Кішкентай сәбидің үлкен қуаныш әкелетіні әлмисақтан белгілі ғой. Ал Астананы миллионер қала деген мәртебелі межеге жеткізген шақалақ алты Алаштың баласының бөркін аспанға атқызып, қуанышқа кенелтті. Ақындар жырдан шашу шашты, әкімдер сый-сияпатын ұсынды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев елорда тойының басталғанын паш ететін Мемлекеттік туды көтеру салтанатында сөз сөйлеп, халықтан сүйінші сұрады, ақ тілегін жеткізді.
Сарыарқаның салқар төсінде дүниеге келген сәбидің есімі – Саида. «Саида» – араб тілінен аударғанда «бақытты» деген мағынаны білдіреді. Ата-анасының көзін ашып көрген тұңғышы. Әкесі Олжас Мұхамедьяров − елорданы электрмен қамтушы «Астана-РЭК» кәсіпорнында энергетик. Анасы Арайлым болса «Нұршашу» балабақшасындағы жұмысынан уақытша қол үзіп, Саиданы бағып-қағумен айналысуда. Ерлі-зайыптылар Астанада танысқан, Астанада табысқан, осында шаңырақ көтерген. Бүгінде жігіттің әке-шешесімен бірге тұрады.
Астананың әкімі Әсет Исекешевке рахмет, кісілігі мол көшелі азамат екенін айқын көрсетті. Миллионыншы тұрғын дүние есігін ашатын сәтті тосып, түн ұйқысын бөлген әкім кішкентай Саиданың кіндігі кесілген түні таң азанмен бақытты ата-ананы құттықтап, екі бөлмелі пәтердің кілтін өз қолымен тапсырған-ды. Күлшелі кішкентай қазір сол құтханада өсіп жатыр.
Былтыр болған қуанышты оқиғаны биыл қайта қозғап отырғанымыз бекер емес. Астананың миллионыншы тұрғыны бір жасқа қадам басқан тұста хабарласып, жай-күйін біліп, елдің атынан, ел газеті – «Егеменнің» атынан құттықтағанды жөн көрген едік.
– Саиданың туған күні құтты болсын! Туған сәтінен бастап елдің баласына айналған кішкентайды құттықтайық деп арнайы хабарласып тұрмыз!
– Көп рахмет сіздерге! Былтыр құттықтаған бұқаралық ақпарат құралдарының арасынан бірінші болып «Егемен Қазақстан» хабарласты,– деген анасы Арайлым қуанып қалды.
Анасының айтуынша, Саиданың денсаулығы жақсы, тәртібі түзу. Қатарластарынан қалмай өсіп келеді. Тек ата-әжесінің сүйікті немересі болған соң еркелігі басымдау көрінеді. Балаларымен бірге тұратын қариялар немерелерін бетінен қақпай, емін-еркін бағып-қағып жатыр екен. Сәбиі дүниеге келгеннен кейін ерлі-зайыптылар елдегі медиа-тұлғаларға айналып кете жаздағанын айтып күледі. Содан кейін бірнеше ай бойы журналистер жиі хабарласыпты, республикалық арналардағы ток-шоулар мен басқа да бағдарламалардың кейіпкеріне айналыпты. Бұл үрдіс бірнеше айдан кейін ғана толастаған екен.
– Бұл − кішкентайымыздың несібесі, Алланың бізге бұйыртқан бақыты деп білеміз. Бір-ақ күнде елге әйгілі болып кетеміз деп кім ойлаған?! Дәл қазіргідей есімізде. Әйелімді толғақ қысып, перзентханаға апарғанда, ең алдымен аман-есен аяқ-қолын бауырына алуын тіледім. Басқа ой мүлде болған жоқ. Қарапайым қазақстандықтарға жайлы өмір сүруге жағдай жасаған Президентімізге алғысымыз шексіз! Қала басшылығының қамқорлығына көп рахмет!– дейді әкесі Олжас Мұхамедьяров.
Сарыарқаның сауырында қазығы қағылып, керегесі керілген Астананың миллионер қала атанып, мегаполиске айналғанына да бір жыл заулап өте шығыпты. Әлемде миллионер қала көп болғанымен, Қазақстан үшін көп емес, бір қолдың саусағына да толмайды. Алматыдан кейін ресми мойындалғаны осы Астана болды. Шымкент те тіркелген тұрғындардың саны бойынша миллионерлердің санатына қосылып, үштікті түйіндеп тұр. Болар елдің басты байлығы – адами капиталы екенін дамыған елдер әлдеқашан дәлелдеген. Адами капиталын дамытқан, халқына жан-жақты жағдай жасаған елдің ғана көсегесі көгеріп, көш бастайтынын көзіміз көріп отыр. Саннан сапа туатынын ескерсек, аттөбеліндей қазақтың қарасын көбейту бүгінгі күннің басты мұраттарының бірі болуы хақ! Астананың миллионыншы азаматы, кішкентай Саиданы басылымның атынан бір жасымен құттықтаудағы бір мақсатымыз осы болды!
«Саида» есімі «бақытты» деген мағынаны білдіретінін сөз басында айтып өттік. Олай болса, бас қаланың миллионыншы тұрғыны атына заты сай болып, бақытты елдің басты ордасының бақытты азаматтарының бірі болып өссін! Біздің тілек осы!
Арнұр Асқар, «Егемен Қазақстан»