• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2016

Рухани тәуелсіздікке ұмтылған кинотуындылар қайда?

289 рет
көрсетілді

Әр кино – ерекше әлем. Ал оның көрермен­мен байланысы болмаса – өлгені. Кино өнерінде тумай жатып тұншықтырылған, көгілдір экраннан көрсету бақыты бұйырмаған фильмдер көп болмағанымен, таспа күйінде тартпаға салынған, содан мүлде дерексіз кеткен азды-көпті фильмдердің бар екенінен хабардармыз. Олардың осы күнге дейін сөреде сүрленіп жата бергеніне қарағанда, идеялық-тақырыптық жағынан әбден ескіріп, қажетсіз болғаны  немесе «цензура расымен де әділдік танытқан» деп толықтай мойындағанымыз. Саяси мазмұны, моральдық келбеті, көркемдік қуаты үйлесім тапса ғана экранға жолдама алатын фильмдерде осының бірі кем болса, қатал айыпталды. Кеңестік жарқын өмірді көрсетпей, көлеңкелі жағын сөз еткені үшін кино көсемдерден арқаға бататын ащы сын естіп, туындылары «Қазақфильмнің» шаң басқан сөрелеріне тасталды. Жаңбыр-жаңбырдың арасымен жүріп идеясын жүзеге асыруға тырысқандардың өзі мұндай мүмкіндікке 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басындағы «жылы­мық» кезеңінде ғана қол жеткізді. Кино маман­дарының айтуына қарағанда, шу туғызып, қоғамға «шок» алдырған кинолардың жарыққа шықпай қалуының жалғыз-ақ себебі бар – оларға ұлттық бояуы қалыңырақ жағылып кеткен. Кино үшін «жаңа леп» болғанымен, кеңестік идеология үшін «тұнық суды лайла­ған», «тыныш өмірдің шырқын бұзған». Цензура барлық елде, барлық кезеңде бола береді және оның түрлері де көп. Тіпті бүгінгі демократиялық Голливудтың өзі «Американың өмір сүру салтын өмір сүрудің жалғыз және ең жақсы жолы» ретінде дәріптейтіні, ал оған қайшы келгендерін кинотеатрдың есігінен сығалатпайтыны өтірік емес. Сөйткен Америка атақты комик, дыбыссыз киноның дара тұл­ғасы Чарли Чаплиннің жоғалып кеткен алғаш­қы фильмдерінің бірі табылғанда, үлкен оқиға ретінде қабылдаған. Жоғалған дүниенің табыл­ғанынан артық қуаныш  бола ма? Ал біз болсақ, жоғалмай-ақ, белгілі мекен­­жай­дағы белгілі мекеменің сөресінде сан жылдар бойы сарыжамбас болып жат­қан киномызды іздеуге келгенде керенау тартып отырмыз. Біз онсыз да ақ-қара түсті кеңестік киноленталар дәуірінің көзі іспетті «Мосфильм» мен «Ленфильм» түсірген «Молодая гвардия», «Девчата», «Андрей Рублев», «Они сражались за Родину», «Вечный зов», «Летят журавли», «Я шагаю по Москве», тіпті, 1925 жылы түсірілген «Броненосец Потемкин» сияқты фильмдерді Қазақстан экранынан көруге мәжбүрміз. Бұлар қайта қайталап көруден жалықпайтын Гайдай мен Рязановтың класси­ка­­сы емес, тарихи-тақырыптық мазмұны тозған, нағыз идеологиялық жағынан ескір­ген фильмдер емес пе? Егер мәселеге осындай көзқарас­пен қарасақ, экраннан ескірген фильм­дерді бәрібір көреді екенбіз, ендеше, қапас­қа қамалған өз фильмдерімізді де жарық­қа шығарып, танысып, талғам тезіне салайық, шынымен көнергені рас болса, көрермен үкімін өзі айта жатар. 1937 жылы «Чапаевтың» ізімін түсірілген «Аманкелді» Ресей киногерлерінің күшімен экранға шықты, ал нағыз ұлттық иісі бар қазақ киносы соғыстан кейін түсіріле бастады. Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев сынды ВГИК-ті бітіріп келген жастар экранға қазаққа жақын идеяларды әкеліп, нағыз ұлттық мазмұны бар, қазақы иісі бұрқыраған төлтума дүниелерді түсіруді қолға алды. Әрине, бәрі де аузымен құс тістеп, оза шапқан туындылар емес шығар, бірақ режиссер ізденді, еңбектенді. Жарыққа шықпай қалған қазақ киноларының қара тізімін жазушы Зейін Шашкиннің повесі бойынша Абдолла Қарсақбаев түсірген «Тревожное утро» – «Қилы кезең» фильмі бастайды. Оқиға Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарының оқиғаларына құрылған. Бұл фильм туралы белгілі режиссер, «Танарис» киностудиясының президенті Сергей Әзімов «Фильмде екі бас кейіпкер бар: рөлдегілердің бірі – Ыдырыс Ноғайбаев, екіншісі – Елубай Өмірзақов. Елағаң халық мүдде­сін ойлайтын таптың өкілі. Екеуі де өз мүдде­сін бір-біріне мойындатқысы келеді. Е.Өмірзақов­тың кейіпкері: «Мынау сенің құрып жатқаның не үкімет? Бұл үкіметтен халыққа не қайыр?» дейді. Үкіметке қарсы ауыр сөз айтқаны үшін комиссар оны қамап тастайды. Бірақ, түнделетіп келіп батырдың серіктері зынданнан шығарып алып, шекара асырмақ болады. Алайда, ол елден кеткісі келмей, кері қайтады. Осы соңғы эпизод жан тебі­рентерлік ғажап еді. Тап осы тұста Тарков­ский­дің «Андрей Рублевы» да жарыққа шығып жатқан. Ол да «Қилы кезең» секілді 3-кате­гория­лы фильм еді, тағдыры қыл үстінде тұрса да, орыс зиялылары бір адамдай бас көтеріп «Рухани дамуымыз үшін бұл фильм ауадай қажет» деп сақтап қалды. Ал Абдолла ағамыз­ды қорғауға сол кездегі зиялыларымыз дайын болмады. Өйткені, біз қай жағынан болса да еркін емес едік. Сөйтіп, қанға сіңіп кеткен рухани құлдықтың кесірінен көзі тірісінде «жаназасы» шығарылды»,–деп еске алады. Абдолла Қарсақбаевтың ұлттық зиялы қауым тарапынан қолдау көрмеген тағы бір фильмі – «Балалық шаққа саяхат». Бердібек Соқпақбаевтың  белгілі шығармасы. Бірақ, ол да көрермен көзайымына айнала алмады. Повестің өзін еске алайықшы, қара тырнағына дейін қазақы суреткер Соқпақбаев ауыл өмірін қаз-қалпында, мұржадан шыққан түтіннің иісі мұрнымызға келетіндей табиғи, таза тілмен баяндайтын еді. Алайда, «Бандыны қуған Хамит», «Алпамыс мектепке барады», «Менің атым Қожа» сынды классикалық фильмдер жаса­ған Қарсақбаевтың «Балалық шағы» баян­сыз болып шықты. Өйткені, қос таланттың ор­тақ туындысының мазмұны «ұлттық» болып шық­­қан, керісінше, «түрі ұлттық, мазмұны социа­лис­т­ік» болғанда жан сақтаған болар ма еді? Қазақ кино өнеріне «Өтелмеген парыз» атты ғажап туынды сыйлаған Серік Жармұхаметов ағамыздың  айтуынша, түсіріле салып, сөреге қойылған фильмдердің бірі – Болат Мансұров­тың «Құлагері». Ілияс Жансүгіров­тің эпикалық кең тынысқа құрылған ұлы шығармасы кино тілінде қайта құру кезеңінен кейін бірді-екілі рет экраннан көрсетілгені болмаса, көрермен толық тамашалап үлгермеді. Шынтуайтына келгенде, «Құлагер» – қазақ туралы дастан еді. Тұлпардың тұрпатына жасырылған қазақтың мінезін, жаратылысын, қарама-қайшы күрделі болмысын кинодағы қырағы көз «батыраштар» бірден таныды. Мансұров қазақ туралы ащы шындықты айтамын деп «Құлагерінің» сауырына қара таңба салдырып, аузына қара құлып салынған қараңғы қораға мәңгілікке қамады... Идеологияның өткір пышағына түсіп туралған фильмдердің қатарында 1975 жылы түсірілген Мәжит Бегалиннің тарихи-революциялық тақырыптағы «Отқа оранған Оралы» бар. Ұсақ-түйек, жеңіл дүниелерді түсіруден бойын аулақ салатын М.Бегалин осы фильміне барын салып, азаматтық көз­қарасын білдіруге тырысады. Жайық өзенінің жағасында түсірілген фильмнің сценарийі бойын­ша, Деникин мен Колчактың әскеріне Алашорданың атты әскерлері қарсы тұрып, Орал қаласын ақтардан азат етуге атсалысады. Фильмді орталыққа, Мәскеуге көрсетуге алып барғанда, фильмнің әскери кеңесшісі болған генерал-лейтенант тас-талқан болып ашуланады. Генерал «ұлтшыл» деп айыптап, Мәжит Бегалиннің үстінен арыз жазады. Сөйтіп, орталықтың цензурасы мен орысшылдықтың тегеурінді екпіні «Отқа оранған Оралды» отыз жыл бойы қоймаға қамайды. Ал бұл фильмде Қанабек Байсейітов, Шахан Мусин, Кәукен Кенжетаев, Әнуар Боранбаев, Нұржұман Ықтымбаев секілді талантты актерлер ойнаған еді. 2002 жылы М.Бегалиннің 80 жылдық мерейтойы тұсында телеарнадан бір мәрте көрсетілді де, қайтадан сол «жылы орнына» жайғасты. Бірақ, ұлт үшін Алаш идеясының құндылығы асқақтай бастаған бүгінгі күні «Отқа оранған Орал» қайта тірілсе, көрермен жұрт фильмнің маз­мұны арқылы алашшыларды танып, ақтап, көмескі­лене бастаған Бегалиннің есімін ұмыт­пай, ұлықтай жүруге бір септігі тиер ме еді? Жарыққа шықпай қалған кинотуын­дылар­дың ішінде деректі фильмдердің үлесі басым. Режиссер Сергей Әзімовтің «Интервал» атты деректі фильмінің тағдыры да жоғарыдағы мысалдарға ұқсас. Бірде ақын Олжас Сүлейменов «Казахстанская правда» газетіне «Почему худеют овцы?» деген мақала жариялайды. Ақ қағаздың беті не көтермейді, ол мақалада «кемшіліксіз» кеңестік қоғамның сорғалаған шындығы айтылады. С.Әзімов сол кездегі Қазақстан Кинематографистер одағы­ның төрағасы Болат Ғабитовке осы мақа­ла негізінде фильм түсіргісі келетіні туралы айтқанда, ол бірден келісіп, рұқсатын береді. Тіпті, фильмді басқа жақта емес, әкесі Ілияс Жансүгіровтің туған ауылы Талдықорған облысы Ақсу ауданына барып түсіруге ұсыныс жасайды. Сценарийді Болат ағамыздың өзі жазады. Фильм түсіріліп біткен соң Д.Қонаевқа апарып көрсетеді. Бірақ, бірінші басшы «ұнады», «ұнамады» деген бір ауыз пікірін білдірместен, үнсіз қалады. Өйткені, фильм қазаққа қой бағуды ғана кәсіп деп үйреткен кеңестің заманына, шопан мен сауыншыны немесе құрылысшы мен кеншіні мадақтаймыз деп жүріп рухын төмендетіп, өмірін тек қара жұмысқа ғана әкеп тіреп, басқа рахатының бәрін сызып тастаған идеологияның ауласына атылған кесек тас болатын. Анадан шыр етіп туғанда маңдайына шопан болу жазылып, өмір бойы атадан қалған ақ таяқты ұстап өтуге міндетті секілді, ол адамның арманы бар, мұңы бар, оның отбасы, ойы бар деп ойлағысы келмеген қоғамның шындығын шопан жанары арқылы кадрға тура таңбалаған 28 жастағы режиссер С.Әзімовтің басына бірден қара бұлт үйіріледі. Б.Ғабитов С.Әзімовке телефон шалады: «Ертең таңертең Алматыдағы ет комбинатының Мәдениет үйінде болуымыз керек». Айтылған уақытта келген бұларды Қазақстанның Ет және сүт өнімдері министрі Алыбаев еліміздің барлық облыстарының және Орта Азиядағы ет комбинаттарының бүкіл басшыларын жинап, күтіп отырады. Кенет жиналғандарға Әзімов пен Ғабитовтің «Интервалы» көрсетіле бастайды. Тырс еткен дыбыс жоқ. Фильм аяқталған соң министр: «Ал, қалай ойлайсыздар, осы фильмді халыққа көрсетеміз бе, көрсетпейміз бе?» деп жағалата көз тастайды. Министрдің зілді дауысынан-ақ мән-жайдың қайда беталатынын байқап отырғандар басын тұқыртқан күйі жақ ашпай отыра береді. Режиссердің орнынан тұрып жауап беруін сұрағанда, Әзімов: «Фильмнің басты кейіпкерлері қойлар ғой, ал қойлар режиссердің айтқанын, қалағанын орындай алмайды ғой», дейді. Мұны естіген мал мамандарының екі көзі атыздай болып, президиумда отырғандар үстел тоқпақтайды. Трофимов деген басшы ғана мал шаруашылығы саласындағы бүкіл проблемаларды жіпке тізіп баяндап шығады да, «Көрдіңіздер ме, мал шаруашылығында, жалпы, шопанның өмірінде сіздер де біле бермейтін күрделі мәселелер бар. Режиссер осыны көрсет­к­ен, тек халық мұндай шындықты, ашық ақпа­ратты алуға әлі дайын емес», деп сөзін түйін­дейді. Малды ата кәсібім деп таныған қазақ қойшысының бейнетпен байланысты өмірін көрсеткен «Интервалды» Әзімов Мәс­кеу­­дегі Бүкілодақтық Кинематографистер ода­ғы­­ның пленумында ғана көрсетіп үлгереді, содан кейін қоғам мен қойшы арасындағы интер­валдың тым алшақ жатқанын жайып салған «Интервал» «иі қанбаған» деп танылып, идеологияның шеңгеліне түскен күйі қара қоймадағы иесіз, сұраусыз, іздеусіз өмірін бастап кетеді. Режиссердің айтуынша, әр ұлтты құраушы, қалыптастырушы кәсібі болады. Ата кәсібі. Қазақтың ата кәсібі – мал. Бұл фильм мал туралы емес, малды комбинатқа айдап апа­рып, етке өткізудің мәселесі туралы да емес, фильм мал шаруашылығымен айналыс­қан қа­зақ­тың намысы туралы, қазаққа басқа­лар­дың көзқарасы мен қарым-қатынасы жөнін­де болатын. Астарында «Ата кәсіп қалай бағалан­­са, қазақ та солай бағаланады» деген ой жатқан еді... Жоғалған киноларды тірілту, көрерменге жеткізу керек. Оны көрерменге қайтармау әділе­тсіздік болады. Қазақ киносында мұндай дүние­лер көп те емес, санаулы ғана. Жарыққа шы­ға алмай жылдар бойы қапаста қалған туын­дылар­дың тұсауын қайта кесіп, көпшілікке ұсын­сақ, режиссерлеріміздің еңбегін тірілтіп қана қоймай, толықтай табиғатымызға сіңіре алмай келе жатқан рухани азаттығымызға тағы бір қа­дам жасаған болар едік. Өйткені, таспада жатып тұн­шыққан ол фильмдердің әрқайсысы рухани тәуел­сіздікке ұмтылған арманнан туған болатын... Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»