• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2016

Ел өркендеуінің қайнар көзі

184 рет
көрсетілді

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Мемлекеттік хатшы ел Тәуел­сіздігінің ширек ғасырлық мерейтойын мерекелеу аясында «25 жұлдызды күн» бекітілгенін, сол себепті 2 желтоқсан отбасы және құндылықтар күніне арналғанын жеткізді. Елбасы «Отбасы – ата-аналар, балалар мен немерелер бақытының призмасы арқылы өтетін патриотизм мен Отан өркендеуінің мәңгілік қайнар көзі», – деп атап өткен болатын. Ширек ғасырдағы тарихи табыстарымызға шолу жасағанда, отбасылық саясатты орнықтырудағы іргелі істерді айрықша атап көрсетуіміз керек. Тәуелсіздік жылдарында отбасылық-демографиялық саясат мемлекет дамуының стратегиялық бағыты ретінде бекітілді, деді Гүлшара Наушақызы. Сонымен қатар, ол бұл саладағы мәселелер кезең-кезеңімен түпкілікті шешімін тауып келе жатқанын айтты. Биылғы жылы елімізде 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы қорытындыланып келеді. Аталған стратегияны іске асыру барысында гендерлік саясатты жүзеге асыру, билік пен экономиканың барлық салаларында әйелдердің рөлін күшейту, ана мен бала денсаулығын нығайту секілді өзекті мәселелер қолға алынды. Бүгінде халықаралық талаптарға сай, жаңа тұжырымдама әзірленіп, ол Елбасының қол қоюына жіберілді. Тұтас бір жыл бойы біз Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуы кезеңіндегі қиындықтар туралы айттық, еліміздің түрлі салалардағы жетістіктерімен бөлістік. Осы жылдары біз қандай жолдарды бірге жүріп өткенімізді сарапқа салдық, деді Г. Әбдіқалықова. Отырыста Қазақстанда отбасылық қатынастарды, моральдық-эти­ка­лық және рухани-адамгершілік құнды­лық­тарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының іске асырылу барысы, мәселен, балалардың, оның ішінде әлеу­меттік жағынан әлсіз буынның жағ­дайын жақсартуға, отбасы және неке­ні, отбасылық құндылықтарды нығай­ту бойынша халықтың біліктілігін артты­руға қатысты мәселелер қаралды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылғаны, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйе­сінің шеңберінде балалар үйінің 7779 тәрбиеленушісі үшін 5 миллиард теңге­ден астам сомаға жинақтау шоттары ашыл­ғаны, патронат, балаларды асырап немесе қамқорлыққа алған отбасы мем­лекет тарапынан материалдық тұр­ғыда ынталандырылатыны айтылды. Комиссия мүшелерінің айтуынша, Қазақстан азаматтары үшін бала асырап алу рәсімдері оңайлатылып, бала асы­рап алудың халықаралық талаптары қатаң­датылған. Ұлттық комиссияның атқарған жұмыстары тек мұнымен түгесілмейді екен. Мәселен, елімізде инклюзивтік бі­лім беруді енгізген балабақшалардың са­ны артып қана қоймай, инклюзивтік білім берумен мектепке дейінгі жастағы 14 517 бала қамтылыпты. Бұған қоса, қо­сым­ша білім беру ұйымдарында мүмкін­дігі шектеулі 2000-нан астам балаға шығармашылық сауықтыру шаралары ұйымдастырылған екен. Жиын барысында, сондай-ақ, әйелдер арасында жүргізілген діни ақпараттық-түсіндіру мәселесі талқы таразысына са­лынды. Комиссия мүшелерінің айту­ын­ша, 2013-2016 жылдарға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының аясында жалпы саны 5,5 миллион адам, олардың 51 пайызын құрайтын әйел­дер үшін 59 мыңнан астам іс-шара өткі­зіліпті. Ал қазір Ұлттық комиссия мен өңірлер әкімдіктерінің бірлесіп қолға алуымен, «Дін және әйел» жобасы іске асырылып жатыр екен. Ұлттық комиссия мүшелеріне жастар арасындағы рухани-адамгершілік, ұлттық мәдениет және отбасылық құндылықтарды нығайту үшін құрылған «Otbasym.kz» ұлттық мультимедиялық порталы таныстырылды. Комиссия отырысының соңында Гүл­шара Әбдіқалықова мемлекеттік ор­гандарға бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»