• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Шілде, 2017

Қостанайлық соттар Астана күніне арнап концерт қойды

144 рет
көрсетілді

Қостанайда Астана күні құрметіне түрлі шаралар өтіп жатыр. Соның бірі – облыстық сотта маман қызметкерлер мен судьялардың күшімен қойылған концерт.

«Астана – еліміздің бас қаласы ғана емес, ол қазақстандықтарға рух беретін тәуелсіздігіміздің символы. Астана – жас, әрі болашақтың қаласы», – деді мерекелік шарада сөз алған облыстық соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев. Облыстық соттың судьясы Гүлманат Артықбаева Астана тарихына тоқталды. Ол еліміз үшін өлара кезең болған тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Астана қаласының қалай өсіп жетілгенін тілге тиек етті.

Облыстық сот ұжымы Астана күніне арнап облыстағы соттар қызметкерлері арасында «Астана – менің астанам, Еуразия жүрегі» атты эссе байқауын жариялаған болатын. Байқауға түскен 26 эссенің арасында үшеуін қазылар алқасы үздік деп таңдады. Бірінші орынды – Жітіқара аудандық сотының жетекші маманы Ғазиза Кеңесбаева, екінші орынды – Қостанай қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының қызметкері Ақмарал Хасенова, үшінші орынды – Қостанай аудандық сотының маманы Дархан Ғалымов алды. Олардың шығармаларына қазылық жасаған «Қостанай таңы» газеті редакторының орынбасары Жұматай Кәкімжанов бағалы сыйлықтар табыс етті.

Мерекелік шара соттар қызметкерлері мен судьялар күшімен қойылған концертке ұласты. Қара қылды қақ жарған әділ сот судьялары өнерден де құралақан еместігін көрсетті. Олар шырқаған патриоттық әндер мен халық термелері, мың бұрылған билер келушілердің көңілінен шықты. Облыстық сотта мұндай концерт бірінші рет өткізіліп отырғанын айта кеткен жөн.

Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ