• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Президент 04 Шілде, 2017

АҚШ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтады

93 рет
көрсетілді

Дональд Трамп Америка халқы атынан Нұрсұлтан Назарбаевты және Қазақстан халқын Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің өткізілуімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

АҚШ Президенті осы жаһандық шараның арқасында Қазақстаннан және дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін миллиондаған қонақтар адам қиялынан нәр алатын технологиялық инновация мен 115-тен астам ұлттық павильондарда көрініс тапқан тамаша әріптестік әлеміне куә болатынын айтқан.

«Америка Құрама Штаттары Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысып, Американың энергетика, ғылым және технология салаларындағы үздік жетістіктерін, сондай-ақ сан қырлы мәдениетімізді көрсетуді зор мәртебе санайды», – делінген хатта.

Сондай-ақ, Д.Трамп АҚШ павильоны өткен ширек ғасырда елдеріміз нығайта түскен стратегиялық серіктестіктің маңызды нышаны болып саналатынын және оның Құрама Штаттардың алдағы уақытта да өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен өсіп-өркендеуді қолдауға деген ниетін білдіретінін атап өтті.

«Президент мырза, «ЭКСПО-2017» көрмесі арқылы энергетикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жаһандық диалогты одан әрі ілгерілетудегі Сіздің көзқарасыңыз бен көшбасшылығыңыз үшін Сізге және Қазақстанға ілтипатымды білдіремін. Өзара сыйластық пен ортақ мүддеге негізделген АҚШ-Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік одан әрі нығая түседі деп сенемін», – делінген хатта.