• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2016

Жаңа формациядағы университет

206 рет
көрсетілді

Қазақстан 25 жыл аралығында ғасырға татитын тарихи жолдан өтті. Ел Тәуелсіздігінің арқасында өркениетті мемлекеттермен тереземіз теңесіп, экономикамыз индустриялық-инновациялық бағытта өрістеп, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Әлемдік саяси аренада егемен еліміз өзінің нақты орны мен беделін айқындады. Қысқа мерзімде ішкі-сыртқы саясатта, экономика мен халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше мемлекеттік қайраткерлігі мен дана басшылығының арқасында серпінді қадамдар жасалды. Егемен еліміз жалпы көрсеткіштер бойынша әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына енді. Ендігі міндет – озық дамыған, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан көріну. Тәуелсіз мемлекет құрудың күрделі құрылысын басқарушы Елбасы әлемдік саясатқа «Қазақстандық даму моделі» ұғымын енгізді. Мемлекет басшысының «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында «ака­демиялық автономиялық кепілдік берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де бел­сенді дамытуы тиіс» деп көрсетілген. Зерт­теу университеттерін құру қажеттілігі туралы Қазақстан Республи­касын­да білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарлама­сы мен еліміздің «Білім беру туралы» және «Ғылым туралы» заңдарында нақты көрсетіл­ген. Бұл бағдарламалар мен заңдар Қазақ ұлт­тық аграрлық университетінің Ұлттық зерттеу университетіне жүйелі түрде трансфор­мация­лануына жол ашқан бастама болды. 2001 жылы Елбасы университетімізге Ұлттық мәртебе бергеннен кейін, 2002 жылдан бастап білім, ғылым, агробизнес ин­тегра­циясын дамытуды қолға ал­дық. Ұлттық зерттеу уни­верситетіне тран­сфор­мациялану про­цесі­не кіріспес бұрын – АҚШ, Еуропа, Азия, Тынық мұхиты мем­лекеттеріндегі жетекші аграр­лық зерт­теу университеттері мен ғылыми орта­­­лық­­тарының озық тәжірибелері мен тың із­деніс­терін зерттеп, негізге алдық. Ең алдымен, 2010 жылы Халықаралық жоба­лық менеджерлер одағымен келі­сім­шартқа қол қойдық. Жобалық ба­с­қарудың стандарт­тарын қолдану арқылы Қазақстандағы универ­ситет­тердің алғаш­қы­ларының бірі болып Ұлт­тық зерт­теу университетіне трансформация­лану жұмыс­тарын жүйелі түрде бастап кеттік. 13 халық­аралық сарапшы аны­қта­лып, олармен уни­верситетті транс­форма­циялау бойынша 2011-2016 жылдарға келісімшарттар жасалды. Трансформацияланудың бастапқы кезеңінде университетіміздің негізгі бағыттары бойынша бәсекеге қабілет­тілікті дамыту бағыттары анық­­­т­алды; мемлекет талаптарын негізге ала оты­­­рып, университетіміздің 2021 жылға дейін­гі даму стратегиясы жасалды; ғылыми жоба­лар портфелі жасақталды; университет дамуы­ның 5 негізгі басым бағыттары белгіленді; транс­фор­мацияланудың нақты қадамдары мен мақ­саттары анықталды. Төрт жыл арнайы кесте бойынша шебер­лік сабақтары, оқыту семи­нар­лары, конференциялар өткізілді. Осының нәти­жесінде 420 профессор-оқытушы құрамы жобаны басқару бойынша білім алып шықты. Алғашқы жылдары «Агродаму» аграр­лық ғылыми-өндірістік консорциумы, Қазақстан-Жапония инновациялық орта­лығы, академия­лық мобильді модель­дік орталығы ашылды. Осы жыл­дары университеттің 4 кафедрасы қанат­қақты статус алды. Білім және ғылым министрлігі тарапынан оқу орнымызға «инно­вацияға бейімделген университет» статусы беріл­ді. Университеттің «Байсерке-Агро» ком­­па­ния­сымен бірлескен оқу-ғылыми-өнді­ріс­тік орталығы ашылды. Сонымен қатар, кейін­гі жылдары университетте халықаралық стан­дарттар талаптарына сай кафедрадағы ұстаз-ғалымдардың кәсіби деңгейін анықтайтын рейтингтік баға­лау жүйесі енгізілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы 10 ғылыми-зерттеу институтындағы университет кафедра­ларының филиалдарында ма­гистр­лер мен PhD докторлар дайындала бас­тады. Әрі қарай трансформациялану жұмыстары стра­те­гия­лық бағдарлама бойынша жалғасты­рыл­ды. 2010-2014 жыл­дар аралығында оқу орны­мыз­дың Ұлт­тық зерттеу университетіне тран­сфор­­ма­ция­лану үрдісін халыққа кеңінен түсін­діру бағытында «Егемен Қазақстан», «Казах­станская правда» сынды республикалық беделді басылымдарда, ғылыми журналдарда 40-тан астам мақала мен сұхбат жарық көрді. 2014 жылдың қараша айында Елбасы­ның ресми қабылдауында болғанымда Мемлекет басшысы аграрлық университеттер деңгейін көтерудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, әлемдегі аграрлық білім, ғылым және өндірістің интеграция­сын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Мен Елбасына елдегі жоғары оқу орындары арасынан бірінші болып бас­таған, жоғары оқу орнын аграрлық зерттеу универ­сите­тіне трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, бұл жоба стратегиялық жоспарлаудың халықаралық стандарттарына сәйкес және әлемнің беделді аграрлық университеттерінің сарапшыларымен ынтымақтастық негізде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдедім. Елбасы тапсырмасын орындау мақ­сатында Ауыл шаруашылығы министр­лігі жанынан ғылым, білім және өндіріс интеграциясының тиім­ді механизмдері әзірленіп, Ұлттық аграр­лық ғылым-білім орталығы құрылды. 2015 жылы Үкімет қаулысымен үш жетекші аграр­лық университет Білім және ғылым министр­лігі қарамағынан Ауыл шаруашылығы министр­лігі қарамағына өтті. Сонымен қатар, біз­дің университет жарғылық капиталында мем­­ле­к­ет­тің қатысуы 100 пайыз құрайтын ком­мер­­циялық емес акционерлік қоғам болып құрыл­ды. Коммерциялық емес акционерлік қоғам­­ның ерекшелігі – табыс акционерлер ара­сында бөліске салынбайды, ол тікелей уни­вер­­ситет­тің дамуына бағытталады және оқу орны­­ның жарғысына коммерциялық қызметтің көп­теген түрлерін енгізуге мүмкіндік береді. Соны­мен қатар, универ­ситет автономиясын дамы­ту, өзін өзі қаржыландыру тетіктерін іске асыру, сондай-ақ, Ұлттық аграрлық зерттеу универ­ситетін құру үшін нақты қадам болып табылады. Құрылымдық сипаты өзгергеннен кейін, биылғы жылдан бастап оқу орнымыз зерттеу универ­ситетіне трансфор­ма­циялау­дың жаңа даму жолына шықты. Қазіргі таңда универ­ситетте еліміздің агрокәсіптік кешенінің зама­науи даму жолына түсуіне ықпал ететін халық­аралық инновациялық технологиялар зерттеу институты, ТМД мен Орталық Азияда теңдесі жоқ Агротехнологиялық хаб құрылды. Агротехнологиялық хаб (АТХ) мем­лекет-жекеменшік әріптестігі құрал­дарын пайдалана отырып, қысқа мерзім аралығында агробизнеске инновациялық идеялар, технологиялар мен жаңа білімдер трансфертін жүзеге асырып, рес­пуб­ликаның аграрлық секторының бәсе­кеге қабілеттілігін арттырады. Агрохаб құра­мына Қазақстан-Жапония, Қазақстан-Корей инно­вациялық орталықтары, Су проблема­лары зерттеу инновациялық орталығы, ИИДМБ-2 аясында құрылған зертханалар, 7 ҒЗИ, мамандандырылған кафедралардың жанындағы 31 ғылыми зертхана, Жоғары фермерлер мектебі, Экстеншн орталығы, т.б кіреді. АТХ құрамындағы ұлттық инже­нер­­лік бейіндегі зертханасы бүгінде ұлт­тық аккредит­теуден өтіп, сараптамалық қорытын­дылар беру мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда бар­лық зертханалардың ұлттық аккредит­теу­ден өтуі және ИИДМБ-2 аясында құрыл­ған зерт­хана­ларды технологиялық тұр­ғыдан серти­фи­кат­тау бойынша дайын­дық жұмыстары басталды. Агротехнологиялық хаб оқу орнымыз­дың ғылыми әлеуетінің өзегі болып табылады. Технологиялардың дайындық деңгейі 9-балдық шкаламен анықталады. Бірден беске дейін – ғылыми-зерттеу жұмыс­тары аясында жүзеге асатын техно­ло­гиялардың дамуын, алтын­шы деңгейден жоғары қарай тәжірибелік-конструк­торлық жұмыстардың басталуы, нақты әзірленген құралдардың технология­лық тұрғыдан жұмысқа қабілеттілігін көрсетеді. Бизнес-инкубаторда азық-түлік қауіп­сіздігін анықтап, бағалау; жер құ­нар­лылығын қашық­тықтан тексеру; «агрофуд»; жедел ветеринар­лық көмек; роботты техника; агромар­кетинг; қалалық жылыжай; математикалық компьютерлік модельдеу және т.б. бағыттары бойынша стартап­тар құрылды. Біздің студенттер, магист­ранттар мен докторанттар осы бағыттар бойынша өз биз­нестерін ашып, әрі қарай дамытуда. Халық­а­ра­лық стандарттарға сай келетін Агро­тех­но­логиялық хаб еліміздің барлық аймақ­­тарындағы агроөндірістік кешеннің дамуы мәсел­елерін шұғыл шешуге және тауар өндіру­шілерге жоғары нәтижелерге жетуге мүмкіндік береді. Зерттеу университетіне трансформа­циялану жолында Қазақстанның алты облысында, «Оңтүстік» және «Оңтүстік-шығыс» кластері шеңберінде 450 оқу-ғылыми-өндірістік орта­лығы құрылды. Университет ғалымдары осы орталық­тар арқылы ауылшаруашылық коо­перативтерін құру бойынша қызметтер көр­сетіп, АӨК барлық мәселелері бойынша ауыл­шаруашылық тауар өндірушілеріне оқыту семинарларын өткізеді. Сонымен қатар, АТХ құрамында ауылшаруашылық тауар өндірушілердің мәселелерін талдау мақсатында стратегиялық зерттеулер орталығын құру жоспарлануда. Талдау нәтижелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне арналған стратегиялық ұсыныстар әзірленетін болады. Қазіргі таңдағы мемлекет-жекеменшік әріптестігінің дамуы мемлекеттік бюд­жет­ке жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, алдағы үш жылға жос­пар­ланған АТХ шы­ғын­дарының көлемі 5,0 млрд теңгені құрайды. Олардың 30%-ы мемлекеттік бюджеттен, қал­ған 70%-ы кәсіпкер-әріптестер және жеке инвесторлар қаражатымен қаржы­лан­дырылады. Бүгінде Корнель, Колумбия, Мичиган университеттері, НАСА (АҚШ), Вагенин­ген (Нидерланд) трансұлттық компаниялармен (Монсанта, Сингента) және т.б. әріп­тестеріміз­бен келісімшарттар жасалды. Бұл жерде айтатын жағдай, оқу ордамыздың зерттеу университетіне трансформациялану тәжіри­бесіне шетел­дің жетекші жоғары оқу орын­дарының 13 білікті ғалым оң бағаларын беріп, сарап­шылық тұжырымдамаларын ұсынды. Мемлекет жүктеген міндеттерді орындап, ауқымды жұмыстарды тиімді іске асыру аясында алдағы 9-10 жел­тоқсан күндері Қазақ ұлт­тық аграрлық университеті, Еуразия­л­ық технологиялық университеті мен Green Point Науketing агенттігінің бірлесіп ұйым­дастыруымен Алматыда бірінші Орталық Азия агротехнологиялық саммиті өткізілмек. Саммит жұмысына мемлекеттік орган басшылары, шетелдік эксперттер, еліміз­дегі жетекші агроөндіріс мекемелері мен «ҚазАгро» Ұлттық холдингі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан­ның ет өндірушілер одағы, АҚШ-тың Корнель, Мичиган, Колумбия, Швей­цария­ның Базель, Италияның Флоренция, Эстонияның жараты­лыстану университетінің ғалымдары мен ауыл кәсіпкерлері, оқытушы-профессорлар, сту­дент­тер қатыспақ. Саммиттің қорытындысы ретінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Қазақстан Республикасы агроөндірістік кешені­не инновациялық технологиялар енгізу тран­сфертінің өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтеді. Онда экономиканың аграрлық сек­торындағы әлемдік тенденциялар мен аграр­лық бизнестегі стартап жобаларын іске асыру, ауыл шаруашылығына арналған марке­тинг, агроөндірістік кешенді мемлекеттік қол­дау және аграрлық білім беру мәселелері талқыланбақ. Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик