• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

Қазақ өнерінің елшісі

554 рет
көрсетілді

Қазақтан шыққан Ш.Қажығалиев, Т.Әбдірашев, Н.Тілендиев секілді біртуар дирижерлардың ұлт аспаптар және симфониялық оркестрлерді қалай ойнатқаны әлі халық жадында. Еуропа мәдениетінен келген осы өнер іштей ұлт аспаптары, үрлемелі аспаптар, ішекті аспаптар, симфониялық оркестр дирижерлары деп сан салаға бөлінді. Кейінгі жас буын дирижерлардың жастар арасынан шыққан жарқын өкілдерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Алан Бөрібаев. Ол Еуропаның ірі симяониялық оркестрлерін дирижерлап жүрген тұңғыш отандасымыз. Алан өз шығармашылығы арқылы Еуропаға Т.Қажығалиев, А.Жұбанов, Ғ.Жұбанова мен басқа да композиторлардың туындыларын белсенді насихаттаушы. Алан қазақ музыкасын әлемге насихаттауды өзінің азаматтық борышы санайды. Музыканттар отбасында дүниеге келген Аланның кәсіби жолда қалыптасуына бала кезінде ата-анасының қатаң қадағалап, оқуға көбірек назар аудартқаны көмектесті. Бүгінгі кәсіби диирижерлыққа өз әкесі, кәсіби виоленчельші Асқар қызығушылығын оятты. Аланның табиғи болмысы оған тек қана музыка әлемінде өмір сүру керектігін айтпай-ақ меңзеп тұратындай. Оркестрдің негізі скрипка аспабы боп табылатындықтан К.Бәйсейітова атындағы арнаулы мектеп скрипканы меңгерген Аланға оркестрді жеңіл игеру өте жақсы көмектесті. Ол 13 жасында неміс композиторы Р.Вагнердің «Тангейзер» операсының увертюрасын алғаш естігенде өзінің өнер жолын айқындап отырғанын білмеп еді. Осы кехден бастап Алан неміс музыкасына қызығушылық танытты, тіпті неміс тілін де үйренеді. Түптеп келгенде классикалық музыкаға тікелей апаратын жол – дирижерлық екенін түсінеді. Алан Асқарұлы алғаш рет пультқа 18 жасында тұрды. Бұл Италияда өткен Антонио Педротти дирижерлар конкурсында болып еді. Бұрын оркестрмен бірде бір рет жұмыс жасап көрмеген жас жігіт өзінің алғашқы оркестрімен бетпе-бет келді. Бойын жинап алып, Дворжактың «Серенадасын» дирижерлады. Бір қызығы, оны қазылар бағалап, дипломмен марапаттады. Ал, оның кәсіби дирижерлау жолындағы тұңғыш табысы Загреб қаласындағы Ловро фон Матачичи атындағы халықаралық конкурсынан бастау алды. Бұдан кейін Аланның халықаралық сайыстардағы жеңістері бірінен соң бірі жалғасын тапты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында скрипкада оқуды жалғастырып, онымен бірге дирижерлыққа профессор Т.Әбдірашевтің класында оқыды. Алан Бөрібаев студент кезінде-ақ Қарағанды филармониялық оркестрінің екінші дирижері мен Астана қаласындағы Қазақ ұлттық академиялық оркестрінің шақырылған дирижері қызметтерін атқарды. Қазақстандағы ең ірі оркестр ұжымдарында еңбек етті. Астана опера театрындағы еңбек жылдарында әр туындыны шығармашылықпен ізденіспен тыңдарманына ұсынуға тырысты. Итальян, француз, неміс, ағылшын тілдерін жетік білетін Алан жас болса да Мейнинген театрының (Германия) музыкалық жетекшісі болды. 2006-2012 жылдары қатарынан Норрчепинг (Швеция) және Брабант (Нидердандия) симфониялық (филармониялық) оркестрінің бас дирижері. 2010 жылдан бастап Жапония, Осака Japan Century Symphony Orchestra-ның шақырылған Бас дирижері қызметіне бір уақытта кірісіп, Ирландияның Радио және Телевидениесінің ұлттық симфониялық оркестрінің музыкалық жетекшісі болып қызмет атқарды. Бұған өте талғампаз Үлкен театр (Ресей) оркестрін қосыңыз. Жыл он екі ай гастрольде жұретін, еңбек жолы Еуропа симфониялық оркестрлерімен байланысты Аланның бос уақыты жоқ деуге болады. Өз кәсібіне адал, еңбекқор дирижер кезекті демалысын өткізуге барғанда да қолтығына партитурасын алып жүреді. Қолы қалт етсе әдеби кітап оқиды. Әр шығарманы ойнау алдында ол автордың өмірін, шығармашылық жолын, туындылар тарихын оқып, сонымен бірге композитордың жан дүниесіне үңіліп, тереңірек түсіну үшін басқа тұлғалармен жазысқан хаттарын да оқып ізденеді. Алан табысты дирижер үшін партитураны өте жақсы білумен қатар музыканттар алдындағы жауапкершілік, қазіргі кезде нарық пен маркетингті және демеушілермен қарым-қатынас жасай білуді де маңызды талап деп санайды. Яғни, «Бұл тұрғыдан дирижер ұйымдастырушы да бола білу керек», - деген пікірде. Бақыт ЖОЛДЫБАЙҚЫЗЫ