• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

Аурудың алдын алу жолы. Арман Исинамен сұхбат

417 рет
көрсетілді

Ел Үкіметінің 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – ауруды басқару бағдарламасы болып табылады. 2013 жылдан бастап еліміздің екі аймағында қанатқақты режімде бас­тау алған бұл бағдарламаның ерекшелігі неде? Бұл туралы біз бағдарламаның ұлттық үйлестірушісі Арман Исинамен әңгімелескен едік. – Арман Мұратқызы, ауруды басқару бағдарламасы қазақстандықтарға кеңінен танымал деп айта алмаймыз. Сондықтан оның мәнісі, ен­гізілу себебіне тоқталып өтсеңіз. – Ауруды басқару бағдарламасы әлемнің көптеген елдерінде өзінің тиімділігін дәлелдеген. Оның шамамен жартығасырлық тарихы бар. Бірінші кезекте инфекциялық емес, созылмалы дерттермен күресуге, олардың алдын-алуға бағытталған. Бүгінгі таңда әлем бойынша сусамыр, жүрек, қан-тамыр аурулары өлім-жітімнің басым бөлігін құрап отыр. Бұл сырқаттардың пайда болуы негізінен адамның өмір салтына, дұрыс тамақтануына, денешынықтырумен айналысуына тәуелді. Мәселен, 40 жастан кейін адамдар кем дегенде бір созылмалы ауруға душар болады. Бүгінде Қазақстанда 3 миллионға тарта адам диспансерлік есепте тұрады екен. Олардың 40 пайыздан астамы жоғарыда айтылған дерттерге шалдыққан. Ауруды басқару бағдарламасы әлемнің 40 елінде енгізіліп, өз нәтижесін беруде. Мәселен, Канадада осы бағдарламаның енгізілуі өлім-жітімді 10 пайызға азайтуға мүм­кіндік берді. Финляндияны алсақ, 1971 жылы осы елдің Солтүстік Карелия провинциясында ерлердің арасында жүрек ақауынан өлім көрсеткіші өте жоғары болған. Азаматтарға саламатты өмір салтының артық­шылықтарын түсіндіру арқылы бұл ел де біртіндеп жағдайын жақ­сартты. Біз де осындай көрсет­кіштерге ұмтылуымыз керек. – Қанатқақты жоба ретінде бұл бағдарлама еліміздің екі өңірінде енгізілгені мәлім. Ол қандай нәтиже берді? – Бағдарлама 2013 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы 7 емханада қолға алынды. Оған қатысуға ниет білдірген 2013 сырқат адаммен арнайы келісімшарт жасалып, емдеуші мен емделушінің міндеттері белгіленді. Бағдар­лама бойынша созылмалы ауруы бар науқастармен мульти­дисциплинарлық команда жұ­мыс істейді. Оның құрамына терапевтпен қатар профильді дәрігер, мейірбике, психолог, саламатты өмір салтын қалып­тастыру орталығының маманы, әлеуметтік қызметкер кіреді. Маман­дар науқаспен жүйелі қа­рым-қатынас орнатып, өз саласы бойынша кеңес береді, оның жағдайын бақылап отырады. Әрі науқасқа оның ауруы туралы, қандай салдары болуы мүмкін екенін түсіндіреді. Жағдайын асқындырмаудың амалдарын үйретеді. Осылайша, өз ауруы туралы толық мәлімет алған науқас өзін өзі қадағалап, оны арнайы күнделікке жазып отырады, әрі дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті тексерулерден өтіп тұрады. Бұл адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады. Әзірге біз бағдарламаны үш нозология бойынша енгізіп отырмыз. Ол – созылмалы жүрек жетіспеушілігі, қант диабеті және артериалды гипертензия аурулары. – Қанатқақты жобаға қа­тыс­қан сырқат адамдар мен дәрі­герлер бұл бағдарламаны қа­лай қабылдады? – Бастапқы кезде, әрине, дәрі­герлер тарапынан да, нау­қастар тарапынан да күмән болғаны рас. Дегенмен, бұл жұмысқа біз жаңалықтан қашпайтын, қиын­дықтан қорықпайтын мамандарды жұмылдыруға тырыстық. Науқастардың белсенділігі де бір­қалыпты болады деп айта алмаймыз. Ұсынысқа селқос қара­ғандары да болды, керісінше, жобаны қуанышпен қабылдап, өз денсаулығын түзеуге белсенді атсалысқандары да болды. Деген­мен, жоба қорытындысы бо­йынша жүргізілген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, оған қатыс­қандардың 95 пайызы өз дәрігеріне деген сенімі арт­қанын мәлімдеген. Яғни, ауруды асқындыратын темекі тарту, ішімдік ішу, тамақты бей-берекет жеу сияқты зиянды әдеттерден арылып, саламатты өмір салтына бет бұрып, дұрыс тамақтану, денешынықтырумен айналыса бастаған. Жобамен қамтылған емханаларда «Денсаулық мек­тептері» ашылып, мамандар нау­қастарға өз денсаулығын қалай бақылау керек екенін, қалайша күтім жасау керек екенін үйретеді. Осының арқасында қанатқақты жобаға қатысқан науқастардың 75 пайызының қан қысымы реттелгенін, созылмалы жүрек ауруы бар науқастардың арасында шұғыл госпитализациялау оқиғалары 2 есе азайғанын, қант диабетіне шалдыққандардың 65 пайызының жағдайы жақсар­ғанын байқадық. Яғни, бағдар­лама өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр деуге толық негіз бар. – Жобаны жүзеге асыруға кете­тін қаржылық шығын мәсе­лесі қалай шешілген? – Жобаны тәжірибеге енгізу үшін айтарлықтай қаржылық шығын қажет емес. Бұл жерде тек емханада жұмыс істейтін мамандар тобын бір мақсатқа жұмылдырып, олардың жұ­мысын жаңа негізде құру арқылы бас­ты мақсатқа қол жет­кізуге болады. Ал мамандарды даярлау жұмысына биылға ша­мамен 27 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаржы негізінен өңірлерде дайындық семинарларын ұйым­дастыруға жұмсалады. – Бағдарламаның басты тиім­ділігі неде? – Бірінші кезекте науқастың өз денсаулығына деген жауап­кершілігі артады. Ол өз жағ­дайын бақылау арқылы бойын­дағы аурудың асқынуына жол бермеуді үйренеді. Мульти­дис­циплинарлық командадағы мамандармен жүйелі байланыс орнатып, олардың ақыл-кеңесіне құлақ аса отырып, ахуалын жақсарта алады. Бұл жоба бастапқы медициналық көмек жүйесіне, жедел жәрдемге, ауруханаларға түсетін жүктемені азайтуға ықпал етеді. Ең бастысы – науқастың өмір сапасын арттыруға, өмір-жасын ұзартуға мүмкіндік береді. Созылмалы ауруы бар науқас үшін күтімнің маңызы ерекше. Өз денсаулығын күтіп, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстау арқылы, дұрыс тамақ­тану, мүмкіндігінше дене қимылымен айналысу, психо­логиялық күйзелістерден сақ­тану арқылы адамдар ауруын асқындырмауға қол жеткізетіні медициналық тұрғыда дәлел­денген. Біздің мақсатымыз – осыны сырқат адамдардың санасына жеткізіп, олардың өз өміріне деген көзқарасын өзгерту. – Бағдарлама бұдан әрі қалай жалғасады? – Биылдан бастап ауруларды басқару бағдарламасы еліміздің тағы бес аймағындағы 10 емханада іске қосылды. Қазіргі таңда оған жоғарыда атап өткен үш ауру түрімен науқастанатын 3 200 адам қатысуда. Бұл Астана, Алматы қалалары, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары. Келесі жылдан бас­тап жоба еліміздің барлық өңірлерін қамтымақ. Бүгінде біз­дің шетелде дайындықтан өткен жаттықтырушы-маман­дарымыз жер­гілікті жерлерде жобаны жүр­гізетін мульти­дисциплинарлық команда өкіл­дерін жаңа жұмыс әдісі­мен таныстыруда. Олар өз кез­егінде басқа да әріптестерімен тәжі­рибе бөлісіп, бағдарламаны елі­міз бойынша жаппай енгізуге мұрын­дық болады деп ойлаймыз. 2017 жылы бағдарлама еліміздің барлық өңірлерінде енгізіліп, 2018 жылдан толыққанды жұмыс істеуі керек. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»