Тәубе дейік, бір кездері деміккен денсаулық саласы қазір аяғынан тік тұрып келеді. Елбасы «Саламатты Қазақстан» деген елдік бағдарламаны бекітті. Соның негізінде сан-салалы жұмыстар Астанадан бастап барлық өңірлерде жалғасын тауып жатыр. Біз осы сала бойынша бүгін не атқарылып жатыр, біткені қайсы, бітетіні қандай дегенді, болашақтың жоспар-жобасын білу мақсатында Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік БАЙЖҮНІСОВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Ерік Әбенұлы, мемлекеттің басты капиталы адам десек, сол адамның денсаулығын жақсарту жөнінде өткен жылы арнайы бағдарлама қабылданды. Осы құнды құжаттың еліміз бойынша орындалу барысы қандай?
–Шынында, тәуелсіздік алған күннен бастап халық денсаулығын жақсарту жөнінде Елбасының алға қойған міндеттерін жүйелі орындау жұмысы мүмкіндігінше атқарылып жатыр. Қиын кезеңдер артта қалып, үмітті үкілеген уақыт даңғыл жолға түсті деуге болады. Президент әр сөйлеген сөзінде денсаулық сақтау саласына ерекше мән беріп, миллиардтаған қаржы бөлуге ұйытқы болуда. Биылғы Жолдауында да «Халық денсаулығы – Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі» деп атап өткен еді. Біз осы үдеден шығу мақсатында талпыныстар жасаудамыз. Ал енді сұрақтың желісіне келер болсақ, қоғам дамуына сай халық денсаулығын көтеру жолындағы құнды құжат болып саналатын «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша Үкімет арнайы қаулы қабылдаған болатын. Соның негізінде шаралар жоспары бекітілген еді. Бағдарламаны орындау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 2011-2013 жылдарды, екінші кезең – 2014-2015 жылдарды қамтиды. Біріншіден, ұлттық скринингілік бағдарламаны енгізу арқылы халықтың белгілі бір топтарын тексеру нәтижесінде аурулар тізбесі әзірленді. Тиімді профилактикалық жұмысты үйлестіру, халықтың нысаналы топтарын скринингілік зерттеумен толық қамту жөнінде министрдің бұйрығы шықты.
Сол секілді колоректалды обырды, глаукоманы, жас балалардың туа біткен және жүре пайда болған есту мүшелері ауруларын ерте анықтауға скрининг пен В және С гепатиттеріне нысаналы қатер топтарын скринингін қосымша енгізуге шешім қабылданды. Бұған қоса әлеуметтік қызметкер институты енгізілуде. Бұл бастапқы медициналық көмек көрсетудің әлемдік стандарттарына жақындатады.
Емделушілердің психикалық денсаулығын қалпына келтіру, жеке басының дамуындағы ауытқуларды түзету, психопрофилактика, психотүзету, психологиялық консультация беру бойынша іс-шаралар да өз шешімін таба бастады. Бұл ретте жоғарыда көрсетілген функцияларды жүзеге асыруға арналған іс-шараларды қаржыландыру мемлекеттік ұйымдар бойынша штат бірліктерімен жасақтау арқылы жүргізіледі: 2011 жылға республика бойынша барлығы 2230 штат бірлігі жоспарланса, оның 389-ы психологтарға тиесілі.
Халыққа, әсіресе ауыл тұрғындарына, елдің шалғай және бару кезінде қиындық тудыратын өңірлердің тұрғындарына медициналық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік медицинасын дамыту жоспарланып отыр. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу нәтижесінде өңірлерде қызметтерді ұсынушылардың бастамасымен ем алушылар санын қайта құрылымдау мен оңтайландыру жүргізілуде. Осы кезеңде стационарларда 398 741 адам ем алды. Оның 42,7 пайызын ауыл тұрғындары құрады.
Олардың ішінде өз өңірінде 89,7 % азамат емделді. Өзге өңірлерге 1,6 %, республикалық клиникаларда мамандандырылған көмекті 8,7 % адам алды.
Медициналық көмек көрсету сапасын арттыру, медицина қызметкерлерін түпкі нәтижеге ынталандыру ниетінде «Медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеу ережесін бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 20 мамырдағы № 310 бұйрығы әзірленді. Онда еңбек нәтижесіне қарап бағалау өлшемдерін пайдалана отырып, көрсетілетін медициналық қызметтің көлемі мен сапасына қарай үнемделген қаражат есебінен үстеме төлеу тәртібі көзделген. 2011 жылдың 6 айының қорытындысымен барлық облыстарда денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне сараланған еңбекақы төлеу жүзеге асырылды. Алайда, өңірлердің бірқатар ұйымдарында үнем болмағандықтан төлем жүргізілмеді.
– Аурудың емі – сапалы дәрі. Елімізде қолжетімді дәрі-дәрмек мәселесі қалай шешімін табуда? Отанымызда өндірілетін дәрі қанша пайызды құрайды? Шетелден алынатын дәрі ше?
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес елімізде тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен техниканы қолдануға тыйым салынған. Дәрілік заттар, медицинаға қажет мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Мұндай талап әлемнің барлық елдерінде бар. Мемлекеттік тіркеу Еуропа елдері мен басқа елдердің халықаралық практикасы болып табылады. Бұл еліміздің фармацевтикалық нарығына сапасыз және тиімсіз, сондай-ақ жалған дәрілік заттардың, медицина бұйымдары мен техниканың заңсыз келуіне тыйым қояды.
Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы ахуалға көз жіберер болсақ, 7035 дәрілік заттар тіркеуге алынған. Оның отандық өндіріске тиесілісі – 12,2% болса, жақын шетелден – 17,8%-ды, алыс шетелден келгендері – 70%-ды құрайды екен. Медициналық техникаға келсек, оның тіркелгендерінің ұзын саны – 2 244. Мұның отандық өндіріске тиесілі – 3,1%, жақын шетел – 16,1%, алыс шетелден – 80,8% екен. Ал медициналық мақсаттағы бұйымдар – 3604. Мұның 7,9%-ы – отандық, 24,1%-ы – жақын шетелдік, 68%-ы – алыс шетелдік болып отыр.
– Елбасы Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың ашылу рәсімінде ел денсаулығына қатысты атқарылған жұмыстарды айта келіп, ендігі жерде қатерлі ісіктің алдын алу үшін іргелі мекеменің бой көтеретінін жеткізген еді. Осы арада нақты мысалмен тұрғындар арасындағы сырқаттар туралы мәлімет бере кетсеңіз.
– Иә, отандастарымыздың, әсіресе, жас ұрпақтың өміріне қатер төндіретін қатерлі індеттердің алдын алу жолындағы ізденістеріміз аз емес. Әрине, еліміз жыл санап алға басып келе жатқан тұста, бәрін бірден төрт аяғынан тік тұрғызу оңай жұмыс болмаса керек. Әйтсе де жүргізілген реформалар, бағыт-бағдарлар өз нәтижесін беруде. Айталық, 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде атқарылған шараларға тоқталар болсам, 2009 жылы Астана қаласындағы «Республикалық диагностикалық орталық» АҚ базасында ядролық медицина құрылды. Мұнда 2010 жылдан бастап дайын радиофармацевтикалық препараттарды өндіру үшін циклотрон мен позитрондық-эмиссиялық томография әдісі енгізілді. Бұл жабдық аурудың алғашқы сатысында клиникалық симптомдары пайда болғанға дейін анықтауға және неврологиялық, кардиологиялық, ең бастысы онкологиялық ауруларды емдеу тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Құралдың қуаттылығы жылына бір жарым мың емшараға есептелген. Республика халқы үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде қымбат тұратын емшара тегін жүргізіледі. Радиохимиялық зертхана да барлық ядролық медицина сияқты америкалық және бельгиялық жабдықтармен жарақталды. 2010 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде зерттеулер жүргізілді, 2011 жылы да бұл жалғасын табуда.
Астанада соңғы 5 жылдың ішінде өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендеуі байқалды. Егер 2007 жылы бұл жағдай 100 мың адамға шаққанда 102,8-ді құраса, 2010 жылы 89,0-ге дейін төмендеді. Бұл қатерлі ісікті алғашқы сатысында диагностикалаудың жақсаруына және емдеу нәтижелерінің сапасына байланысты болып отыр.
Өмір сүрудің 5 жылдық көрсеткіші де біртіндеп көтеріліп келеді. 2007 жылы азаматтарымыздың өмір сүру ұзақтығы 45,0%-ға, 2010 жылы 47,2%-ға жоғарылады. Әрине, тәуелсіз еліміздің әрбір тұрғынының, әсіресе күні ертең ел тұтқасын ұстайтын жас ұрпақтың өркениетті елдердегідей өмір сүруіне жағдай жасау арқылы, адамның өмір сүру жасын арттыру басты назарымызда тұрғанын баса айтқым келеді.
– Ерік Әбенұлы, өзіңіз айтқандай, елдің болашағы саналатын сол жас ұрпақтың денсаулығын жақсарту көптің де көкейінде жүрген мәселе. Өмірге келген сәбилердің арасында шала туатындар, жүрек ақауы барлар бар екені анық. Жүрек ақауымен туғандарға дер кезінде операция жасау қажет екені де түсінікті. Ондай сәбилерге шетелдерде туа салып операция жасайтын көрінеді. Бізде бұл жұмыс өз шешімін қалай тауып жатыр? Дәрігерлерге емделушілердің сыйлық беруі дегенге қалай қарайсыз?
– Мен сұраққа жауапты нақты мысалдармен берсем деймін. 2010 жылы еліміз бойынша 368 975 сәби өмірге келді. Бұл 2009 жылға қарағанда 7486 балаға артық. Нәрестелердің өлім-жітімі 1000 тірі туғандарға шаққанда 16,7-ні құрады. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда, 8,2%-ға төмен деген сөз. Сол өмірге келген сәбилердің шала туғандары 5,9% десек, бұл ана денсаулығының индексіне байланысты болатыны белгілі. Сол секілді 2011 жылғы І жартыжылдықта нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші өткен жылдардың осы кезеңімен өлшегенде 14%-ға төмендеді. Және 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 15,1 (2010 жылы – 17,6%) пайыз болды.
Сәбилер арасында туа пайда болған жүрек кемістігі сырқатына кардиохирургиялық көмек көрсетудің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қандай жұмыстың атқарылып жатқанын айтар болсам, алдымен Алматы қаласы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында 20 төсектік кардиохирургиялық бөлімше, Перинаталдық орталығында 20 кардиохирургиялық төсек-орын дайындау және 3 жасқа дейінгі балаларға кардиохирургиялық ем жасау жоспарлануда. Бұған қоса, Астана қаласындағы жаңа ашылған кардиологиялық орталығы балаларға арналып әзірленген 20 орында жылына 275, 2011 жылдың қыркүйегінде 1 жасқа толмаған 70 сәбиге операция жасау көзделуде. Қазір осындай кардиохирургиялық көмекке зәру балалар анықталу үстінде.
Бір айта кететін жайт, аналарға және жаңа туған ұл-қызға медициналық көмек тегін, кепілдік беру көлемінің шеңберінде жүргізіледі.
Ақ халатты абзал жандар әрқашан қателікке жол бермей, адам өмірін сақтау үшін күреседі. Пациенттер медициналық мекеме қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, кейде сыйлық беріп жатады. Әрине, пациенттерден сыйлық алуға болмайды. Өйткені, медицина қызметкерінің қолма-қол ақшалай немесе құнды сыйлықтар алуға құқы жоқ. Мұндай жат қылыққа әр азаматтың сауаты мен санасы таразы болуы тиіс.
– 2010 жылдан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Осы істің бүгінгі жай-күйі туралы да оқырмандарға айта кетсеңіз жөн болар еді.
– Өткен жылдың қаңтар айынан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіле бастағаны рас. Оған арқау болған негізгі желі, емделушілердің дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауына, бәсекелестікке бел буған ортаны қалыптастыруға, денсаулық сақтау жүйесін түпкілікті нәтижеге және медициналық қызмет көрсету үдерісінің ашықтығына бағдарлау еді. Осы қағидаттарды қамтамасыз ету арқылы таңдап алынған медициналық ұйымға «сапалы емге – қомақты қаржы» тарту болатын. Портал арқылы жоспарлы емдеуге жатқызуды ұйымдастыру Денсаулық сақтау министрінің арнайы бұйрығымен бекітілген. Порталы арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде стационарға жоспарлы емдеуге жатқызуды ұйымдастыру нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі. Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымның маманы жолдаманың электрондық нысанындағы тиісті жолдарды толтыру арқылы порталға жолдаманы тіркейді. Нұсқаулықта жазылған талаптарда емделушінің денсаулық сақтау ұйымын еркін таңдауы, қолжетімділігі, ашықтығы, құқығының қорғалуы айқын көрсетілген. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында стационарды өз еркімен таңдау қағидасының арқасында 398 мыңнан астам адам жоспарлы тәртіппен ем алды.
Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары стационарлық ем алуда медициналық ұйымдарды, оның ішінде республикалық клиникаларды еркін таңдай алады. Осы кезге дейін таңдау құқығын 186 мыңнан астам ауыл тұрғыны пайдаланды. Емдеуге жатқызу бюросы порталында тіркелгендердің 43%-ын ауыл тұрғындары құрады. Республикалық клиникаларда емдеуге жатқызылғандардың 29 пайызы жергілікті жерден келгендер. Одан басқа облыстардың денсаулық сақтау басқармаларының, өңірлік комиссиялардың жолдамалары бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмекті 7249 ауыл тұрғыны алды. Бұл барлық емдеуге жатқызылғандардың 31 пайызы еді.
– Жас мамандардың ауылға баруы, барғандарға жасалатын жағдай туралы пікіріңізді білсек деп едік. Жалпы, медицина кадрларын дайындау ісі қалай жүзеге асуда?
– Иә, Елбасының Жолдауына сәйкес жыл сайын медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілуде. Оны бүкіл жұрт көріп, біліп отыр. Ал ауылда медицина кадрларының тапшылығы жоқ дей алмаймыз. Денсаулық сақтау саласын, әсіресе ауылдық жерлерде медицина кадрларымен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тыңғылықты шаралардың қабылдануына ұйытқы болып отыр. Заң аясында 2008 жылдан бастап жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандардың ауылға баруы өз шешімін таба бастады. Соңғы жылдары медициналық жоғары оқу орындарына қажетті грант саны өсті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша елді мекендерге жолы түскен жастардың еңбекақысын 25 пайызға дейін көтеру, өзге де жағдайлар жасау өз дәрежесінде орындала бастады.
Сонымен бірге, министрлік ауылдағы медициналық кадр тапшылығын жою мақсатында облыс әкімдерімен және медициналық жоғары оқу орындарының ректорларымен үш жақты меморандум жасау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Осы арада мына түйінді ойымды айта кетуді парыз санаймын. Медициналық білімнің өзіндік ерекшеліктері бар. Оқу мерзімі өзге мамандықтарға қарағанда ұзақ. Теориялық және клиникалық пәндер жан-жақты зерделеуді талап етеді. Бүкіл дүние жүзінде медициналық жоғары оқу орындарына жастарды іріктеу мен оқыту кезінде қойылатын талап өте жоғары.
Қазіргі таңда медициналық жоғары оқу орындарының студенттерін практикалық даярлаудан өткізу өзекті проблема болып отыр. Елімізде медициналық білімді реформалау жүзеге асырылады. Медициналық кадрлар даярлау жүйесіне қойылатын талаптар жоғарылайды. 2006 жылы осындай мәселелерді шешу мақсатында медициналық және фармацевтикалық білімді реформалау тұжырымдамасы қабылданған болатын. Ол елдегі медициналық білім құрылымы Медициналық білімнің дүниежүзілік федерациясының талаптарына сәйкес және медициналық білімнің клиникалық бағыттылығын күшейте отырып, осы саладағы халықаралық тәжірибеге сүйеніп әзірленген еді.
2007 жылғы 1 қыркүйектен бастап жоғары оқу орындарында оқыту жалпы білім берудің мемлекеттік стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Осыған сәйкес интернатурадан өтпеген бітірушілер клиникалық практикаға жіберілмейді. Тек кейбір мамандық иелері интернатураны аяқтағаннан кейін өздігінен гигиенист-эпидемиолог, стоматолог дәрігер, т.б. қызметін атқара алады. Жалпы білікті дәрігерді даярлау 9 жылдан бастап 11 жылға дейін. Медициналық білім базасының шеңберінде жаңа бағдарлама бойынша оқыған алғашқы түлектер жұмысқа 2014 жылдан бастап, ал арнайы мамандандырудан өткендер 2016 жылдан бастап кірісетіндігін айта кетуіміз керек.
Қазақ елінің алдында экономиканың жылдамдығын жаңғырта беру, шикізаттан өз өнімімізді өндіру жөніндегі индустриялық-инновациялық бағытты өрістету міндеттері тұр. Мұндай жауапты істе азаматтарымыздың денсаулығын сақтап нығайтпай, жұмысқа қабілетін арттырып, өмірін ұзартпай алға бару мүмкін емес. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел ғылымын уақыт өлшеміне сай реформалау жалғасуда. Жаңа «Ғылым туралы» заң қабылданды. Ғылымға байланысты негізгі іс-шаралар Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық құжаттарында тайға таңба басқандай көрсетілген. Сонымен қатар, медициналық ғылымды реформалаудың 2008-2012 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша жоспарлы істер жалғасын табуда. Осының бәрін денсаулық сақтау жүйесіндегі 24 ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми орталық, оның ішінде 18 клиникалық және 6 клиникалық емес, 8 жоғары медициналық оқу орны жүзеге асыруда.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес медицина ғылымын дамытудың басым бағыттары қалыптастырылды. «Денсаулық сақтаудағы ғылыми зерттеулер жөніндегі өңірлік оқу орталығы» халықаралық грантын іске асыру басталды. Гранттың құрылтайшысы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы.
– Қазір елімізде қарқынды дамып келе жатқан санавиация туралы да өз байламыңызды білдіре кетсеңіз қалың қауымға тиімді болар еді.
– Әуе санитариялық көлігін пайдалана отырып, шұғыл медициналық көмектің сапасын және қолжетімділігін жақсарту мақсатында, биыл «Республикалық жедел медициналық жәрдем орталығы» АҚ базасында республикалық санитариялық авиация ұлттық орталығы ашылды. 16 санитариялық тікұшақ сатып алынып, пайдалануға берілмек. Төтенше жағдайлар министрлігімен, өзге де құрылымдармен бірге жұмыс істейді. Барлық облыстық медициналық ұйымдармен тікелей байланыс орнатылған. Ел деңгейіндегі мамандармен телефон және «скайп-байланыс» құралдары арқылы, сондай-ақ телемедицина бойынша консультация жүргізіледі. Мұны жедел жәрдемнен де жедел жәрдем десек болады.
Сөз түйініне келсем, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген бағыт-бағдар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі міндеті – халық денсаулығын сақтау, мемлекет ісін мүлтіксіз орындау болып табылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.