• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2016

Жылағаната

850 рет
көрсетілді

Жылағаната… Гүрiлдеп таудан құлай аққан су кейде тоқтап қалады. Сосын араға уақыт сала қайта ағады. Тоқтап, қайта ағады, тоқтап, қайта ағады… Тас қабырғадан тамшылаған моншақ-моншақ ақ тамшы тас болып қалған Шашты ананың көз жасы ма?! Табиғаттың тосын құбылысы бiздi тау басына жетеледi. Қаратауға қара шалды ертiп өзiм-ақ кетiп қалғым келдi. Қара шалдың әңгiмесi толқытты ма, әйтеуiр Қаратауды, сырттан қарасаң құжыр-құжыр тастан басқа ештеңесi жоқтай көрінетін өңірді сағынатын болдым. Әттең, ойлағанның бәрiне мүмкiндiк жете бермейдi, әйтпесе, қара шал күнде әңгiмелейтiн, әңгiмелеп тауыса алмайтын Жылағаната, жұмбақ сыры мол жер бейжай қалдырмас едi-ау. Үнсiз отырып Жылағанатаны еске алғанда жанарына жас келетiн қара шал неге екенiн қайдам, толқып-толқып айтқан әңгiмеден кейiн иығын бiр қомдап алады да, орнынан сергек тұрған бойы алыстан қарауытқан көне кiндiк Қаратауға ұз-а-а-ақ қарар едi. Менiң көз алдыма сонда Жылағаната елестейдi. Жылағаната… Әрбiр жарты сағат көлемiнде таудан құлап ағып, қайта тоқтап қалатын жұмбақ сарқырама… Жылағаната… Аңыз бен ақиқаты астаса басталған әңгiменi алдымен қара шал маңдайы терши баяндайды. Қара шал сағынған, сол қара шал­дың әңгiмесiнен кейiн аңсай түсетiн Жылағанатаны бетке алып жол тарттық. Жылағанатаға жыл сайын барып жүретiн жiгiттердiң сапарлас болғанына қуандық. Қаратауға бастаған өзен аңғарындағы тас жол алдымен Мес деген жерге, артынан Шашты ананың бұлағына алып барды. Бүлк-бүлк қайнап жатқан Шашты ананың бұлағынан су iштiк. Жол, тауға өрмелеген қара жол өзен арасын жиектей алға бастады. Сол сәт қара шал самбырлай сөйлеп кеттi: «Шашты ана бiр перзентке зар болды. Құдайдан жалбарына сұрағаны да, аңырай отырып армандағаны да қара домалақ бала едi. Еңiрегенде етегi тола жылаған Шашты ананың көз жасын көргендей, аяғы ауырлады. – Е, құдай, не болғанда да аман болсын, жаман болсын, – дедi ол. Тiлеуiн бергенiне Аллаға мың да бiр рахмет, алғысын жаудырып таңды атырды. Мың да бiр рахметiн жаудырып күндi батырды. Сөйтiп, күн түнге алмасты, түн күнге алмасты. Ай айға ұласты. Ұзақ күткен тоғыз ай өттi. Үмiтпен жүрiп он айды да артқа тастады. Қайтадан сары уайымға салынған Шашты ана он бiр айды санап өткiздi. Содан, бала көтергенiне он екi ай дегенде толғақ келдi. Толғақ келгенде тоғыз күн қинала толғатты. Шашты ана он екi ай көтерiп босанды. Құдай-ау, он екi ай көтерiп, тоғыз күн толғатқанда туғаны мес екен. Шошып кеттi, кәдiмгi үлкен мес, айналдырып көредi, былқ-былқ мес бiтеу күйi жата бередi. Шошып кеткен Шашты ана қайғысын қуаныш жуар деп едi, қайта оның үстiне батпандап жамылғаны ма?! Он екi ай көтерiп, жылап жүргендегi көргенi дөп-дөңгелек мес болып шықты. Оны көрген шалының да көкірегі қарс айырылды. Не iстерiн бiлмей абдырап отырғанда қапаланған шалы Шашты анаға жақындап келiп: – Қой, болмас ендi, маңдайды тоқпақтап жылағанмен не пайда. Одан да адам көрмейтiн жерге көмiп таста, – дейдi. Солқ-солқ жылаған ана местi арқалап тау етегiне жетедi. Iштен шыққан жалғызы – местi қимай қиналады. Тауға жете бере местi ақырын жерге қойып, аздап тыныс­тап алады. Екi көзге ерiк берген ана местi көмуге қимайды, жылайды, Құдайға жалбарына егiледi. Көз жасы бұлақ болып ағады. Шашты ана жылап отырып бүлкiлдеген меске көзi түседi. Сәлден соң мес өзiнен өзi жарылып iшiнен алтын айдарлы бала қаша жөнеледi. Мына тосын жайдан абдырап қана қалған ана етегiне орала орнынан тұрады. Өз көзiне өзi сенбеген беймәлiм көрiнiс: құйындай ескен баланың алтын айдары күнге жалт-жұлт шағылысып кетiп барады. Жетiп көр, жүгiргенiңмен жете алар ма екенсiң. – Әй, балақаным, қарағым, тоқта. мен… мен… мен… Шашты анамын ғой, қарағым, тоқта, тоқташы… Қуанған мен қорыққан бiрдей, Шашты ана баланың артынан екi өкпесiн қолына ала жүгiредi. Екi жанарынан парлап жас ағады дейсiз…». Биiк жотадан асып Табақбұлаққа жеттiк. Табақбұлақты жиектей тау басына көтерiлген жол көлiкке қиын тидi. Қиыршық тас пен құм зыр айналған дөңгелектi iлгерi қозғалтқан жоқ. Жап-жаңа «МАЗ-дың» үлкен дөңгелектерi зырылдаған күйi көк түтiнге оранып құмды тас көмiлдi де кеттi. Қызарақтаған Қалдыбай шофер машинадан түстi де сылқ-сылқ күлген Табақбұлақтың суына бетін жуды. – Таңғы жаңбыр ғой, жер бос екен, дөңгелек алмай тұр. Бұл оның ақталғаны. Дегенмен, ауыр машинаның мына тау жолымен қозғала алмайтыны белгiлi болды. Қалдарбек аға, Қыдырбек үшеумiз жүк машинасының қорабынан жерге түстiк. – Е-е, бұл жол кейiн төселдi, әйтпесе, жонға тек түйемен ғана көшетiн едiк. Тау басындағы жоннан кен шығып, бiр жылдары бұрғышылар мен солардың темiр-терсек артқан көлiктерi осы өңiрге толып кеттi. Содан осы жерден жонға көтерiлетiн жол салған. Тау басына бұралаң-бұралаң қалпы он айналып көтерiлетiн құмшауыт тас жолда қолын айқастырып арқасына алған Қалдарбек аға әңгiме бастады да қайта үздi. Себебi, жаяу адамға ауыр соғатын тау жолы ол кiсiнi де демiктiргендей, тынысты алу қиындаған кезде мен де мазалай қоймадым. Үнсiз алға қозғалдық. Тым төменде, Табақбұлақтың аузында дабыр-дұбыр сөйлеген кiсiлердiң дауысы, ыңырана қозғалған машина үнi талып жеттi. Асу да асу бел. Бiз жон басына терлеп-тепшiп көтерiлдiк. Артымыздан ыңырана әзер қозғалған «Газ-531» те жеттi. Жон басында тоқайласқан жолда машина тоқтады. Рөлде отырған Мұрат жiгiт қара терге малшыныпты. Қолының сыртымен маңдайындағы моншақ тердi сүртті. Көкқұдыққа дейiн жаяу бардық. Құдық басында тiгiлген қос қараша үйден балалар жүгiре шықты. Жылқышылардың қосы екен. Елден бұрын бергi үйге сәлем берiп шыққан Құрманбек тез оралды. – Жылқышылар кеше ғана келiп қоныпты, сусын жоқ жiгiттер, – деген. Қара шалдың қабағы қатуланды: – Кiмнiң балалары екен, бүгiнгi жастар осы. Жоқтан басқаны бiлмейдi. Биiк тау басында теп-тегiс жон жатыр дегенге екiнiң бiрi сене де бермес. Көкпеңбек жонның ортасында тақтайдай қара жолмен асығып зымыраған машина жүйткiп келедi. Құзар шыңның құж-құж тастары мен көк майсалы жонның бояу­ы бiрiне бiрi сән бергендей, бiрiн бiрi әспеттей түскендей екен. – Е, е, жарықтық аталарымыз кешеге дейiн бұл жонға бидай ектi, арпа өсiрдi. Небiр жұт жылдары осы өңiрдiң арқасында, егiншiлiгiнiң арқасында қабы бидайдан құрғаған жоқ. Қалдарбек ағаның әңгiмесiн қара шал бас шұлғи мақұлдап отыр. Терезеден көкорай жонның әдемi әспетiне тамсанған мен алыстан қарауытқан қараша үйдi көрдiм. Үй жанында бiреулер арлы-берлi қозғалады. – Байқашы, – дедi Жұмабек. – Тасқұдық көрiнбей ме? – Киiз үй ғана көзге шалынады. – Сол Тасқұдық ендеше. Темiр қорапты машинаның жалғыз терезесiнен қарап отырған маған бәрi таңсық. Ал қорапқа төселген киiз үстiнде шынтақтап жатқан Жұмекеңе әрбiр қадам белгiлi. Жыл сайын екi-үш келiп жүрген кiсiге жер жағдайы алақанда, ой-шұңқырды жатқа айтады. Сәлден соң көлiк те тоқтады. Бұл ендi – Тасқұдық. Мұрат есiктi ашты. Сосын шелегiн алып құдыққа беттедi. Орнынан көтерiле берген Төлебек маған бұрылды. – Жүр, мен саған әулиенiң iзiн көр­сетейiн, қайтарда күн кешкiрiп қалады. Тасқұдық. Айналасының бәрi шегенделген құдық суы тастай екен. Шынжырға байланған шелектi құдыққа қайта тас­тады. Мұп-мұздай суға бет шайып, тағы да бiр-бiрден ұрттадық. Көкпеңбек жонның ортасындағы Тасқұдықтың айналасында теп-тегiс тас жатыр. Әдейi төсеп тастағандай. Сол тас бетiнен Төлебек әлдене iздеп жүр. Еңкейiп, әр жер-әр жердi сипалап та қояды. – Келмегенiме бiраз болып едi, – деп күбiрлей тiл қатты. Манағы екпiндеген мiнезi жоқ, күбiрлегенi менiң алдымда ақталғанындай. «А, осы тастың үстiнде сияқты едi, бұнысы несi, а», – сипалап iздеп жүр. Машинаның iшiндегiлер бiздi асықтырды. Төлебек әбiгерлене түстi. Киiз үй жақтан қарап тұрған кiсi дауыстады: – Құдық беттегi үлкен тасты қараңдар. Төлебек таба алмады, шелегiне су толтырып алған Мұрат менiң қасыма келiп ол да үңiлдi, табылмады. Бiздiң iздеп таба алмайтынымызды сездi ме, дауыстаған кiсi өзi келдi. «Коммуна» шаруа қожалығының бақташысы Ғани деген ақсақал екен. Келген беттен жалпақ тастың бетiн бiрден көрсеттi. – Мына жер, мiне, өзi лай толып қалыпты ғой, – деген. Ол кiсi көрсеткен жердi мен Мұраттың шелегiндегi сумен тазалап жудым. Құдай-ау, қара тастың бетiнде адамның iзi жатыр. Үлкен кiсiнiң алақаны сиып кететiн iз, тек сәл жiңiшкелеу. Қараңызшы, бас бармағы, саусақтары, өкшесi… бәрi-бәрi бар. Терiскейдi бетке алып машина қайта жүйткiдi. Көлiктегiнiң бәрi үнсiз. Көзiн жұмып алып ойға шомған қара шал әңгiмесiн жалғады: «Шашты ана еңiреген күйi баласының артынан қуыпты. Әйтсе де, алтын айдарлы алып бала жүгiрiп отырып көз ұшында ноқаттай болып көрiнбей кетедi. Бағанағы бiз жүрген жерлермен өтiп, бiр кездерi бала осы жонға келген дейдi. Күн ыстық, менi iздеп өкпесi өшкен анам ең болмаса таңдайы кеуiп шөлдемесе екен деп қолындағы таяғымен жердi шұқып кетiптi. Сол таяқ қаттылау тиген тастың арасынан құдық пайда болыпты. Жаңа сендер су iшкен құдық сол кезден бар екен. Ал тас бетiндегi адам iзiн көрдiңiздер ғой, тауға қарай жүгiре қашқан алтын айдарлы баланың iзi дейдi. Шашты ана жылап отырып Тасқұдықтан су iшiп, iлгерi қарай баласын iздеп жолға шыққан деседi…». Қара шал үнсiз қалды, көзiн қайта жұмып ойға шомды. Машина терiскей беттi бағытқа алып, құзар шыңдарға қарай асығып зулайды. Келесi кезекте Кезге аялдадық. Бұл – әулиенiң кезi деп аталатын жота басы. Бәрiмiз жапырлай көлiктен түстiк. Кез басында жалғыз «Уазик» тұр. Оның жанында жүрген қараторы жiгiт сәлемдестi. Төртпақ келген ол қазақы дәстүрмен амандасып жатыр. Жөн сұрастық. Шымкенттiң арғы жағынан, Қазығұрт ауданындағы Сабыр Рахымов ауылынан болып шықты. Аппаз Әдiлбайұлы деп таныстырды. – Жол болсын, – деймiз бiз. – Әулиеге ниет қылған үш кiсiнi алып келiп едiм, – дейдi ол. Сол тұста әңгiменi Төлебектiң дауысы бұзды. Менi шақырып жатыр. – Берi кел, – дейдi, – берi кел, сенi бiр көрейiн, – дейдi. Жiгiттердiң бәрi солай қарай бұрылды. Төлебек тiзерлей үлкен тасты сипалап отыр. «Бұл палуан тас, мұны кезiнде сенiң атаң көтерiп, денесiнiң құрысын жазады екен». Ол осыны айтты да палуан тасты айналып бiр шықты. Парманқұл көтерген палуан тас. Ұзындығы шамамен бiр метр көлемiнде, ал енi отыз сантиметрдей, биiктiгi 50-60 сантиметр шамасында ғана. Кiрпiш iспеттес келген өзеннiң шой тасы. Атаңның тасы деп жүргенi бiздiң атамыз Парманқұл күнiге екi-үш рет көтерiп, сол кезде қатарларымен күш сынасады екен. – Мен қайбiр жылы көтергенмiн, – дедi Әбиболла аға жақындай келiп, бiрақ бұл жолы көтерген жоқ. – Қазiр баяғы орнында тұр ғой, бiреулер осы палуан тасты сайға домалатып жiберiптi. Жiгiттер жабылып жүрiп әкеліп қойдық. Өзiнше ескерткiш емес пе?! Жарықтық, палуан тас. Палуан тасқа үңiлiп қарап қойдым. Тасқа әлдекiмдер аттарын ойып жазыпты… Есiмдерiн қалдырғысы келген ары-берi өткен жолаушылардың iсi. Әңгiме жазғанда, жазбағанда емес екен. Әйтпесе, оның еш жерiнде «Парманқұл» деген жазу жоқ. Тек елдiң есiнде, ауыздан-ауызға жеткен сөз. Парманқұл көтерген палуан тас. Атам көтерген тасты алақаныммен сипалап, тәу еттiм. Көтеру мүмкiн емес шығар. Жiгiттердiң бiразы ниет қылды. Ауыр қара тас мыңқ етпедi ғой. Сосын жайлап екi басынан ұстап көтергiм келдi. Кiшкене тыныстап алып, «әуп» деп бар күшiмдi салдым, жоқ, қасиеттi тасты көтере алған жоқпын, тек екi басы кезек-кезек қимылдағаны болмаса, орнынан қозғалмады. Зiл батпан ортасы төмен тартты да тұрды. – Алдыңғы жылы түркiстандық Пiрәлi деген палуан жiгiт тiзеге дейiн көтерген, – деп Қыдырбек қайрай түстi. Әулиенiң кезiнде көкпеңбек жонның үстiнде жалғыз тас жатыр, аталарымыздың қолы тиген қасиеттi палуан тас. Құзар шыңды бүйiрлей айналған жалғыз аяқ жол бұралаң қалпы Қоржын тауына бастады. Қоржынның алабажақ беткейiне қарап ат бердi ме екен деп те қоямын. Әдемi ою iспеттес бiр сурет. Терең аңғардың табанында гүрiлдеп өзен ағып жатыр. Аспандағы ақ шарбы бұлтпен астаса көрiнген тау келбеттене түскен. Жалғыз аяқ жолмен қатарласа қозғалған жолаушылардың дабыр-дұбыр әңгiмесi жаңғырыға тау асып кетедi. Бүлдiргеннiң арасынан бөдененiң бытпылдық-бытпылдық үнi әсем әуезiмен дабыр-дұбыр жаңғырыққа үздiксiз үн қосады. Екi шақырымдай қашықтықты алған жалғыз аяқ тау жол төмен түсуге оңай, ал қайтарда жонға көтерiлу қиын-ау. Мен алдымда келе жатқан қара шалды ойладым. Әлi де тың, демiкпеген күйi аяңдап келедi. Әлгiнде көз ұшында көрiнген Қоржынның етегiнде ағып жатқан өзен жиегiнде тастан қалаған жалғыз үй тұр. Оған сәл жақындау қара ағаштың түбiне әдемiлеп өрiп сәкi жасаған. Ертелеу жеткендер киiз төсеп, көрпеше салып жүр. – Қара ағаштарды биыл суық ұрып кетiптi-ау? – Қалдарбек аға аспанға қарай сөйледi. – Жарықтық, жыл сайын келгенде көкпеңбек болып тұрар едi. Биыл өзi ауа райы құбылып, мазаны алды ғой. – Аңғардың табанындағы қалың қара ағаш биыл қурап қалыпты. Ерте көктемдегi қара суық ендi бүршiк алғанда ұрған ғой, – дестi жұрт. Содан, сәл тыныстап алып гүрiлдеген тау өзенiн кешiп ары өттiк. Биiк құздың тас жақтауын жағалай жүрiп өзен ортасында жатқан қой тастарды басып, бергi бетке керi өттiк. Сол сәтте алдымыздан Төлебек шықты. Үстi малмандай су. – Кешiгiп қалдыңдар ғой, жаңа ғана келiп кеттi, – дейдi, – ендi 25-30 минуттан кейiн келедi. Өзен жиегiндегi қой тастарға отырдық. Қара шал құран оқыды. Құзар шыңның беткейiн ойдым-ойдым еткен күйi биiктен құлаған тау өзенiнiң аңғары сезiлдi, төбеге қарасаң доға iспеттенген тау басы үстiнен төне түсердей. Қарсы алдымыздағы тас қабырға екi жарым метрдей биiктiктен кейiн алаңқай сияқты жер болып жалғасады. Оның бiр шетiнде тастан қалап жатын орын iстелiптi. Жарқабақтың бетiнде жалғыз түп ағаш аппақ гүл шашып тұрғандай екен. Келген-кеткендердiң тәу етiп байлаған ақ шүберектерi аппақ гүлдерi дерсiң. Ал алдымыздағы тас қабырғадан аққан судың орны бiлiнедi – қарайып тұр. Тым биiкте, доға iспеттенген тау беткейiнде екi үңгiр, жоғары-төмен үңiрейген күйi алып тұлғаның қос жанарындай елестедi. Қара шал құран оқып болды. Сосын үнсiз қалды. Қара шал отырған қой тастың түбiнде шүберек байланған қара ағаш тұр. Соның жанымен өтiп солға бұрылсаң, қызық жайды көресiң. Жiңiшке өзеннiң арғы бетi тiп-тiк тас қабырға, сол қабырғаның бетiнен су моншақтап тамшылайды, қара тас егiле жылап жатқандай, жылап-жылап-жылап жатқандай… Сағатыма қарадым, 25 минут өтiптi. Мана әзiрде белгiленген уақыт – 11 сағат 06 минуттан берi 25 минут деп санап тұрмыз. Минуттап санаған уақыт өтiп болсайшы. Қазiр мына биiк тас қабырғаның үстiндегi үңгiрден су ағады деу маған сенiмсiздеу көрiнедi. Анда-санда әңгiмесiн жалғайтын қара шал тамағын қырнап алды. Сосын маған бұрыла бiр қарады да сөйлеп кеттi. «Алтын айдарлы бала бағанағы Тасбұлақтан өтiп, жүгiрген қалпы құлдыраңдап кете барады. Ентiге екi өкпесiн қолына ала Шашты ана да ұлының артынан қалмай бiрде жүгiрiп, бiрде етегiне сүрiнiп, бiрде аяңдап жүре берген дейдi. Бала алтын айдары күнге жалт-жұлт шағылысып осы тауға жеткен екен. Сосын, әлден уақытта зорға демалып, ентiге жеткен анасына қарамай таудағы үңгiрге кiрiп кетiптi. Сәлден кейiн үңгiрден баланың дау­сы естiлiптi. – Апа, үйге қайтыңыз, менi iздемей-ақ қойыңыздар. Мен ендi сiздерге жоқпын, үйге қайтып бара жатқанда артыңызға қарайламаңыз, үлкен өтiнiшiм, – деп ескертедi. Шашты ана баладан күдер үзiп үйiне қайтады. Әйтсе де, артына бұрылып, қимастықпен бiр қарайды. Сол сәт көз алдында алапат толқын таудан құлап келе жатады. Жүрегi аузына тығылған Шашты ана қорыққанымен, селт етпеген қалпы бiр орнында қатады да қалады. Жанарын жас жуған ана балам көрiнер ме екен деген оймен егiле жылайды. Гүрiлдей құлап бүкiл өңiрдi өз ығына көндiре төнiп, екпiндi бұйра толқынданып аққан су басып кетердей. Апаттан қаймықпаған ана жылап тұр едi. Алапат ағын Шашты анаға жете бере жерге сiңiп жоғалыпты. Егiле жылаған ана тұрған орнында тас болып қалған деседi…». Қара шал әңгiмесiн аяқтай әнтек басын көтердi. Сосын тағы бiр қайтара құран оқыды. Сәлден соң қасымыздағы жiгiттер «су келе жатыр», деп қосарлана үн қатқан. Мен сағатыма қарадым. 11 са­ғат 37 минут. Жылымшылап жоғарыдан су ағып келедi. Сәт санап көбейе бастады. Көз алмай тұрмын. Ағын ұлғая бердi. Жанымдағы кiсiлердiң бәрi суға қол созып жарқабақ тасқа жақындай түстi. Бiр мезгiлде әлгi ағын су қатты екпiнмен аппақ моншақтанып кеттi. Су емес, құдды, аппақ-аппақ моншақтар. Киiмiмiзге қарамай аппақ моншақтар – ақ нөсердiң астында тұрдық. Жұрт қолындағы ыдыстарына су толтырып жатыр. Мен де қарап қалмадым, қос алақанымды көсiп алдым да ұрттап көрдiм. Бұлақ суындай салқын екен. Тағы да көсiп алып iшiп жатырмын. Құдай-ау, аппақ-аппақ моншақтар – ақ нөсердiң астында – таудан құлай аққан су астында малшындық. Малшынғанымыз сол, әлгi ақ нөсер су бiрте-бiрте азая бердi, азая бердi… Сөйттi де жоқ болып кеттi. Тас қабырғада қайтадан әлгi мол судың жылымшылап аққан iзi қалды. Көп өтпей ол да тоқтады. Құдды манағыдай қарайып орны жатты. Аң-таң болып мен тұрмын. Үстi-басым малмандай су. Шашымдағы су бетiмдi жуа сорғалайды. Киiмiм лезде кебе бастады. Аяғымыздың астындағы тола су да ғайып болды. – Екi минөт ақты, жақсы келдi, – дедi Жұмабек сағатқа қарап. – Сонда аралығы 31 минутта келген су екi минут аққаны ғой. Бұл секiлдi тосындау жайттың бiрнеше рет куәсi болдық. Мәселен, Оңтүстiк Қазақстан облысы, Төле би ауданындағы Қайнар ауылында «Жылақ ата әулиенiң қайнары» деген жер бар. «Жылақ ата» қайнарындағы ерекшелiк, тас үңгiрдiң iшiне кiрсеңiз төбеңiзден тамшылай құйылған суды көресiз. Үңгiр iшiнде тұрып отауға кiргендей әсер аласыз, өйткенi, ортада тастан қашалған қазан-ошақ, үй-жиһаздарын көрiп таңдай қағатыныңыз анық. Киiмiңiз суға қанша малынса да тоңбайсыз, үңгiрден шыққан бойда құрғап сала бередi. Жергiлiктi тұрғындардың айтуына қарағанда, Жылақ атаның кiндiгiнен тараған ұрпақ болмай, Алла тағаладан бала сұрап, жалбарынады. Жылақ атаның көз жасы көл күйi Құдайдан қаншама бала сұрағанымен арманы орындалмайды. «Өмiрден тұлдыр өткенше Құдай неге тас болып қатырып тастамайды екен» деп жалбарынады. Ал екiншiсi Маңғыстау облысындағы Тамшылы едi. Аты айтып тұрғандай, өз жұмбақ сырымен қызықтыра түсерi анық. Мұндай құпияға толы тамшы себелеп тұратын тас үңгiрлер аз емес. Бұлардың қатарына Алматы облысының Жаркент ауданындағы үңгiрдi қосыңыз… Жылағанатаның олардан ерекшелiгi, үңгiр емес, тамшылап тұрған жалпақ тас қабырға, сосын, ауық-ауық ағып, тоқтап қалатын сарқырамасы болса керек. Қазығұрттан келген Аппаз екеумiз су ағып, қайта шегiнген жаққа көтерiлдiк. Кiшкене алаңқай бiткен тұста кішкентай үңгiр бар. Үңгiрдiң аузы лықа толған су, бұл жерде де төмен шегiнiп бара жатқанын байқадық. Қиялау тасты беткеймен әрең дегенде өрлеп жоғарыдағы үңгiрге кiрдiк. Ұңғыл-шұңғылы көп үңгiр. Iшi әрi қарай жүруге тым қорқынышты едi. Ойдым-ойдым iрi тас жүруге өте ыңғайсыз, бұралаң-бұралаң күйi беймәлiм әлемге бастардай ынтықтырады. Төбедегi сұсты тастың қатулы қабағы қорқыныш болып кеудеден итерердей. Керi шықтық. Жоғарыда тағы бiр үңгiр бар. – Бағзы замандарда су осы жоғарғы үңгiрден аққан дейдi. Кейiндерi ортадағыдан, ал соңғы кезде төменгi, үшiншiсiнен құлап ағады екен. Қара шал бiз төмен түскенде мән-жайды түсiндiрiп жатты. Бәлкiм, Шашты ананың көз алдына топан су болып көрiнетiн кезi сол ең жоғарғы үңгiрден құлаған ағын шығар. Бұл – менiң ойлағаным. Бәрi де тұп-тура аңыздағыдай, осы жерден бiр шақырымдай қашықтықта Жылағанатаның қадам ғарысы бар. Кәдiмгi үй iспеттес тас үңгiр. Құзар шыңның басында болғандықтан, оған шығу да қиын. Тас-тастың арасымен өрмелеп әрең көтерiлдiк. Үңгiр аузына енгенiмiз сол, жаңбыр жауып кеп бердi. Сөйтiп, селдеткен нөсерден Жылағанатаның қадам ғарысы – үйiне кiрiп паналадық. Үңгiр бөлме-бөлме болып жалғаса бередi. Бiз үшiншi үйдiң босағасынан қайттық... Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Бозбұтақ