• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2016

«Ақылды қаланың» артықшылықтары көп

205 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы Оқушылар сарайында «ASTEX Astana Smart City-2016: «Бақытты өмір сүруге арналған ақылды қала» атты халықаралық форум-көрме өтті. Шараны елорда әкімдігі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі, «Астана Innovations» АҚ және «Транстелеком» АҚ бірлесіп ұйымдастырды. Оған АҚШ, Еуропа және ТМД елдерінен үш жүзден аса делегат қатысты. Жиын қонақтары алдымен «ақылды қаланың» негізін құрайтын ірі компаниялардың қызметтерімен, өнімдері көрмесімен танысты. Басқосуда Астана әкімі Әсет Исекешев сөз сөйлеп, елор­да өміріне дендеп еніп жат­қан заманауи жобалар, жаңа бағ­дарламалар туралы баян­дады. «Мемлекет басшысы әлем елдері бүгінгі таңда тез ауы­сып отырған жаңа өмір шын­дығына бейімделу мәсе­лесіне алаңдаулы екенін бір­неше рет айтқан болатын. Дид­жи­талдандыру және цифрландыру дәуірі келе жатыр, өмірімізге сандық технологиялар енуде. Қазіргі уақытта Президенттің бірқатар тапсырмаларын және Ұлт жоспарындағы 69-қадамды ескеріп, Астанада Еуразиялық кеңістіктегі жаһандық қаланы дамыту керек. Біз өзіміз үшін әлемдегі ме­га­полис экономикасының құры­лымына сай келетін он басым секторды анықтадық. Және «Смарт Астана» тұжы­рым­дамасын әзір­ледік. Ақпа­рат және коммуника­циялар министрлігі «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасын дайын­дап, іске асыруда. Енді Аста­наны қанатқақты алаңға айнал­дыр­мақпыз, сонымен бірге ұсынылған барлық бағдар­ла­ма­ларды іске асыру үшін күш саламыз. «Смарт Астана» бойынша әлеуметтік және экономикалық нәтиже беретін жобалардың алғашқы қадамдары басталып та кетті», деді Әсет Исе­кешев. Форум сессиясында Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрі Дәурен Абаев еліміз урбанизация деңгейі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұрғанын мәлімдеді. «Бүгінде қалалық өмiрдiң барлық салаларына ақпараттық жүйелерді енгізу халықтың сапалы өмi­рiнiң ажырамас шартына айналды. Бүкiл әлемде урбанизация үдерісі қарқын алып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйы­мының бағалауынша, 2050 жылға қарай әлемдегі халықтың 70 пайызы қалаларда тұратын болады. Бұл көлік және тұрғын үймен қамту жүйесінде қиындықтар тудыруда, сондай-ақ, энергия­ны оңтайлы пайдалану мен қоршаған ортаға қамқорлық танытудың өзектiлiгi де артып отыр. Осындай күрделі мә­се­лелерді шешу ақылды іс-қи­мылды қажет етеді», дедi Д.Абаев. Ол бұл орайда ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар шешуші рөл атқаратынын жеткізді. Дамыған елдер постиндустриялық дәуiр қалаларын дамыту үшін бұл мүмкiндiктердi толыққанды пайдалануда. «Ақылды энергетика», тiптi, «қалдықтарды ақылды басқару» тәрiздi сөз тiркестерi қазір ешкiмдi таңғалдырмайды. Ха­лық­аралық мәліметтерге жүгінсек, ақылды қалаларда интернет құрылғыларға қосылған тұтынушылардың саны 2015 жылғы 1 миллионнан 2018 жылы 3 миллиардқа жетеді», де­ген министр жаһандық эконо­мика мен технологиялық на­рықтан қалыс қалмау аса маңызды екенін баса айтты. «Қазақстанда урбанизация дең­гейі 60 пайызға жетеді және осы көрсеткіш бойынша біз Орталық Азияда көш бастадық. Бұл үдерістің жарқын үлгiсi – жас астанамыз», деп түйіндеді сөзін Д.Абаев. Шара барысында «Ас­та­на» ха­лықаралық қаржы ор­та­лығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, «City Smart Up» негізін қалаушы және басқарма мүшесі Ренато де Кастро, IDC «ақылды қалалар» жаһандық бағдарламасының директоры Руг­би Кларк өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған смарт-технологиялардың ин­­нова­циялық дамуына қа­тыс­ты мә­селелерді талқылады. Шетел­дерден келген спикерлер цифрлаудың перспективалары туралы жобаларын таныстырып, өзге де өзекті үдерістер жайында әңгімеледі. Сондай-ақ, форум шеңберінде «Үндеулер, перспективалар және стандарттау» тақырыбында конференция ұйымдастырылды. Пленарлық сессиядан кейін Астана әкімдігі мен әріптестер арасында инновациялық сала­дағы ынтымақтастық және кәсіп­керлікті дамыту туралы бір­неше меморандумға қол қойылды. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»