• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2016

Жеті жұрттың тілін біл...

12328 рет
көрсетілді

Үш тұғырлы тілді меңгеру – заман талабы. Оны оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдегі ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Әр адам рухани-адамгершілігін арттыруы үшін бүгінгі тез өзгеріп жатқан дүниеде өмір сүріп, еңбек етуі үшін жан-жақты болуы қажет. Ел экономикасы мен өндірісін, тұрмысын көтеру мәселелері де бүгінгі таңда шетелдік жаңа технологияларға байланысты. Осы ретте де ағылшын тілін білу қажеттігі айқын байқалады. Бүгінгі күні өмірдің барлық салаларында ағылшын тілін меңгеру қажеттігі туындап отыр. Сондықтан мектептерде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту тәжірибесінің енгізілуін өмір талабынан туындаған, көпшілік көңілінен шығатын жаңашыл­дық деп қабылдау керек. Қазіргі кезеңде мектептерде ағылшын тілін оқыту оң жолға қойыла бастады. Оқушылардың ағылшын тілін тек біліп қана қоймай, оның тарихын, ұлттық мәдениетін білуіне көп көңіл бөлінеді. Оқушылар олимпиада, конкурстарға жиі қатысады. Ағылшын тілі сабағы оқушылардың тілін дамыту, сөйлеу білік-дағдыларын қалыптастыру, яғни ағылшын тілін қарым-қатынастық мақсатта оқыту, тіл арқылы халықтың рухани байлығын, тарихын танытуды көздейді. Оқушылар сабақта әңгімелесу, бір-біріне сұрақ қою, берілген заттарды сипаттау бойынша анықтау, аударма жасау, сахналық қойылымдарға қатысу арқылы ағылшын тілін үйренеді, меңгереді. Топтар арасында сайыстар, мәнерлеп оқу жарыстары өтіп тұрады. Ағылшын тілін үйрету – қиын да қызықты міндет. Қазіргі кезде ұстаздарға қойылып отырған басты талаптардың бірі – жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, сапалы және терең білім беру, оқушылардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жетілдіру. Бұл тілдерді үйренудің сапасы мен маңызын арттырады. Оны оқыту үдерісінде тілді дұрыс үйрету, ауызша сөйлеу, сауатты жазу, мәнерлеп оқу өте маңызды. Шет тілі пәні бойынша оқушы ереже немесе ұғымдар анықтамасын тек қана жаттап алғаннан гөрі, оларды іс жүзінде саналы түрде қолдана алуы қажет. Түрлі тапсырмалар мен жаттығулар арқылы теориялық мәселелер мен қағидаларды меңгерту тиімді болып табылады. Әлемдік деңгейдегі игіліктерді жақындататын мақсатқа жету үшін бізге бірінші кезекте халықаралық қатынас тілі болған ағылшын тілін үйренуге жастарымызды жатпай-тұрмай баулуымыз керек. Оның өте қажет екенін уақыт өткен сайын өткір сезініп келеміз. Соны Елбасымыз асқан көрегендікпен тап басып, балаларымыздың АҚШ-тың, Англияның, басқа да шетелдердің жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант бойынша білім алу квотасын жыл өткен сайын көбейте түсуде. Мысалы, биыл осындай қамқорлықтың арқасында сыртта оқитын студенттеріміздің саны үш мыңнан асты. Айта кетейік, бұлардың қатарында ағылшын тілін білмейтін бірде-бір бала жоқ және ондай ұл-қыздарымыз одан басқа пәннің бәрін білсе де шетелдік оқуға қабылданбайды. Сондықтан балалардың өз мектептерімізде ағылшынша біліп шығуы өте тиімді екеніне көзіміз жетіп отыр. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында «Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», дей келіп, оны орындаудың нақтылы жолдарын атап көрсеткенін ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, ұлттық тіліміз үш тұғырлы тілдің көлеңкесінде қалады деп үрейлену негізсіз. Қазақстанның жедел дамып отырған адамзат қоғамының көшінен қалмай, қазіргі заманға лайық биіктен көрінуі, Мемлекет басшысы Жолдауда атап көрсеткендей, ұлттық білім беру жүйесінің деңгейіне байланысты. Елдің ертеңгі өрісі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірмен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет. Еліміздің білім беру саласында жүріп жатқан реформаның ең басты мақсаты да осы. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру жүйесі бойынша әрбір облыста өздері таң­даған 1 не 2 мектеп эксперимент алаңы ретінд­е бел­гіленіп, олардағы 7-сыныптарда жара­­ты­лыс­тану-математикалық циклдың 1 пәні ағыл­­шын тілінде оқытылуда. Мұндай экс­пери­мент­тік оқыту жүйесі өзім жұмыс жасай­тын білім ор­дасы – дарынды балаларға арнал­ған маман­дан­ды­рыл­ған С.Сейфуллин атын­дағы №11 об­лыс­тық қазақ мектеп-интернат кешенін­де де жүр­гізілу­де. Үш тілде оқытылатын маман­дан­дырыл­­ған мектеп­тердің негізгі мақсаты бірнеше тілді мең­герген, әлеуметтік және кәсіби өзін-өзі тануға қабі­летті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалып­тас­тыру болып табылады. Үш тілде оқытатын сы­нып­тарда ағыл­шын тілі пәні кеңейтіле оқытылады, ал биоло­гия, физика пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі. Қазіргі дүниеде қоғамның тұрақтылығын қам­тамасыз ететін бірден-бір фактор – тіл. Озық ойлы адамдар қай заманда да бір елдегі бірнеше мәдениеттің, тілдердің қатар өрістеуіне үлкен мән берген. Басқа елдермен бейбітқатар өмір сүріп, ынтымақтастық орнату үшін, сондай-ақ, әлемдегі тіршілік тынысынан, толассыз ағылған ақпарат ағынынан хабардар болуы үшін де Қазақстанның жас ұрпағының ағылшын тілін білуі аса маңызды. Бүгінгі жаппай ақпараттандырылған дүниеде өзгелермен қарым-қатынасқа түспей, оқшауланып өмір сүру мүмкін емес. Әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе, Еуропа мектептерінде бір мезгілде оқушыларға 3-4 тілде білім береді. Мәселен, Люксембург мектептерінде бастауыш буында люксембург тілінде (неміс тілінің мюзель диалектісіне француз тілінің сөздері араласқан тіл) оқытса, одан әрі пәндер неміс, француз, ағылшын, қажет болғанда, итальян немесе испан тілдерінде жүргізіледі. Осының арқасында бұл елдің жастары үш-төрт тілде еркін сөйлейді. Австрия мектептеріндегі тілдерді оқыту тәжірибесін алып қарайық. Еуропаның кіндік тұсында орналасқан, жан-жағынан түрлі тілде сөйлейтін, түрлі мәдени дәстүрлері қалыптасқан елдер қоршаған шағын мемлекетте оқушылар ағылшын тілін бастауыш сыныптардан бастап оқиды, жоғары гимназия сатысында үш тірі тіл: ағылшын, француз, испан тілдерімен қатар көне грек және латын тілдерін оқып-үйренеді. Оның үстіне оқушылардың өз қалауына қарай итальян, венгр, чех, орыс тілдері оқытылады. Шетел тілдерін оқыту әдістемелері дәстүрлі үлгіге негізделген, бір ерекшелігі, оқу сағаттарының көлемі ауқымды. Сонымен қатар, міндетті түрде әрбір тілдің шыққан отанына, мәселен, Париж, Лондон, Будапешт, Мадрид сияқты қалаларға оқушыларды апарып отырады. Австриялық әрбір гимназия бітіруші кемінде үш тілде, кейде одан да көп тілдерде еркін сөйлейді. Мемлекеттік тіл бүгінгі күні оқыту тіліне, типіне, түріне қарамастан, еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептерде оқытылады. Мек­теп­­тегі мемлекеттік тілдің оқытылу проблема­лары­на байланысты пікір айтушылар көбіне оның ахуалын орыс тілімен салыстырады. Бұл екі тіл атқаратын әлеуметтік қызметтері жағынан бол­сын, қоғамдағы қолданыс аясы, өткені мен бүгінгі жайы болсын екі түрлі екендігін ескеру қажет. Қазақ­стан­да ХХ ғасырдың басынан бері, әсіресе ке­ңес­тік дәуірде басымдықпен оқытылған орыс ті­лі­нің негізгі мақсаты толық жүзеге асырылған, оқы­ту ісі бір жүйеге түскен. Ал қазақ тілінің бас­­қа ұлт өкіл­дері үшін міндетті пән, міндетті түр­де тап­сы­­ры­л­а­тын емтихан ретінде белгіленіп, үл­кен қам­­­қор­­лық­қа ие болуы тек соңғы 15 жыл аумағын­да­ғы тірлік. Бұл бағдарламалардың басты идеясы – Қазақ­станды бүкіл әлем халықтарына үш тұғырлы тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде таныту. Атап айтатын болсақ, олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі, ол – дамыған мемлекеттермен терезе теңестіріп, солардың қатарына қосылу үшін қажет. Түйсігіміздегі нысана – қазақ тілін дамыту, орыс тілін қолдану және ағылшын тілін үйрену. Бұдан күтілетін нәтиже төмендегідей. Біріншіден, үш тұғырлы тілді білім беру саласына енгізу негізінде полимәдениетті тұлға, бәсекеге қабілетті маман даярланады. Екіншіден, Президентіміз айтқандай, әлем қоғамдастығы арасында Қазақстан қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін әрі ерікті түрде меңгеріп, оны қажетті жерінде қолдана алатын жоғары білімді ел ретінде таныла алады. Үшіншіден, ағылшын тілін меңгеру арқылы халықаралық қатынастың, ғылым мен техниканың, бизнес пен журналистиканың барлық салаларында емін-еркін жұмыс жасай алатын ұрпақ қоғамдық өмірге қадам басады. Осылайша, қазақстандықтар 2050 жылы үш тұғырлы тілде сөйлеп, жаза алатын білімді, еркін адамдардың қоғамына айналмақ. Осындайда дана бабаларымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген кейінге қалдырған өсиеті қазіргі заман талабына сай қалайша көрегендікпен айтылған деп таң-тамаша қаламын. Мейрамгүл ОРАЗАЛИНА, Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешеннің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Батыс Қазақстан облысы