• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2016

Халықаралық саудада доллардан бас тарту мүмкін бе?

253 рет
көрсетілді

Кеше Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұдан былай Ресеймен, Қытаймен және Иранмен тек өздерінің ұлттық валюталарнда ғана сауда жасайтынын мәлімдеген еді. Бұл тұрғыда Ресей мен Түркия арасында барлық сауда түрлерінде тек рубль және лирамен ғана сауда жасау келісімдері қолға алынуда. Сонымен қатар Иранның таяуда ғана енгізген валюталық саясаты, соның ішінде халықаралық саудада АҚШ долларын мүлде пайдаланбау туралы бастамасы көпке үлгі болуда. Осы орайда Иран Қытаймен юань арқылы есептесіп, ал Ресейден сатып алған тауарын рубльмен төлеуде және Жапониямен арадағы сауда-саттықта иен қолданылады. Мәселеге қатысты әлемдік сарапшылар халықаралық саудада долларсыздандыру саясатының болашағы бар-жоғы туралы investing.com басылымында өз ойларымен бөліскен еді. Еуразиялық даму банкінің интеграциялық зерттеу орталығының директор орынбасары Михаил Димиденко дәл қазір халықаралық саудада доллардан түбегейлі бас тарту мүмкін емес екенін айтады. "Біріншіден, - дейді Димиденко, - доллар әлемнің өзге валюталарына қарағанда ең тұрақты валюталардың бірі. Контрагенттер бұл тұрғыда доллармен сауда жасай отырып валюта бағамынан келетін қатерлер мен тәуекелдерден сақтандырылған болады. Екіншіден, көптеген әлемдік бағалар тек доллармен ғана белгіленеді. Тиісінше, бұл валютамен сауда жасау саясаткерлер үшін болмаса да, нарықтың нақты қатысушы саудагерлері үшін өте тиімді. Үшіншіден, долларға деген сенім жоғары. Ал өзге валюталарға көшу үшін алдымен ол валюта түрлері жылдар бойы өзінің өміршеңдігін дәлелдеуі керек," - дейді Еуразиялық даму банкінің өкілі. Михаил Димиденконың пікірінше, ұлттық валютаны халықаралық саудаға шығару мен долларсыздандыру саясаты екі бөлек дүние. Бастапқыда әр елдің өзінің ұлттық валютасын айналымға енгізуге мүмкіндігі болғанымен, белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін ұлттық валютаны халықаралық сауда құралы ретінде ұстап тұру техникалық тұғыда мүмкін болмай қалады. Өйткені, экономиканың субьектілері, яғни жеке меншік компаниялар мен нарықтағы саудагерлер жұмысы үшін бұл тіпті тиімсіз. Ал мемлекеттер өздерінің ұлттық валютасының беделін арттырғысы келсе, алдымен инфляцияны азайтып, көпшіліктің оған деген сенімін арттыруы үшін жұмыс істеуі керек. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда да бірер жыл бұрынғы теңге бағамының еркін айналымға жіберілгенінен кейін Ұлттық банк елде долларсыздандыру саясатын қолға алған. Нәтижесінде ішкі нарықтағы жылжымайтын мүліктің бағасының тұрақталуына алып келіп, экономикаға оң әсерін тигізген. Ал Ресейдегі долларсыздандыру саясаты Еуразиялық экономикалық одақтың өзге елдерімен, ТМД және Шығыс Еуропа елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары деңгейде емес. Оған себеп бірінші кезекте сыртқы саудада долларға деген тәуелділіктің жоғарылығы.