• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 04 Шілде, 2017

Сұлулық әлемінің сыры

557 рет
көрсетілді

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Ұлттық музейде ұйымдастырылған шараның бірі – Бәтима Зәуірбекованың «Ұлы Дала өрнектері» атты жеке көрмесінің ашылуы.

Ш.Уәлиханов атындағы ҚҒА-ның сыйлықтың лауреаты, Қазақ­стан Республикасына еңбек сіңір­ген қайраткері қазақтан шыққан тұң­ғыш гобеленші қыздың тартымды ту­ын­­дыларын тамашалауға өнерді баға­лайтын жұртшылық молынан жиылды.  Гобеленнің тарихы шет елдерде 4-5 ғасыр бұрын басталғанымен, біздің елімізде онымен айналысушы­лар өткен ғасырдың 70-жылдары шыға бастады деуге негіз бар. Ерлер арасында тұңғыш гобеленші ретінде Құрасбек Тыныбеков танылса, халық қыздар арасындағы тұңғыш гобеленші деп Бәтима Зәуірбекованы ауызға алады. Анасының ою ойып, сырмақ сырғанын көріп өскен, өзі суретшілікті тәмамдаған Зәуір­бекованың өнердің бұл түрімен біте қайнасуының бір сыры – гобеленнің, яғни, қазақша айтқанда картина көлемінде кішірейген тақыр кілемнің технологиясын оның бала кезден көріп өскенінде болса керек. Еуропада таңсық дүниелердің біздің елімізде таңсық еместігі, күні кешеге дейін әрбір қазақ әйелінің киіз басып, кілем тоқумен айналысқаны, бірақ оны тек тұрмыстық деңгейде тұтынатын заттар ретінде ғана қарастырып, үлкен өнер ретінде насихаттамауы суретшінің «тақыр кілемге» басқаша көзбен қарауына әсер еткен сияқты. Өзінің ішкі әлемін, тіршілікке көз­қарасын, сұлулықты сезінуін Бәтима солайша қылқаламмен қоса жіппен де өріп, өрнектеуге бел буған.  Бәтима Зәуірбекова тек өз еліміз­бен шектелмей, Франция, Италия, Ұлыбритания, Германия, Түркия, әлемнің тағы да басқа бірқатар мемле­кеттерінде жеке көрмесін өткізіп жүрген айтулы шебер. Көр­меге оның 60-тан аса көркем туындылары қойылды. Сонау жастық шағында салған ең атақты туындыларына қоса, кейінгі кездегі тамаша шығармалары да көрермен көзайымына айналды.  Шараға жиылған қауымды Мә­дениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы құттықтады. Ол бей­нелейтін сұлу да сырбаз әрі жұм­­бақ нәзік жандылардың өнер әле­мінде «Зәуірбекованың ару қыздары» деген атаумен танылғанын атап өтті. Сондай-ақ, тарих ғылым­дарының докторы Шайзада Тоқ­табаева суретші-гобеленшінің шығар­машылығын қазақ өнеріндегі жарық құбылысқа теңеді. Оның жұмыстарындағы ерекшелік ретінде позитивті көңіл күйді, нәзік сұлулықты айтты. «Қазір жаһандану ғасыры дейміз. Біздің тіршілігімізде көптеген жағымсыз құбылыстар орын алуда. Оның ішінде терроризм, басқа да деградациялар бар. Ал, Бәтиманың өз әлемі бар. Ол – сұлулық, тыныштық әлемі» − деген ғалым Б.Зәуірбекованың қазақ халқының мәдени бастауларынан нәр алған шығармашылығы ұлтымыздың поэтикалық дүниетанымынан хабар беріп, этникалық таным-түсінігін сақтауға көмектесетінін айтты.

Айгүл СЕЙІЛОВА, Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,  «Егемен Қазақстан»