• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2016

Пассионарлық дүмпу дәуірі

444 рет
көрсетілді

Белгілі тарихшы, көрнекті еуразиятанушы ғалым Лев Николаевич Гумилев өмірінің соңына қарай берген бір сұхбатында «Қазақстанды болашақта не күтіп тұр?» деген сауалға: «Қазақстанды таяу жылдарда ғаламат серпілістер кезеңі күтіп тұр, елде пассионарлық дүмпулер жүзеге асады. Көптеген алқалы басқосулар өтеді. Пассионар ірі тұлға пайда болады. Алдына адам баласының ойына келмейтін биік мақсаттар қоятын ол тұлға елді жұмылдырып, соған қол жеткізеді» деген екен. Ғаламторда, әлеуметтік желілерде жан-жақты жазылып, зерттеліп жатқан Гумилев теориясына сүйенсек, әр ұлт эволюциялық жолмен 1500 жылға дейінгі аралықта өмір сүреді-мыс. Осы кезеңде тірі пенде сияқты ұлт та табиғи заңдылықпен дүниеге келеді, дамиды, өркендеудің шыңына жеткен соң бірте-бірте құлдырап, жойылатын көрінеді. Қазақ хандығы ХV ғасырдың ортасында құрылды десек, біз ұлттық ғұмыр жасымыздың орташа мөлшеріне енді ғана жақындағандаймыз. Жас мемлекетіміздің дәуірлеу кезеңі Лев Гумилев айтқан серпілістерге – жа­сам­паздық жолындағы жаңару мен жаң­ғыру дүмпулеріне толы. Оның ХХ ғасырдың сонау тоқсаныншы жыл­дары айтқан сәуегейлік тұжырымдары әлем мойындаған іргелі мемлекетке айналып, Мәңгілік Елге қадам басқан Қазақ елінің бүгінгі тыныс-келбетін дөп ашып тұрғандай. Ғалым айтқан «алқалы басқосу­лар» елімізде аз болмағаны, күні кеше­лері ғана басымыздан өткер­г­ен тарих­тан белгілі: БҰҰ-ға мүшелік, тәуел­сіз Қазақстанның Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалығы, Қазақ елінде өткен Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­ларының съезі, Еуразиялық медиафорум, Ислам ынтымақтастығы ұйы­мын­дағы, Шанхай ынтымақтас­тық ұйы­мын­дағы, Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жөнін­дегі кеңес­­тегі, Еуразиялық экономи­калық одақ­тағы төрағалық, Қазақ­стан­ның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі­нің 2017-2018 жыл­дар­дағы тұрақ­ты емес мүшелігіне сай­лау­дағы жеңісі, келер жылға жоспар­лан­ған әлемдік «ЭКСПО-2017», «Универ­сиада-2017» көр­мелік, спорт­тық оқи­ға­лары – тізбек­тей берсек, тағы­сын тағы бірегей жиын­дар жетіп-артылады. Саясаттанушы Дмитрий Вер­хотуров Назарбаевты «ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басы ара­лы­ғындағы дүние­жүзілік тарихи оқиғалар желі­сіне айырықша мәнді де мазмұнды із қал­дырған қайраткер» ретінде баға­лайды: «Оның бір ғана әлемдегі ең ірі ядро­лық арсеналдан бас тарту тура­лы ерікті шешімі ушығып тұрған халық­аралық жағдайды күрт өзгер­тіп жіберді... Қазақстандықтар неге Назарбаевпен мақтана алмай­ды? КСРО «сынығын» толыққанды мем­лекетке айнал­дыра білген бірінші Прези­денті­мен қазақстандықтардың жолы болды. Кез келген басқа лидер мұндай жетістікке жете алмас еді». Елбасы ой-орамдарының нәрі мен дәнін әр қазақ осылайша жүрекпен түсінсе екен дейсің. Бәлкім, сонда Назарбаев феноменінің қазақ жұрты үшін тағылымды даналық қыры, мән-мағынасы ашыла түсер деген ой келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа заман­­ға қадам басқан алғашқы сәттерде тебірене айтқан бұл сөзі, меніңше, сол кездері барша қазақтың жігерін жанып, рухын оятты. «Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесі­не бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігім­ді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын. Менде қазақтың ел­дігін, Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа мақсат та, арман да жоқ», – деген еді Президент. Халқы оған сенді, сенім артты. Бірнеше рет өткен сайлаулар мен референдумдарда да, тұңғыш бүкілхалықтық демократиялық сайлау кезінде де ортақ таңдауын жасап, Назарбаевқа арқа сүйеді. Халықаралық сарапшылар «Ал­дымен – экономика, сосын – саясат» деп ұран тастап, өркениетті ортамен ел терезесін теңестірген Назарбаев феноменінің уникум жетістігі ретінде сипаттайды. Назарбаевты әлемдік саясат серкелері Шарль де Голльмен, Франклин Делано Рузвельтпен, Джавахарлал Нерумен бір қатарда атайды. Атақты қайраткер-реформаторлар, әрқайсысы өз мемлекетінің жеке даму жолының моделін қалыптастырған дара тұлғалар – түріктердің атасы Мұстафа Кемал Ататүрікпен, бүгінде «Азиялық Швейцарияға» айнал­ған Сингапурды түлеткен Ли Куан Юмен, Малайзияны ұлттық идеология мен ұшқыр экономиканы шебер ұштастыру арқылы әйгілеген Мохамад Махатхирмен, Индонезияның негізін Сукарно қалап кеткен «Панча Күш» мемлекеттік даму философиясы ар­қылы құлпыртқан Сусило Бамбанг Юдойономен жиі салыстырады. Тоқсаныншы жылдардағы Кеңес Одағы аумағындағы, оның ішін­де Қазақстандағы экономиканың құлды­рап, халықтың тұрмысы нашарлап кеткен кезеңді де Америкадағы ұлы дағдарыс заманына телісек болар. Осы арада тайға таңба басқандай мына бір айырмашылықты ескеру қажет: Франклин таққа жайғасқан жыл­дары депрессияға ұрынған Америка атақ-беделі әлемге жайылған, елді шарпыған дағдарысқа қарамастан әлі де қуатты мемлекет санатында еді. Ал Назарбаевқа бәрін жаңадан бастауға тура келді. Онсыз да орталықтың «шикізат алаңы» болған Қазақстан экономикасының барлығы дерлік одақтық орталыққа бағынышты-тұғын. Кәсіпорындардың түгелге жуығы қаңтарылып, өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы құлдырап, жаппай жұмыссыздық белең алған заман болды ол кез. «Көп этносты Қазақстанды да соғыс өрті шарпиды, қантөгістен құтыла алмайды» деген сәуегейлер де шықты. Күйреген одақтың әбден тозығы жетіп жұлмаланған экономикасы мен әлеуметтік қайыршылыққа ұрындырған мұрасынан арылудың төтен қиындықтарын еңсеріп, жас тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалау, шекарасын бекемдеу, мемлекеттігін қалыптастыру, іштегі этносаралық ауыздықтарға жол бермей, татулық пен бірлікті сақтау оңай шаруа емес еді. Назарбаев елді өзінің стра­те­гия­лық интуициясымен, қабілет-біліктілігімен, дипломатиялық талантымен бұл тығырықтан аман алып шыққан тұлға. Француз президенті Шарль де Голль сияқты Назарбаев та биліктің тиімді құрылымына ерекше мән берді. Екеуіне де мемлекеттіліктің ұтымды, тұрақты институттарын құрудағы көзқарас бірлігі тән. Президенттік басқару институтына басымдық берген Голль ұсынған конституция Францияның тұрақты саяси жүйесінің негізгі діңгегіне айналғалы да жар­ты ғасырдан асты. Ол жүргізген құры­лымдық реформалар Францияны жаңа биіктерге көтерді. Әріптесі сияқ­ты Назарбаев та институционалды құры­лым­ды мемлекеттіліктің маңызды қадам­дарының бірі деп қарастырғанын көрдік. Өтпелі жолайрық кезеңде мемлекетті басқарудың күшті билі­гі қажеттігін түсінген ол кеңестік кеңіс­тікте бірінші болып президенттік лауа­зым­ды бекітті. Бір айта кетерлігі, Назарбаевтың Голль сияқты реформа жасайтындай мүмкіндігі болған жоқ, ол мемлекеттік саяси құрылымның тұңғыш негізін қалаушы ретінде өзінің тиімді басқару стилін – «Назарбаев моделін» қалыптастырды. Түрік Республикасының негі­зін қалаушы Ататүрік пен тәуел­сіз Қазақ­станның негізін қалаған Назарбаевтың ұқсастығы – екеуі де Сұл­танат пен Кеңес Одағы сияқты ірі им­периялардың күйреуінен кейінгі мемлекеттерді тізгінге алды, сондықтан да сарапшылар екеуін жиі салыстырады. Мұстафа Кемалды ұлықтап, түріктердің атасы – «Ататүрік» деп ат қойған түріктер Назарбаевты «Түркі әлемінің ақсақалы» деп атады. Қазақ елі болса өз перзентінің мемлекет, халық алдындағы еңбегін жоғары бағалап, Назарбаевқа Елбасы мәртебесін берді. Осы орайда сөз өнерінің наркескені, белгілі қаламгер ағамыз Шерхан Мұртазаның мына бір ойтолғамы Назарбаев феноменінің бір қырын аша түскендей: «...От оранып, жалын құшқан жанкешті жұмысқа жігерлінің жігерлісі, төзімдінің төзімдісі ғана шыдаса керек. Соған шыдас беріп, үдесіне жеткендердің бірі – Нұрсұлтан Назарбаев екен. ...Қазақстан үшін де жаңа заман туып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев бастаған республика жетекшілері Қазақстанның егемендігін жариялады. Жаңа дәуірден тың жол салу әрдайым қиынның қиыны. Осы қиын-қыстау тың жолда Қазақстанды сүріндір­мей, адастырмай алып жүрер кім бар дегенде көз алдыңа Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Оны халық таныды, дүние жүзі таныды. Оның дүниежүзілік беделі күннен-күнге артып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақ­стан күні ертең өз байлығының, берекелігінің, бейбітшілігінің, биік парасаттылығының арқасында Бірік­кен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып таны­лар күн де алыс емес. Сонда Қазақ­­­стан байрағы Жер шарының бас­қа елдерінің туларының қатарында еңсе­сін биікте ұстап желбіреп тұрмақ». Шерағаң бұл тұжырымын сонау тоқсан бірдің аумалы-төкпелі, қара­ша­лы күндерінде айтқан екен. Осыдан 25 жыл бұрын. Бүгінде Шер-ағаң арман еткен сол Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның мүшелігі ғана емес, алқа­лы төрінде жүрген Қазақ елін әлем мойын­дап отыр. Ал Назарбаевты әлем­­дік қауымдастық жаңа қоғамдық-экономикалық құрылым арқылы мемле­кеттіліктің жаңа тарихи моделін қалы­п­тастырған ерекше тұлға, құбы­лыс ретінде бағалайды. Елбасы да Жаңа Экономикалық Саясатқа негізделген – «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жариялау арқылы Қазақстан халқына мемлекеттің даму жолын межелеп берді. Бұл жол – қазақтың абыройын асқақтатып, төрткүл дүниеге тәуелсіз Қазақстанды мойындатып, Қазақ Елін жалпақ әлемге танытқан мәртебелі жол! Ең бастысы, «Нұрлы жол» – тәуелсіздігіміздің бағдарын айқындаған Мәңгілік Елге бастар төте жол! Тәуелсіз Қазақ елі және Елбасы. Ұлт­тық құндылықтарымыздың тұғыры­на айналған бұл егіз ұғым қазақ үшін қашан да қасиетті, қашан да қастерлі. «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып келіп қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді». Ойлы қазаққа ой салар Елбасының бұл аманаты ұлттың әрбір ұланының жүрегінің төрінде тұрғаны абзал.  Төрехан ДАНИЯРОВ, журналист