• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2016

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың саясаттанушыларымен кездесті

191 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясы Қытайға ресми сапармен барды. Сапар аясында Қ.Тоқаев Қытайдың халықаралық мәселелер институтында болып, ҚХР ғылыми қоғамдастығының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Парламент Сенатының баспасөз қызметі. Қ. Тоқаев «Құбылмалы әлем: Қазақстанның көзқарасы» тақырыбы бойынша лекция оқыды. Төраға әлем дамуындағы негізгі ағымдарға егжей-тегжейлі тоқталды және екі мерейтойлық дата: Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және біздің мемлекеттеріміздің арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай екіжақты өзара іс-қимылдың келешегіне арналған баяндама жасады. Қ.Тоқаевтың жетекші қытай ғалымдары мен саясаттанушылары алдында қазақ және қытай тілдерінде сөйлеген сөзі зор ықылас туғызды және қазіргі замандағы халықаралық ахуалға терең талдау ретінде қабылданды. «Қазіргі кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және Төраға Си Цзиньпин қамқорлықтары аясында Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қатынастарының ауқымынан да кең көлемді қамтитын жаңа ірі жобалар іске асуда. Ол трансқұрлықтық байланыстардың елеулі факторына айналды. 2013 жылы Астанаға сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Еуразия кеңістігіндегі сауда-экономикалық қатынастар үшін жария еткен Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасының зор маңызы бар. Қазақстан өз аумағында бұл ірі жобаны толықтай іске асыруға, оның ішінде ұлттық даму стратегиясымен және Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық бағдарламаларымен үйлестіруге ниеттеніп отыр», - деді Қ.Тоқаев. Сенат Төрағасы мемлекеттік «Нұрлы жол» инфрақұрылым даму бағдарламасын іске асыру, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомобиль дәлізінің құрылысы, Еуразия жоғары жылдамдықтағы мультимодалды арна жобасы және басқа да инфрақұрылымдық бағдарламалар туралы хабардар етті. Қ.Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Еуропа мен Азия арасында маңызды рөл атқаратын көлік-логистикалық хаб ретінде одан әрі дами беретін болады. Сенат Төрағасы өз сөзінде әлемдегі саяси және экономикалық жүйенің өзгерістеріндегі Қытайдың рөлі арта түскенін атап өтті. Қ.Тоқаев аймақтық құрылымдар ықпалының ұлғая түсуіне егжей-тегжейлі тоқталды. Олардың арасында Қазақстан мен ҚХР өзара тығыз байланыс орнатқан ШЫҰ және АӨСШК ерекше орын алады. Қ.Тоқаевтың пікірінше, АҚШ-тағы президент сайлауындағы Д.Трамптың жеңісі ұлтшылдық секілді құбылыстың ішкі саясат саласынан халықаралық қатынастар әлеміне шыққанын көрсетеді, оны Еуропа одағынан Ұлыбританияның шығуы мен Еуропадағы қазіргі кездегі ағымдардан байқауға болады. Төраға конфессиялар арасында және діндер ішінде текетірестер ушығып тұрған кезде Қазақстан Президентінің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру туралы бастамасының маңызды екенін атап өтті. Ғалымдар қауымы халықаралық терроризмге қарсы күрес үшін барлық мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы тұжырымды оң қабылдады. Сенат Төрағасы дәл осы жағдайда дүниежүзілік зұлматты жеңе алатынымызды айта келіп, жаһандық антитеррористік желі құру туралы Н.Назарбаевтың ерекше бастамасының маңызын атап өтті. Ол сондай-ақ ядролық қарусыздану және оны таратпау тәртібін нығайту жөніндегі Қазақстанның қағидаттық бағдарының маңыздылығына тоқталды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, бұл өзекті мәселеге әлемнің барлық жетекші мемлекеттері назар аударуы тиіс, өйткені, ядролық материалдардың террористердің қолына түсуі жаһандық ауқымдағы апатқа әкелуі мүмкін. Ол сондай-ақ Солтүстік Кореядағы ядролық сынақтардың орынсыздығы туралы да айтты. Сенат Төрағасы Қазақстан әмбебап әрі баламасыз ұйым ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымын жан-жақты қолдайтынын айтып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде алдағы екі жылда Қытаймен белсенді ынтымақтастыққа үміт артатынын жеткізді. Қазақстан сенаторлары сапарының бағдарламасында Қытай Коммунистік партиясының, Халық өкілдерінің бүкілқытай жиналысының басшылықтарымен келіссөздер жүргізу және ірі сауда-экономикалық және қаржы орталығы – Шэньчжэнге бару жоспары бар. Қазақстан делегациясының құрамына сенаторлар Ақан Бижанов, Серік Жақсыбеков, Қайрат Ищанов, Ерболат Мұқаев, Төлеубек Мұқашев және Владимир Редкокашин енді.