• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

Шымкенттің 12 айы қалай өтеді?

313 рет
көрсетілді

Әсілі, Шымкент – түрлі-түсті бояудың, қарама-қарсы реңктердің қаласы. Мұнда бір күнде көруге болатын қызық және танымдық нәрселердің көптігі сонша, келген адам өзін сол бойда қазіргі алмағайып заманның кейіпкері сезініп шыға келеді. Бұл жерде бір күннің ішінде өлкенің тарихын зерттеуге, қажылық орындарына баруға, тау шыңына шығуға және ішінде таңғаларлық ағаштар өсетін үңгірге түсуге болады. Шынайылық тұнған Шымқала сол себепті де туризм үшін өте-мөте қолайлы шаһар болып табылады. Сонымен, бұл қалаға қадам басқан туристің жыл он екі ай ішінде көретін кереметтері жөнінде мәліметтер беріп көрейік. Қаңтар. Жаңа жыл мерекесі артта қалғаннан кейін отбасы болып тау аясында жақсы демалыс өткізуге мүмкіндік бар. Ал ондағы сан алуан қызықтар тау шаңғысы, скитур, жаяу жорық, ватрушкамен сырғанау, атпен серуендеу, қымызбен емделу, форель аулау, сақ моншасын көру түрінде жалғасып кетер еді. Ақпан. Бұл ай спорт әуесқойлары үшін таптырмайтын уақыт. Бұл айда сондай-ақ велосапарлар да жанданады. Бұған Шымкент климатының жылылығы мүмкіндік береді. Бұған қоса, облыстың көрікті жерлеріне арналған веложарыстар ұйымдастырылады. Наурыз. Көктемнің алғашқы айында шымкенттіктер жылдың келуін тойлауға дайындалады. Ай ішіндегі бұл тойды атап өтудің ең көне дәстүрлерінің бірі – Сейіл Қошқар Ата. Мейрам Қошқар-Ата өзенінің бастауында өтеді. Онда қошқарлар жарысы басты көрініс болады. Сейіл Қошқар Ата мейрамына халық таяудағы барлық өңірлерден жиналады. Салмағы кемінде 85 кило келетін қошқарларды көтеру жарысы қызықты өтеді. Ай ішінде бұдан бөлек, Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран секілді көне қалаларға сапар жасалады. Сәуір. Қала тұрғындары мен қонақтар қызғалдақтардың шешек атқанын көре алады. Мұның әсем көрінісін Қаратау етегінде орналасқан Қызыл тауда көруге болады. Сол жерде өсетін Грейг және Кауфман қызғалдақтары Қызыл кітапқа енгізілген, олар қазіргі қызғалдақ өсімдігінің түп атасы болып саналады. Тауда альпинизм спорты ашылады. Қалада осы күндері бард әндері фестивалі, джаз және Высоцкийді еске алу концерттері өтеді. Бұл өнер мерекесіне авторлық әндер иелері мен орындаушылар, сондай-ақ таяу шетелдіктер қатыса алады. Мамыр. Бұл ай – басын қар жатқан тауда жорық жасау үшін ең қолайлы уақыт. Шымкенттіктер үшін дәстүрлі демалыс күндерін қаладан 40 шақырым жердегі Қазығұрт тауында өткізуге құмар. Аңыздарда Нұх кемесі тоқтаған делінетін мүйісте соның құрметіне жергілікті шеберлер ағаш пен металлдан жасаған «ұшатын кеме» де бар. Маусым. Оңтүстіктің жұрты ағын суға шомылуды бастайды. Оқушылар мен студенттер жазғы демалысқа шығатын уақыт. Бассейні немесе табиғи қайнары бар жергілікті демалыс орындары осы тұста сізге қамқор қолын ұсынады. Қала аймағында күні бойы суда шомылуға және таза ауада күнге қараюға болатын бірнеше аквапарк бар. Қаладан тыс жерлерде де тамаша тынығуға болады. Көздің жауын алатын шатқалдар, өзендер мен көлдер сіздің алдыңыздан шығады. Шілде. Шымкентте жаз кезінде отбасы болып демалысқа шыққысы келетіндерге қолайлы орындар көп. Қаладағы саябақтардың барлығынан тыныш, оңаша, көркем жер табуға болады. Оларда аттракциондар да өте көп. Жаңадан ашылған «Жайлаукөл» саябағында биік көзбен шолу доңғалағына отырып, бүкіл қаланы 20 қатарлы ғимарат биіктігінен көруге болады. Бұл жерде суық қыс күндерінде жаныңызға жылу беретін естелік фотоға түсуге болады. Тамыз. Бұл кезде онтүстік өңірдің өмірімен, салттарымен танысуға болатын «шығыс базарына» бару дәстүрге айналады. Сөрелер түрлі жеміске толып тұр. Бұл ай тауға және құзға шығу үшін де ыңғайлы болып табылады. Әрбір қалаған адам «Біздің таулар» фестивалі қатысушылары топтарына қосыла алады. Дәстүр бойынша ол Төле би ауданы, Сайрам-Угам ұлттық саябанда өтеді. Сайрам-Су шатқалына бару арқылы, «скайратингке» отыру арқылы немесе жаңа рекорд үшін ең биік нүктеге көтерілу арқылы да уақытты тамаша өткізуге болады. Қыркүйек. Қала күнін тойлау бір күнмен шектелмей, апта бойына созылады. Той бағдарламасына көптеген мәдени және спорттық шаралар, жаңа нысандардың ашылуы және әр түрлі жарыс жеңімпаздарын құттықтау кіреді. Дәл осы кезде Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ және орыс драма театрлары, кішкентай көрермендер үшін облыстық қуыршақ театры маусымдарын бастайды. Қазан. Ай ішінде ерекше есте қалатындардың бірі «Палау фестивалі» болмақ. Шымкент қашаннан өзінің шығыс тағамдарымен танымал. Шараны өзбек ұлттық орталығы өткізеді. Ал «Қазақ романсиадасы» – тұрғындардың сүйікті музыка жарысы. Шымкентті расымен де Орталық Азияның романс «астанасы» деуге болады. Қараша. Арыс өзенінің бойымен қайықпен жүзуге болады. Ол жерде су туризмі мен салауатты өмір салтын дәріптеу және дамыту мақсатында жарыстар өтеді. Егін жинау соңынан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ашылады. Желтоқсан. Сөйтіп, Жаңа жыл да келіп қалды. Ғажайып мереке атмосферасына ошағы және моншасы бар қала сыртындағы үй де енеді. Бұл жерде отбасы, достар болып тынығуға болады. Мұндай үйлердің әкімшілігі міндетті түрде жаңа жылдық түнді ұмытылмастай етеді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» ШЫМКЕНТ