• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2016

Сирия тағдыршешті кезеңнің алдында тұр

229 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта Сирия мен Иракта орын алған бірқатар маңызды оқиғалар аймақта сең қозғалып, қалыптасқан жағдайдың түбегейлі өзгере бастағанының нышаны болуы мүмкін. Аймақта террорлық топтарға қарсы біріктірілген күш-жігердің нәтижесінде сағы сынып, қалаларға бекінген содырлар қоршауға алынып, оларға жойқын соққылар берілуде. Террорға қарсы бағытталған шабуылдардың арқасында экстремистік топтардың әрекеттері бытыраңқы сипат алып, өзге аймақтарға ығыстырыла бастады. Осы ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев 22 қараша күні беделді Bloom­berg агенттігіне берген сұх­батында Сирия мен Ирактағы халық­аралық коалиция тарапынан ығыс­тырылуы мүмкін ИШИМ террор­шыларының жақын жатқан Ауған­станға, тіпті Орталық Азияның оңтүстік өңірлеріне ойысу ықтималдығы бар екеніне баса назар аударып, оң­түстіктегі көрші мемлекеттерге қы­сым жасалған жағдайда еліміздің де ты­ныштығына нұқсан келетінін ашық айтты. Мемлекеттердің лаңкестікпен бірлесіп күресуі қажеттігі де осы сұх­бат барысында атап көрсетілді. Расында, алдағы кезеңдерде Алеп­по мен Мосулдың лаңкестерден босатылу мүмкіндігін негізге ала отырып, келешекте Раққа және Идлибте де жүргізілуі ықтимал кең ауқымды әскери операциялардың қысымымен содырлар ығысып, көрші елдермен қатар, Орталық Азия аймағы үшін де қауіп төндіруі әбден ықтимал. Соңғы бір аптада Сирияның ірі экономикалық орталығы – Алеп­по­ның шығысында қоршауға алынған қарулы оппозиция күштеріне Сирия үкімет әскерлері нәтижелі шабуыл жасап, оппозиция иеленген аумақтың кемінде үштен бір бөлігін, тіпті жартысына жуығын басып алды және «Жәбхат Фатх әш-Шам» (бұрын «Сириядағы әл-Қаида», «Нусра» деген аттармен белгілі), «Ахрар әш-Шам» және «Еркін Сирия армиясы» құ­рамындағы қарулы топтардан қала­ның солтүстік-шығысындағы 13-14 ау­данды кері қайтарды. БҰҰ берген мәлі­меттерге сәйкес, 30 мыңға жуық бейбіт тұрғын Асад әскерлері мен күрд жасақтары орналасқан қаланың баты­сына қарай қашып үлгерген. Әр­түрлі дерек көздері қашқан кісілер санының 50-90 мың екенін айтады. Алеп­поның шығысында әлі ке­мінде 150 мыңға жуық бейбіт тұрғын қалуы мүмкін. Оппозициялық күштер қаланың оңтүстік-шығысына қарай ығыстырылып, бірнеше ауданда қоршауда қалды. Вашингтон Таяу Шығыс инсти­ту­тының сарапшысы, Лион 2 уни­вер­ситетінің зерттеулер жөніндегі директоры, Сирия бойынша белгілі маман Фабрис Баланш Шығыс Алеппоға жасалған соңғы шабуыл бетбұрысты кезеңнің, түбегейлі өзгерістердің басы екенін алға тартады. Сарапшы Трамп әкімшілігі ресми түрде билікке келгенге дейін Асад режімі мен Ресейдің Алеппоның барлық аумағын оппозициядан толық босатуға ұмтылып отырғаны туралы жазады. Шығыс Алепподағы оппозиция өкілдерінің шегінісі мен жартылай жеңілісінің себебі, Сирия үкіметі әскерінің бір уақытта бірнеше нүктеден шабуыл жасауына байланысты оппозицияның қорғанысы бытыраңқы сипат алып, содырлардың күші әлсіреген. Оппозиция өкілдері «Әш-Шарқ әл-Аусат» газетіне берген сұхбатында айтылғандай, қаланың солтүстік-шығысындағы «Еркін Сирия әскерінің» құрамына енетін кейбір жасақтардың белгілі себептермен басқа операцияларға қатысуға байланысты өз шептерін тастап кетуі Алепподағы оппозицияны қатты әлсіретіп жіберген. Алеппода қоршауға түскен Сирия қарулы оппозициясын нысанаға алған Сирия үкіметі бірнеше ай бойы шабуылдарын үдетіп отыр. Әлбетте, Сирия үкіметінің әскері өз күшімен мұндай ірі әскери жетістікке қол жеткізе алмас еді. Бұған дейін Сирия әскеріне Ресей ғарыш күштерінің, Иран және «Хезболла» жіберген жасақтардың әскери қолдау көрсетіп келгені белгілі. Үкімет әскерлері Алеппоның шы­ғысындағы әуежай және қаланың солтүстігінен шабуылдарды үдете тү­суі мүмкін. Қаланың толық азат етілуі Сирия үкіметі әскерінің 2012 жылдан бергі ең ірі жеңісі болатыны сөзсіз. Алеппо құлаған жағдайда бұл «Ер­кін Сирия армиясы» деп аталатын оппозициялық топтар коалициясына ауыр соққы болады. Мұндай жағдайда Сириядағы оппозициялық, шетелдік, сәләфи, жихадшыл және тағы басқа топтар Идлиб маңына ығыстырылады, ал ИШИМ содырлары Раққа жаққа шоғырланып, шешуші соғысқа дайындалуы мүмкін. Аймақта саяси-әскери тепе-теңдік күрт өзгереді. Сирия үкіметі үлкен аумақты қадағалауға мүмкіндік алады. Дегенмен, «Жәбхат ән-Нусра», «Ахрар әш-Шам» сияқты радикалды топтар «Жейш Халаб» (Алеппо армиясы) коалициясына бірігіп, әзірше қаланы босату жөніндегі ұсыныстарды қабылдамай отырғаны туралы ақпарат таралды. Сирия үкіметінің өкілдері де шабуылдың келесі кезеңі ғимараттар мен тұрғындар тығыз орналасқан аудандарда өтетіндіктен, операцияның өте күрделі болатынын біліп отыр. Бұл әскери шабуылдардың қоршаудағы мыңдаған қарапайым сириялықтар үшін гуманитарлық салдарлары өте ауыр болатыны айтпаса да түсінікті. Жойқын әуе шабуылдарынан бей­біт сириялықтардың да зардап шегіп, кісі өлімі күрт артқанын халықаралық басылымдар жазды. Қазірдің өзінде интернетте таралған бейнематериалдардан көшеде жатқан мәйіттерді көруге болады. Тіпті, Франция Сирияда гумани­тар­лық апаттың орын алғанын алға тартып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің шұғыл отырысын өткізуге ша­қыр­ды. БҰҰ өкілдері жағдайдың «қор­қы­нышты» сипат алғанын мәлімдеп, жедел гуманитарлық жәрдем көрсету мүмкіндіктерін қарастыруда. БҰҰ өкілдері Ресейдің қалада төрт гу­манитарлық дәліз ашуды ұсынғанын көлденең тартты. Сирия Араб Рес­пуб­ликасында қарсыласушы тарап­тарды татуластыру жөніндегі Ресей орталығы таратқан ақпаратқа сәйкес, Сирияның мыңнан астам елді меке­німен татуласу туралы келісімге қол қойылған, гуманитарлық көмек көрсету мәселелері де қолға алынуда. Бұған дейін Алеппоның сол­түс­тігіндегі Кастелло жолы арқы­лы жүзеге асырылуы тиіс кең ауқым­ды гуманитарлық операциялар 17 қыр­күйекте АҚШ бастаған халықаралық коалицияның Сирияның Дейр әз-Зор қаласындағы Сирия әскеріне қарсы жасаған әуе шабуылынан кейін дереу тоқтатылған еді. Жуырда Пентагон аталған шабуылды ұйымдастыруда қателік кеткенін мәлімдеді. Осы жылы АҚШ пен Ресей Си­рия­дағы террористік топтармен күресу саласында ынтымақтастық туралы екіжақты келіссөздер өткізгені, алай­да, қыркүйек-қазан айларынан бері тараптар дұрыс келісімге келе ал­мағаны белгілі. Екі держава Сирия­дағы қарулы оппозиция өкілдері мен террористік топтарды бір-бірінен ажырату керектігін түсінгенімен, өкінішке қарай, қазірге дейін практикалық тұрғыдан нақты нәтижеге қол жет­кі­зілмеді. АҚШ-тың мемлекеттік хат­шысы Дж.Керри мен Ресейдің сырт­қы істер министрі С.Лавров арасын­да Сириядағы «Жәбхат ән-Нусра» (Сириядағы әл-Қаида) мен ДАИШ террористік ұйымдарына қарсы бір­лескен әскери операциялар жүргізу және барлау ақпаратымен алмасу жөнін­дегі келіссөздер аяғына дейін жетпеді. Осы аптада Аланияда өткен екі­жақты кездесулерде де Алеппода со­ғысты тоқтатудың қажеттілігі баса ай­тылып, гуманитарлық жәрдем және саяси транзит туралы сөз болғанымен, Ресей жағы Шығыс Алеппода тер­рорға қарсы операциялардың тоқта­тылатынын ашық айтпады. Бұл ұста­нымды Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі В.Чуркин де растап отыр. Айта кету керек, Шығыс Алеп­по­дағы операциялар АҚШ-та президент сайланып, билікте жаңа ауыс-түйістер болып жақтан кезде жүргізіліп отыр. Келесі жылдың қаңтар айының 20-сы күні инаугурация өткеннен кейін Д.Трамп сыртқы саясатқа, әсіресе, Сирия мәселесіне белсене кірісуі мүмкін. АҚШ пен Ресей келісімге келе алса, алдағы жылы бұл бағытта ше­шуші қадамдар жасалуы мүмкін. Сай­лауалды кезеңде Д.Трамп Таяу Шығысқа, оның ішінде Сириядағы жағдайға қатысты өз көзқарастарын ашық айтқан. Мәселен, Трамп Ва­шингтон Сирия соғысына араласудан, Таяу Шығыс елдерінің тұрақтылығына нұқсан келтіретін қадамдардан өзін алыс ұстау керектігін мәлімдеп, ИШИМ-ге қарсы күресте АҚШ-тың Ресеймен бірге жұмыс істеуі керектігін жайып салған-тын. Пентагон мен Орталық барлау агенттігінің жекелеген өкілдері Ресейге қысым көрсетуді жалғастыра беру керектігін ұсынуы ықтимал. Алайда, соңғы жағдайлар мұндай шешімдердің Сириядағы ахуалды тым күрделендіріп, БҰҰ бастаған халықаралық қоғамдастықты тығырыққа тірейтіні анық. Өз кезегінде Ресей Президенті В.Путин де жуырда өткен Федералды жиында сөйлеген сөзінде Мәскеудің халықаралық терроризммен күресу саласында АҚШ-пен күш біріктіруге әзір екенін, сонымен қатар, АҚШ-тың жаңа әкімшілігімен ынтымақтастыққа мүдделі екенін мәлімдеген еді. В.Путин «Ресей мен АҚШ-тың жаһандық және халықаралық мәселелерді шешудегі ынтымақтастығы бүкіл әлемнің мүддесіне сай келеді», деді. Сондай-ақ, Ресей президенті екі алып елдің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты, ядролық қаруды таратпау жөніндегі режімді сақтауға жауапты екенін атап көрсетті. Араб әлеміндегі ең ықпалды ба­сы­лым «Әш-Шарқ әл-Аусат» газеті «соңғы кездегі бірлескен шабуыл­дардың нәтижесінде ДАИШ ұйымы­ның Сирия мен Ирактағы ықпалы азайып, оның орнына бірте-бірте «Әл-Қаиданың» стратегиялық тұр­ғы­дан қайтадан күшейіп келе жат­қаны» туралы жазды. «Өйткені, ИШИМ-ге қарағанда «Әл-Қаиданың» идеологиялық мазмұны тереңірек, көшбасшылары да пісіп-жетілген» делінген мақалада. Демек, бұл – ха­лықаралық терроризммен күресудің маңызы әлі де артып отыр деген сөз. Сирияда соғыстың тоқтатылуы, жалпы, әлемдегі халықаралық жағ­дайдың тұрақтануы екі ірі держа­ваның ұстанымдары мен жауапкер­ші­ліктеріне тікелей байланысты. Сирия мемлекеті тек Асадтың мүдделерінен ғана құралмайтыны сияқты, Сирияда халықтың бір бөлігіне қатер төндіруі мүмкін өте күрделі мәселелерге, әсіресе, Ресей мен АҚШ үлкен мән бергені аса маңызды. Өйткені, бейбіт тұрғындар зардап шексе, жан жарасы ұлғайып, ірі мемлекеттердің террормен күресу мақсаттарына көлеңке түсіріп, халықаралық қоғамдастықтың сенімсіздігін тудырады. Сонымен қатар, Сирияда соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңде елдегі қандай да бір шешімді АҚШ-тың рөлін есепке алмай жүзеге асыру өте қиын. Сондықтан, ірі державалар ақылды шешімдер қабылдап, келіспеушілік тудырған мәселелерді дипломатиялық жолдармен бірге реттеп, аймақты шарпыған алапат оттың алдын алмайтын болса, бұдан жақын маңда ешкімнің де ұтпайтыны анық. Сондықтан болар, Елбасы Н.Назар­баев 30 қараша күні АҚШ прези­денті Д.Трамппен телефон ар­қылы сөйлесу барысында Амери­ка көшбасшысына Ресеймен ынтымақ­тастықты үш бағытта дамытуға болатынын атап айтты. Олардың біріншісі – халықаралық терроризмге қарсы бірлесіп күресу мәселесі. Елбасымыз терең саяси тәжірибесіне сүйеніп, Сириядағы жағдайдың алдын алмаса, бұдан АҚШ пен Ресейдің ұтпайтынын, әсіресе, Еуропа мен Орталық Азия өңіріне қауіп төнетінін жақсы түсініп отыр. Бұл жайтты «Le Monde» газеті де растап, Сирияда соғыстың ұзаққа созылуы Еуропада мигранттар санының артуына және ДАИШ-тың Батыста өз жақтастарын табуына алып келетінін жазды. Президент Н.Назарбаев бұған дейін БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ және ИЫҰ деңгейінде өткен кездесу­лерін­де, ірі мемлекет басшыларымен жеке әңгімелесулері кезінде үнемі ха­лық­аралық лаңкестік, әсіресе Сирия мәселесін қозғаумен қатар, терроризмге қарсы бірлесіп әрекет етуге бағыт­талған нақты шешімдер ұсынып, игі бастамалар көтеріп келеді. Мәселен, БҰҰ жанынан халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы бірегей әлемдік жүйе құрып, бұл жөнінде ар­найы құжат қабылдау керектігін тұң­ғыш рет Елбасы айтты. «Ислам терро­ризмге қарсы» идеясын көтерген Қа­зақ­стан Президенті экстремизмге тек мә­дениетаралық және дінаралық үн­қа­­тысу арқылы ғана қарсы тұруға бо­ла­тынын да айтудан еш жалыққан емес. Қазақстан Республикасының 2017-18 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғаны белгілі. Елбасының ха­лықаралық тұрақтылықты қамта­масыз етуге бағытталған терең идея­лары мен ұтымды ұсыныстары мем­лекетіміздің халықаралық аренадағы беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, шығыстанушы АСТАНА