• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

Курчатовтықтар Семей полигоны жөніндегі жинақты талқылады

234 рет
көрсетілді

Биыл Курчатов қаласында ел Тәуелсіздігі мен Семей сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай "Бұрынғы Семей сынақ полигонын қауіпсіз жағдайға келтіру бойынша кешенді ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар жүргізу" атты үш томдық монографиялар жинағы жарық көрді. Маңызды монография жыл басында Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте және 29 тамыз – Халықаралық ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күнінде Астанада ғылыми орта мен көпшілікке таныстырылған болатын. Аталған жинақты курчатовтықтар Ұлттық ядролық орталықта "25 жұлдызды күн" шарасы аясында өткен жиында қызу талқылады. "Ұлттық қасіреттен – ұлттық мақтанышқа" атты ұрансөзбен жарыққа шыққан үш томдық әлемде тұңғыш рет Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы тарихи шешім қабылдаған және халықаралық деңгейде атомды бейбіт мақсатта пайдалану жөнінде бастама көтерген Елбасы Н.Назарбаевтың мақаласынан басталады және В.Школьник, Э.Батырбеков, С.Березин, С.Лукашенко, М.Сқақов сынды отандық ядролық ғылымның білгір мамандарының еңбектері енген. Бірінші томда полигон аумағындағы жаппай қырып жоятын қару-жарақты сынақтан өткізу инфрақұрылымы мен сынақ салдарын жою бағытындағы жұмыстардың алғашқы нәтижелері туралы айтылса, екінші том бұрынғы сынақ алаңы мен ядролық жарылыс кезінде қалыптасқан полигонға тиесілі аумақтағы радиоэкологиялық ахуал мәселелеріне арналған. Ал үшінші том бұрынғы Семей сынақ алаңының аумағында орналасқан ҚР Ұлттық ядролық орталығының эксперименталдық ғылыми-техникалық базасында жүзеге асырылған атом қуаты саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстарының маңызды нәтижелеріне арналды. Жалпы, монография еліміз бен әлемге Семей сынақ алаңы аумағының сан қырлы күрделі мәселелері мен оны ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан шешу жолдарының өзектілігін, сондай-ақ Ұлттық ядролық орталықтың ғылыми әлеуетін көрсетуімен ерекшеленеді. 1991 жылы тамызда ҚазКСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Сол кезде полигон алаңы 18 300 шаршы метрді құрайтын. Бұл Израиль мен Словения сияқты мемлекеттердің аумағына тең аумақ. 40 жыл бойы Семей полигонының аумағында ядролық қарудың барлық түрі сынақтан өтті. Барлығы 456 ядролық сынақ, оның ішінде 30 – жерүсті, 86 – әуе және 340 жерасты ядролық сынақ жүзеге асырылды. Сондықтан Мемлекет басшысының Семей полигонын жабу туралы шешімінің қаншалықты маңызды болғанын байқау қиын емес. Оның үстіне сынақ алаңы жабылған соң жас мемлекетіміз шешуі тиіс күрделі мәселелер пайда болды. Сол себепті бұрынғы полигон аумағын қауіпсіз жағдайға келтіру бойынша кешенді ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар жүргізу мақсатында 1992 жылы ҚР Ұлттық ғылыми орталығы құрылды. Курчатовтық ғалымдар Елбасының атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі бастамаларын жоғары бағалайды. – Қазақстан соңғы жылдары халықаралық қауымдастықта ядролық қарудан бас тарту және оны таратпау туралы бастаманың көшбасшысына айналды. Бұл ретте 25 жыл бойы дүние жүзіне ядролық қарусыз әлем үшін табанды күрес жүргізудің үлгісін көрсеткен Қазақстанның бейбітшіл халқы мен тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының қызметі үлкен, дейді Ұлттық ядролық орталық директоры Эрлан Батырбеков. Ал аталған кәсіпорынның бас директорының радиоэкология жөніндегі орынбасары С.Лукашенконың айтуынша, Қазақстан мен әлем қауымдастығына тікелей қатер төндірген полигонның бүгінде біртіндеп қауіпсіздігі артып келеді. Енді полигон аумағын толық көлемде оңалту жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асырып, жерді экономиканың игілігіне беру міндеті тұр. – Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан халықаралық қоғамдастықта ұлтаралық және дінаралық келісімді дамытуда және ядролық қарусыз әлем құру жолында айтарлықтай табыстарға жетті. Еліміз саяси және экономикалық жүйесін құрумен бірге көптеген халықаралық ұйымдарға төрағалық ете отырып, халықаралық мәртебесі мен саяси салмағын арттыра түскенін байқаймыз. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегінің бір парасы. Өйткені, Мемлекет басшысының барлық бастамалары Қазақстандағы ғана емес, халықаралық қауымдастықтағы үдерістер мен маңызды оқиғалардың өзегіне айналды, деді Курчатов қаласының әкімі Нұрбол Нұрғалиев. Тәуелсіз еліміздің жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан тағы бір салмақты үлесі ретінде 2009 жылдың 22 наурызында күшіне енген Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ ретінде жариялау туралы келісімшартын қабылдауға қатысуын айтуға болады. Аталған құжат негізінде ядролық жойқын қаруды таратпау, ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта пайдаланудағы әріптестікті дамыту және радиоактивті қалдықтармен ластанған аумақтарды экологиялық тұрғыдан оңалту бойынша маңызды қадамдар қабылданды. Біз тұңғыш Президентімізбен бірге күрделі уақыт пен сынақты абыроймен өткере білдік. Елбасының батыл жетекшілігімен халқымыз ертеңгі күнге сеніммен қарады. Бүгінде Қазақстанды әлем жұртшылығы бейбітсүйгіш әрі гүлденген мемлекет ретінде таниды, деді қала әкімі. Думан АНАШ, "Егемен Қазақстан" Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы.