• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2016

Ауылдар ауыз судан тарықпайды

283 рет
көрсетілді

Ішуге жарамды жерасты суларын анықтау бойынша ауқымды геологиялық барлау жұмыстары Қарағанды облысында біраздан бері жүргізіліп келеді. Оның бәрі, әлбетте, өңірдегі елді мекендерді ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету үшін қажет. Ауылдық жерлерде жерасты суларын барлау жұмыстары өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Биыл облыстағы 32 ауылдық елді мекенде геологиялық жұмыстар аяқталады. Жерасты суларының қоры туралы есеп те жыл соңына дейін дайын болуы тиіс. Сонымен қатар, биыл 45 ауылдық елді мекен мен 23 кен орнында жұмыстар қолға алынды.  Олардың қорытындысы тек келесі жылдың соңына таман белгілі болмақ. Тағы да 44 ауыл мен 2 кен орны бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жұмыстар 2017 жылдың басынан қолға алынады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар­масының басшысы Қайрат Бегімовтің айтуынша, сумен қамтамасыз ету бо­йынша 13 жобаны жүзеге асыруға 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Нәтижесінде, 5 жоба толықтай аяқталып, 61 шақырымнан артық су торабының кей жері қайта жасалып, кей тұстары жаңадан салынды. Бұқар жырау ауданындағы Петровка ауылы мен Ұлытау ауданындағы Алғабас ауылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2016 жылдың басында Қарағанды облысында орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген 225 елді мекен болды. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстары биыл да жалғасын тауып, осы мақсатқа 1,6 млрд теңге қаражат бөлінген. – Мемлекеттік бағдарламаның көмегі арқасында су жүйесіндегі ақаулар көп азайды, – дейді Қайрат Бегімов. – Су торап­тарындағы апаттар, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, бес есеге, кәріз торап­тарындағы бітелулер он есеге дейін азайды. Қарағанды облысындағы 195 ауыл­дық елді мекеннің тұрғындары құдық­тар мен түрлі ұңғымаларды пайдаланады екен. Олар­дың көпшілігі шағын ауылдар. Солардың жиырмасында ғана халық саны 500 бен 1 мың адам аралығында.  Соған орай, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасының басшысы тым кіш­кен­тай елді мекендердің халқын «Жұ­мыс­­пен қам­тудың жол картасы-2020» бағдар­лама­сының үшінші бағыты бо­йынша экономи­­калық әлеуеті жоғары елді мекендерге кө­шіру мүм­кіндіктерін қарастыруды ұсынып отыр. Қайрат Бегімовтің айтуынша, шешіл­меген проблемалар баршылық. Мысалы, Сәтбаев қаласының Батыс тұрғын ауданында су құбырлары мен кәріз жүйесінің құрылысы аяқталмаған. Оның басты себебі, әдеттегідей қаржы мәселесі көрінеді. Қала әкімдігі мердігер ұйымды 2015 жылы сот арқылы жауапкершілікке тартқан болатын. Сот әкімдікті жақтап шешім шығарса да, мер­дігер ұйым тиесілі қаражатты әлі күнге қайтар­маған. Ұлытау ауданындағы Ұлытау мен Саламат елді мекендерінде су құбырла­рын тарту жұмыстары аяқталмаған. Оның себебі – ­жобада жұмыс істеп тұрған ұңғы­маларды ­тазалау жұмыстары алдын ала қа­растырылмаған, яғни есепке алынбаған. Дегенмен, бұл мәселелердің бәрі бір­тіндеп шешілуде. Өңірде ауыз судан соншалықты тарығып отырған елді мекен жоқ. Әйтсе де, олар тұтынып отырған судың сапасы арта түссе, халықтың денсаулығына біршама қамқорлық болар еді. Жауапты кәсіпорындардың көздегені де сол. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ