Ақынды ақын күйелесе, ол – қайғы... Ақынға ақын, ете көрме пенделік! Ақын, ақын! Пенделікті жөнделік!». Бүгінгі бір әдеби арман осы. Һәм жетіңкіремей жатқан әдебиеттің әдебі... Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»