• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

Тарази тұлғасы

502 рет
көрсетілді

Бүгінгі ұлттық «Табысты 100 отбасы» жобасының кейіпкері - Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әкім Тарази. Ол әдебиетте өзінің қайталанбас сара жолын салған биік тұлғаның бірі. Әкім ағаның еңбек жолы 1955-1956 жылдары ауыл мектебінде мұғалім болудан басталды. Осы кезде оның тырнақалды «Құйрықты жұлдыз» повесі жарық көріп, кейін әңгімелері мен повестері, романдары оқырмандарымен қауышып жатты. «Ешкімге саналы түрде зұлымдық пен қиянат жасағам жоқ. Өзімді ешкімнен биік санамадым», - дейді Әкім Ұртайұлы сұхбатында. Жазушы қаламынан туған бірқатар «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Әлия», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ» сияқты пьесалары қазақ драма театрының сахнасында қойылды. Дарынды драматург туралы Мемлекет қайраткері М.Жолдасбеков телеарнадан берген сұхбатында: «Әкім қазақтың маңдайына біткен жазушылардың біріне айналды. Ол қоғамдағы қайшылықтарға жаны ауыратын, әділетсіздікке төзбейтін адамдар бейнесін жасады» деген пікірін білдірген еді. Әкім Ұртайұлының еңбек жолының бір қыры қазақ кино өнерімен тығыз байланыста болды. Ол 1962–1970 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында қызмет етіп, келесі он жылда Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы лауазымында жемісті шығармашылықпен айналысты. Бұл кезеңде Әкім ағаның жазған сценарийлеріне кинолар түсіріліп жатты. Ол – совет режиссері Шәріп Бейсенбаев түсірген «Арман-атаман» (1965), КСРО халық артисі, режиссер Болотбек Шәмшиев түсірген қазақ киносының жауһарының бірі «Қараш-қараш оқиғасы» (1972), режиссер Мәжит Бегалин түсірген «Тұлпардың ізі» (1984), С.Нарымбетов түсірген «Мұстафа Шоқай» фильмдері. Кейіпкер арқылы қоғамдағы үлкен оқиғаларды көрсетіп, өзекті тақырыптарды көтерген бұл туындылар ұзақ жылдар ізденісі мен дамылсыз оқу, ой еңбегінің жемісі. Ә.Таразидың ұстаздық ұстанымына тоқталар болсақ, ол өмірлік мол тәжірибесі мен жинаған білімін студенттеріне үйретуден жалыққан емес. «Дауыс көтеріп бала тәрбиелемеймін» деген жазушы «мен ұстаз ғана емес, әке-шешелеріңмін, қандай қиыншылық болмасын, жасырмай айтыңдар» деп шәкірттерімен құрдасындай сөйлессе де, оқуға келгенде үлкен жауапкершілік пен дайындықты талап етеді. Жастармен кездесуінде Әкім аға: «Жазушылық тағдырдан болады. Жазушы құрмет, марапат іздемей, жанының мерейін іздеу керек. ...Жандарың таза болсын, Аллаһ берекелі бақытты жаны таза адамға береді» деген еді. Әдебиет әлемінде де, өнер мен білім беру салаларында да Әкім Таразидің берік ұстанымы, ешкім қайталай алмайтын дара жолы бар. Қадірлі ақсақал өскелең ұрпақтың келешегіне сенеді, қазақ елінің ертеңіне сенеді. Бақыт Жолдыбайқызы