• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2016

Жаңа технологияға сүйенеді

131 рет
көрсетілді

Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желісін салу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізуге 265 жоба ұсынылып, соның ішінен 99 жоба іріктеліп алынды. Аталған жобаларды жүзеге асыру барысында 89 шақырым жылу жүйесі, 816 шақырым сумен жабдықтау жүйесі, сонымен бірге, 277 шақырым су тарту желісі салынып, қалпына келтіріледі. Бұл жөнінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мен жаңғыртудың қазақстандық орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Дастан Хамзин аталған орталықтың Ақтөбе қаласында ұйымдастырған аймақтық конференциясы барысында мәлімдеді. «Есте болса, 2015 жылдың 6 сәуірінде Мемлекет басшысы «2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасын бекітті. Аталған бағдар­лама аясында жылу, сумен жабдықтау және су тарту жүйесін қалпына келтіру, салу, жаңғырту жобаларына 2015 жылы Ұлттық қордан 60 млрд теңге, ал 2016 жылы 90 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаға сәйкес, әрі қарай жыл сайын, кем дегенде,  жылу, сумен жабдықтау және су тарту жүйесін қалпына келтіру, салу, жаңғырту жобаларына 100 млрд теңгеден бөлу қарастырылған. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында 2020 жылға дейін жылу, сумен жабдықтау және су тарту жүйесінің тозу дең­гейін 67 пайыздан 53 пайызға төмендету жоспарланып отыр», деді Дастан Айтжанұлы. Оның дерегінше, 2015 жылы осы мақсатта ұсынылған 200 жобаның  92-сі іріктеліп алынған екен. Бүгіндері 47 жоба бойынша жұмыс аяқталыпты. Соңғы жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сала­сындағы жаңғырту жұмыс­тарының қарқын алуына «Нұрлы жол» бағдарламасының мол септігі тиіп келеді. Әрине, қан­дай істі де әуелі кадрлар білік­тілігін арттырып барып бастаған жөн. Бұл ретте, Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын жаң­ғырту мен дамытудың қазақ­стандық орталығы жыл сайын дәстүрлі түрде өңірлік конференциялар өткізуді қолға алған. «Биыл Астана, Ақтөбе және Алматы қалаларында өткен «Тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын басқарудың тиімді әдістерін қолдану, инновация мен энергия үнемдеу технологиясын енгізу негізінде дамыту» деп аталатын өңірлік конференцияларда «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Бұл басқосуларды өткі­зудегі мақсатымыз – тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­­лығы саласында қызмет етіп жүрген қызметкерлер мен жұ­мыс­шылардың білімі мен білік­­тілігін көтеру, тұрғын үй қорын, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғырту, тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу, тұрғын үй саласындағы энергия үнемдеудің тиімділігін арттыру», дейді Д.Хамзин. Оның айтуынша, орталықтың мұрындық болуымен өңірлік конференциялар мен халықаралық көрмелерде немесе отандық өнді­рушілердің өз өнімін насихаттау­ына зор мүмкіндіктер беріледі. Себебі, саланы жаңғырту жұ­мыс­­­тарына Қазақстанда жасалған технологиялар мен жабдықтардың пайдаланылуына мүдделі. Бұл әрі-беріден соң ел экономикасына да септігін тигізетін қадам.  Айта кетсек, күні кеше ғана Астанада өткен «ТКШ ЭКСПО-2016» халық­аралық форумында алыс-жақын шетелден келген сала мамандары мен отандық мамандар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы инновация,  жаңа технологияларға негізделген энерготиімділік тақырыбын кеңінен сөз етті. Форум аясында ұйымдас­тырылған көрмеге жүзден астам тауар өндіруші қатысты. Солар­дың бірі – бесінші буынның жарықдиодты жарықтандыруын қамтамасыз етуші «РROLUX LED» ЖШС. Тиімділігі жоғары өнімдер өндіретін бұл компания өнімдерінің баламасы бүгіндері ТМД нарығында жоқ деуге болады.  Ал «АПРО-Биллинг» бағдарлама кешенін ұсынған «АПРО» ЖШС коммуналдық төлемдерді есептеуді автомат­тандыруға зор үлес қосып келе­ді. Ақпаратты нақты және жедел өңдеуге, абоненттерге жұм­салатын уақытты қысқартуға, еңбек ресурстарын үнемдеуге, коммуналдық қызмет түрінің кез келген түрін есептеп шығаруға мүмкіндік беретін бағдарлама бүгінгі күні қажет-ақ. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»