Кеңес одағы кезінде де малдың жайын күйттеген, кеңшарларда отарлап қой, үйірлеп жылқы баққан, абыройға бөленген қандастарымыз болатын. Солардың бірі Ерғали атай мен Мағзима әжей Имановтар қашан шаруашылық тарап кеткенше қой бақты, жеті бала өсіріп, бүгінде немере-шөберелер көріп, бәйтеректей өркен жайған отбасы. Олардың шаңырақ көтергеніне биыл алпыс жыл толыпты. Қариялар өз бөлмесіне жеке қойдырып алған теледидардан «Қазақстан» арнасын ауыстырмай қарайды. Жатжұртта туып-өсіп, сол жерді мекеніне айналдырса да, қандастарымыз атамекенге арқасын сүйегендей болып отырады. Күнделікті естіп, көріп-біліп отырғандықтан Қазақстанның жетістіктеріне қанық. Ал өздері өмірде де, еңбекте де қол жеткізген жетістігіне марқайса, әкесінен «әп, бәрекелді!» естігісі келген баладай, жақсы хабарды атамекенге жеткізгісі келеді. Ақжайық бойындағы орыс-орманның арасындағы шағын ауылда тұрып жатқан бір топ қандастарымыздың осындай тілегімен барғанбыз.
– Біздің көрген бейнетіміз кітап боларлық. Балалық шақ жылаумен өтті, екеуміз де жетім өстік. Әкелеріміз соғысқа кетті. Менің анам тоғыз айлығымда қайтыс болыпты, атам мен әжемнің бауырында өстім, қиын жылдары кемпір-шал ұстаған жалғыз ешкінің сүтін талғажау етіп, ашыға қойғаным жоқ. Ал мына кісінің соғысқа кеткен әкесінен «қара қағаз» келген соң, шешесі күйеуге шығып кетіпті. Қартайған әжесінің қолында Ерғали мен інісі және қайт- қан қызының тағы бір баласы – шиеттей үш бала қалады. Ол да, мен де 17-ге қарағанда бізді «адам боп кетіңдер» деп кемпір-шалдар қосты. Мен келін болып түскенде жалғыз кемпір мен үш бала өте жүдеу тұрады екен. Әжеміз келер жылы-ақ көз жұмды, – деп әңгімеледі Мағзима әжей.
– Әкем соғысқа кеткенде мен алты жастағы бала едім. Әкем байғұс кетерінде бала-шағам жесін деп бір сиырды сойып, терісіне орап тастап кеткен еді. Келер түні ұрылар етті шошаладан көтере ұрлап кетті. Ағайын жеңгем бар еді, сол кісі әлгі сиырдың терісін үйітіп, қайнатып берді, біз соны талғажау еттік, – деп еске алады Ерғали ата.
Ерғали мен Мағзима Қызыл ауданында 60-шы жылдары ашылған «Измаилов» кеңшарына кіріп, тұрмыстарын түзей бастайды. Қой бағады, олар өзінің адал еңбегімен абыройсыз болмайды. Кеңшардың директоры, аты Оңтүстік Уралға мәшһүр болған, Социалистік Еңбек Ері Александр Заплатин еді. Оның басқарған уақытында шаруашылық үлкен табыстарға жетеді. Ең бастысы, А.Заплатин 80-ші жылдардың өзінде малдың өнімін сол жергілікті жерде өңдеуді ұйымдастырады. Диірмен, макарон өндірісі, наубайхана, тері өңдейтін кәсіпорындар, шұжық цехтары салынады. Әлеуметтік сала дамиды, кеңшардың орталығы қала типтес поселкеге айналады.
– Шиеттей бала-шаға болды, қой бағамыз, бір сәт дамылдауға шама келмей жұмыс істедік. Алғашқы жылдары бір күн жұмыстан қалсаң шығарып тастайтын, өте қатал болды. Сөйтіп жүргенде, әлгі Заплатин директорымыз кеңшарға тексеруге, көруге келген кісілерін біздің үйге алып келеді. Әйелдерімен келіп, кәдімгі демалысқа келгендей болатын.Тіпті Мәскеуден келген қонақтарын біз күтіп жіберетін едік. Оларға мал сойдырып, бас қойдыратын. Самаурын оттан түспейтін еді. Күн де, күнара соның қонағын күтумен жүреміз, мал сойылып жатады, қымыз пісіліп, самаурынның түтіні будақтап, қайнап тұрады. Көкорай шалғында қазақтың үйінде ет жеп, қымыз ішіп жатқан соған ұнайтын. Күнімен, түнімен жүреміз, сапырылысып. Мұндайда әйелге түседі ғой көп салмақ, бір ауыз сөз айтуға шама қайда? Сөйтіп, құлдай қызмет еттік қой. Бірақ шаруамызды ақсатпадық, жұмыстан қылау тапса қолыңнан ас ішіп едім-ау демейтін басшылар, – дейді Мағзима әжей.
Ерғали мен Мағзима Имановтар балаларын адал еңбегі, маңдай терімен асырап, ержеткізді. Үйлі-баранды, немерелер өсіп жатыр. Бірі бизнесте, бірі мұғалім, бухгалтер, әйтеуір, мамандық алмай қалғаны жоқ. Ата-анасының отау құрғанына алпыс жыл болған отбасылық қуанышын балалары қариялардың денсаулығына байланысты мейрамханада тойлатпай, қонақтарын еңселі үйінде күтті. Қазақтың салтымен жайылған кең дастарқанға замандастары, ауылдастары, құда-жекжаты жиналды. Тек жастар ғана көзге шалынбайды...
Өздері жайлап отырған Целинное селосында жиырмадан аса үйдің барлығы дерлік қазақ отбасылары екен. Сонымен қатар, Қызыл ауданындағы басқа елді мекендерде де қазақтар шашырай орналасқан. Целинное ауылында негізінен ересек, зейнет жасындағы кісілер ғана қалған. Жастардың барлығы да Магнитогор, Челябі қалаларына жұмыс істейді, пәтер жалдап тұрады.
– Ауылда мамандығы бойынша жұмыс жоқ, ал жастар құрық ұстағысы келмейді. Аталарымыз осы жерде мыңдап жылқы айдаған еді, түгін тартса майы шығатын Жайықтың бойы үшін бір жағы башқұртпен, екінші жағында ормандай орыспен алысып-жұлысып өмір сүрген, ақыры тұрып қалған. Ал қазір заман басқа, жастар қаланы қолайлайды, – дейді келген қонақтардың қайсысымен тілдессең де. Қызыл ауданындағы қандастардың барлығы тек малмен, егінмен күн көріп отыр. Жоқ дегенінде 5-6 жылқы, 5-6 сиыр бар, алды 30-40 жылқы, 15-20 сиыр, жүздеп қой ұстайды. Қаймақ, сүтін, ірімшігін, етін сол маңдағы Сибай, Магнитогор қалаларына, туристер келіп жатқан Архаим табиғи-археологиялық қорығына апарып сатып, нәпақасын табады.
Қызылды жайлап отырған ат төбеліндей қандастар өз ата-бабасының тарихына тым шорқақ. Бір ауыл болып отырған қандастардың үлкені дейтін Ерғали атай мен Мағзима әжейдің өзі «Біз тек Кеңес заманының тәрбиесімен өстік, тарихты қолмен қойғандай айтатын қариялардың барлығы өмірден өтті, олар барда әңгімелеріне құлақ қоймадық», деп өкінеді.
– Бұл жер – Жағалбайлының жері, біздің аталарымыз жайлаған. Мен Найза болыстың тікелей ұрпағымын, бірақ нешінші атам екенін дөп басып айта алмаймын. Осы маңда оның жайлауы болған деседі, – дейді осы Қызыл ауданындағы Победа ауылында тұратын Қазбек Нұғыманов. Оның Найза деп отырғаны–Найза Сарбасов. «На Урал-реке.Заповедные уголки Южноуралье» деп аталатын кітапта Найза туралы: «Верхнеуральск уезді қазақтарының арасынан қалалық дума жанынан ұлттық кеңесші бекітілді. Осы кеңесші міндетін 1891 жылы ордасы Найза ауылында (қазіргі Нағайбақ ауданы) орналасқан Найза Сарбасов атқарған. Сарбасовтың санкциясынсыз полиция қазақтарды қамауға ала алмайтын, ол сотта істі тыңдайтын» деген мәлімет беріледі.
Қазақ журналистикасы ардагерлерінің бірі, өлкетанушы Қуаныш Орманов та Найза туралы қызықты мәлімет айтады. «Найза болыстың жылқысы өте көп болған. Ол біреуде жақсы айғыр бар десе, соны жігіттерін жіберіп, ұрлатып алады екен. Үйіріне қосып болған соң, айғырды өзіне сіңірмей, иесіне тарту таралғысымен қайтаратын болған. Найза жылқысының тұқымын осылай ірілендіріп, асылдандырып отырған», дейді Қуаныш Төребекұлы. Жайық бойында осындай ықпалды, бай адамдар болғанымен де жалпы көшіп-қонған қазақтардың жағдайы ХІХ ғасырда, ХХ ғасырдың басында соншалықты жақсы болмаған. Жайық бойына орыс казактарының орналасуына байланысты, қазақтарды шұрайлы жерден ығыстырған. «На Урал-реке» деген кітапта: «Қазақтар киіз үйде тұрды, кейбіреулері ғана жер кепе қазып алды. Қыстан ауыр, теңселіп шығатын оларға Спасский кентінің казактары көмек беретін.Тоңып бара жатқан қазақ отбасыларын олар өздерінің жылы үйіне кіргізетін. Жазда казактар оларға жер үй қазуды, ағаштан үй тұрғызуды, бақша салуды үйретті. Тату көршіліктің қайтарымына қазақтар бай казактардың малын бақты» деген сыпайы жолдардан өткен ғасырлардың аунап кеткен парақтарындағы Жайық бойы қазақтарының езілген ауыр тұрмысы сезіледі. Қазбек Нұғымановтың: «несін айтасың, көшіп-қонған аталарымыздың қолында пулеметке қарсы құрықтан басқа ештеңе де болмаған. Одан бергі жерде орыстың саясатына қарсы бірлігі тағы болмады, сондықтан құйқалы жерден шегіне-шегіне кеткен» деуі бір тарихтың нобайын береді.
Ал қазір Челябі облысында 36 мыңдай қандастарымыз тұрады. Солардың ұйлыға отырған жерінің бірі Қызыл ауданы екенін айттық. Тұрмыс-тірлігі ешкімнен кем болмаса да, тілден айырылып барады. Жасы 70-80-нен асқан аға буын өкілдері қазақ тілінде сөйлейді. Одан кейінгі буында тіл шұбарлана келе, соңғы балалар таза орыс тіліне көшкен. Қазақ тілінде сөйлеу түгілі түсінбейді. Тойға келген дүйім жұртқа қандастардың ана тілінен алыстап бара жатқаны туралы пікір тастағанымызда, ақсақалдар қамыға жауап берді.
– Жас кезімізде алдымызда ата-анамыз, ағаларымыз болды. Біз – үйде таза қазақ тілінде сөйлеп өскен ұрпақпыз. Балаларымыз да ептеп ана тілде сөйлейді. Бірақ қазір немере-шөберелерге келгенде божыдан айырылдық, бұлар тіпті басқа адам секілді. Қазақша бір сөз айтсаң, бетіңе қарап тұрады, балалармен қазақ тілінде сөйлесіңдер дегенді олардың ата-анасына да айта алмаймыз. Өйткені, олардың да тілі көп сөзге келмейді қазір, – дейді қонақтың бірі Бақытжан Қыпшақбайұлы қария.
Ана тілі тірліктің тасасында қалған қандастарда ұрпақ сабақтастығы да әлсірегенін жасырып қажеті жоқ. Той-томалақ, қуаныш болмай тұрмайды. Мұндайда үлкендер жағы бөлек, жастар бөлек бас қосады екен. Үйлену, қыз ұзату тойында бұл қағидаға, дәстүрге айналған. Екі буында ой да, мақсат та бөлек, қиылыспайтын қос сызық секілді. Аға буынды тілден айырылған ұрпағының болашағы ойландырғанымен қолдан келер дәрмені жоғын білдірді. Қазаны ортақ болған кеңестік саясат кезінде Қызылдағы қазақтар шетелде тұрмыз деп есептемеген. Тіпті, өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін Нағайбақ ауданында қазақ мектебі жұмыс істеді. Кеңес Одағы тарағаннан кейін «тұрымтай тұсына» заман келді. Ал қазір сананы тұрмыс билеп тұрған сыңайлы. Әркім өз шаруасын тербеткен, мал-жанының амандығын ойлаған қандастарымыз тіл тағдырын уайымдаудан бұрын тірлігін ойлайды. Сананы сілкіп тастар серпіліс байқалмайды. Су тынып қалар ма екен?..
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ – ҚЫЗЫЛ – ҚОСТАНАЙ
Суретте: Ерғали және Мағзима Имановтар