• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2011

Серіктестіктегі серпіліс

346 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда елі­міздің ас­тық­ты өңір­леріндегі аудандарда биылғы бітік шық­қан егінді жинап алу бағытында қауырт жұ­мыстардың баста­лып кеткені белгілі. Бұл шаруадан жыл­да­ғы дәстүр бойынша Ақмола облы­сы­ның Астрахан ауданы да қа­лыс қалмаған. Мұндағы ди­қан­дар осы науқанға бір кісідей жұмылдырылса, олардың тілегі – дәл қазір бұйыртқан да­қыл­ды төкпей-шашпай жинап алуды көздейді. Ал оны ры­нок­қа шығару мәселесі екінші ке­зекте екені айтпаса да түсінікті. Біз орақ науқаны нағыз қыз­ған кезге тура келіппіз. Жай­қала өскен егінге қарап еріксіз сүйсінесіз. Кісінің белуарынан келетін астықты өңірде алғаш атбасын тірегеніміз «Фермер-2002» ЖШС болды. Валерий Пельцер басқаратын серіктестікте арнайы техниканы серік еткен маман жұмысшылар өз кәсіптеріне кірісіп кетіпті. 20 мың гектарға жуық жерге егін сепкен серіктестік оның елу пайызға жуығын орып та үлгеріпті. Жи­ырмаға жуық комбайн егіс да­ласын еңбек дүбіріне бөлеген. «Тас түскен жеріне ауыр» деген халық нақылын еске түсірсек, қыруар жұмыстың басы-қа­сын­да жүрген арнайы мамандар ең­бе­гін де ерекше бағалауға бо­ла­ды. Мәселен, серіктестіктің бас агрономы Петр Собковичті осы қатарға қосар едік. Бидайдан гектарына 17,5 цент­нерден өнім алып жатқан шаруашылықтың бұл көрсет­кі­ші арпа дақылынан отызды көрсе­ту­де екен. Арнайы техникалар   кө­ме­гімен, сондай-ақ білікті мамандар арқасында егінді ору нау­қа­нының бел ортасына келдік. Бұл ретте бірінші кезекте құ­дай­дың күнді ашық етіп, қа­ра­сып тұр­ғанын айту керек. Диқандар қауы­мының науқанға байланыс­ты таңғы сағат 8.00-ден түнгі 20.00-ге дейін тынбай еңбек етіп жатқандарын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Көп болып жұмылудың арқасында егінді төкпей-шашпай жинап аламыз деп ойлаймын. Әрине, құдайдан науқан кезінде ашық күн тілеуден де жалық­паймыз, дейді Петр Вла­димирович. Сондай-ақ агроном германиялық өнім «КЛААС» комбайнының бұрынғы ке­ңес дәуіріндегі комбайндардан озық жұмыс жасайтынын және онда ком­байншыға барлық жағ­дай жасалғанын айтады. Қанша дегенмен жаңаның аты жаңа емес пе, жұмыс кезінде ақауы мүлде аз болады, ал ескі ком­байн­дар­дың арагідік істен шы­ғып тұ­ру­лары жұмысқа едәуір кедергілер келтіретіні де бар, дейді ағынан жарылған агроном. Жалпы саны 170-тей адам­ды жұмыспен қамтып отырған шаруа­шылықта, маусым кезінде қосымша 80-ге жуық адам нәпақа табуға мүмкіндік алады. Осы ретте бұларға жергілікті биліктің де барынша қолдау біл­діріп, бір үйдің баласындай ын­тымақтаса еңбек етулеріне септігін тигізіп отырғанын айт­қан ләзім. Егін орағын игеруде жанталаса жұмыс жасап жатқан ша­руа­шылықтар­дың қатарында «Ка­мы­шен­ка» ЖШС да бар. Аудан­дағы абы­ройлы ша­руа­шы­лықтар қата­рынан орын алатын бұл серіктестік жалпы аумағы 16 мың гек­тарға дәнді дақылдар егіп, оны күтіп, баптаумен айналы­са­ды екен. Серік­тес­тіктің атқа­ру­шы ди­­рек­то­ры Сергей Биби­ков­тың айтуынша, өнімнің едәуір бөлігі бидай болса, қал­ға­ны арпа, жүгері сынды мал азықтарына ар­налған дақылдар, сонымен қа­тар, сәбіз, картоп сияқты бақша өнімдері де өсірілетін көрі­не­ді. Егістікте астыққа басымдық берілгені заң­ды­лық десек, басқа да ауыл­ша­руашылық өнімдерін өн­діру­де­гі мақсатымыз – түптеп келгенде аума­ғымыздағы азық-түлік проб­ле­масын болдыр­мау­ға саяды. Шаруа­шы­лы­ғымызда етті, сүтті бағыт­тағы сиыр өсі­ріп, мал өнімдерін өндіруді де қалыс қалдыр­маймыз. Қазіргі кезде астық жинаудың бел ор­тасына келіп қалдық. Бұйыртса, еңбек­кер­лердің ерен жұмыс­тарының ар­қасында толық­тай жинап аламыз деген үмітіміз зор, дейді Сергей Александрович. Егін ора­ғына алты «КЛААС» ком­байны іске кіріссе, өзге де салалық техникалар өз міндеттерін мүлтік­сіз атқаруда. Елдегі азық-түліктің мол бо­луына септігін тигізуде жұ­мыс­тар атқарып жатқан аудандағы өзге серіктестіктердегі тыныс-тіршілік те осы тақылеттес. Біз мұны жоғарыдағы шаруашы­лық­­тар­ға сапарымызда жолай көрдік. Қай­наған жұмыстың қызығына бойлаған еңбек­кер­лер биылғы мол өнімнен, бұй­ырт­са, мол та­быс табатын­дық­та­рына да бек сенімді. Жұ­мыс­шылардың жай­да­ры жүзінен осыны аңғардық. Ақмола облысы, Астрахан ауданы.