• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Шілде, 2017

Тағдыршешті таңдау

240 рет
көрсетілді

Егемендігіміздің елең-алаңында тағдыры шешіліп, Сарыарқаның төрінде туған Астананың қалай өскені, өркендеп келе жатқаны, көршілеріміздің көз алдында, әлемнің назарында. Күн сайын көркейіп, Астанамыз ажарлана түсті.

Шындап келгенде, санау­лы жылдарда Арқада осын­дай ғажайып қала салтанат құра­тынына бастапқыда жұрт­тың бәрі бірдей сенген жоқ. Әрине, үлкен істердің, тари­хи шешімдердің басында әдет­те қорқыныш пен дүдә­мал, дақ­пырт басым болады. Алып­қаш­ты әңгіме де жет­кілікті болды ғой.  Төл теңгеміздің «буыны бекімей», ел қайта құрудан, ұлы өзгерістерден кейін әлі де тең­селіп тұрғанда үл­кен қала тұр­ғызу, астананы көші­ру ақыл­ға сый­майтындай көрін­гені бұ­ған дейін де айтылған. Бұл ше­жі­­ренің бір шындығы, Ел­басы­мыз­дың бастамасымен еге­мен­дік­тің еңселі жылдарында еліміздің қақ ор­тасында биікке найзадай шаншылған сәулетті шаһар бой көтерді.  Мемлекет басшысы­ның тағдыр­шешті таңдауын қол­да­ған талай отан­дасы­мыз үй­ренген Алматысын тас­тап, Сарыарқаға қарай бағыт ал­ған ұлы көшке ілесті. Бүгін­де брендке айналған Астана енді бауырына бас­қан әрбір тұрғынына қары­зын өтеп, сама­лымен айма­лап тұр. Сама­ладай жа­рық көшелер – баршамыз­дың мақтанышымыз. Осы жылдарда атқарған ұлы шаруаның бірі де бірегейі – Астананың дүниеге келуі екенін енді ешкім жоққа шығара алмас. Өзіндік келбетке ие болған бас қала тәуелсіздіктің жеңі­сі, егемендіктің жемісі екенін өзге­лер де мойындайды. Ай­­­на­ла­дағылар қызыға қарай­­ды. Астанаға алыс-жақын­­нан кел­ген-кеткен қонақ та, қазақ­стан­дықтар да елор­дамызды көр­ген сайын ме­рей­леніп, сүйсінеді.  Тарихтың еншісіне сыйға тар­­­тылған қала күн өткен са­йын қазіргіден де көркейе тү­се­­­ті­­­ніне енді ешқайсымыз шүбә келтірмейтін болдық.  Астана Қазақстанның бас қаласы ғана болып отыр­ған жоқ, аса ірі халықаралық шара­лар­дың да шаңырағы бола алды. Ауызбіршілікке бастаған адам­заттық оқиға­лар­дың киелі ордасы  болуға ұмтылуда. Татулық сүйген мем­лекетіміздің саясаты ай­қын, жолы да анық. Ізгіліктің нұрын шашқан шаһарда қазір өр­ке­ниеттің барлық үлгісі бар. Ас­пан­мен таласқан ғима­рат­тарда адамдар жарқын келешек үшін жұмыс істеп жатыр.  Зәулім-зәулім үйлерде тәуел­­сіздік жылдарында туған ұл-қыз­дарымыздың кіндігі кесі­ліп, бұл буын­ның алды ержетіп келеді. За­ма­нына қарай – адамы. Сана көкжиектері кең. Бұлар бірнеше тіл біледі, ақпараттық технологияларды меңгерген, уақыттың көшіне ілескен ұрпақ. Ендігі бола­шақты жа­сайтын да – Ас­тананың жас тұрғындары, білімді жастары. Ендігі жерде сама­­ладай жарық қаланың жақ­­сы атын шыға­ратын да осылар.  Тақыр қаланы, жасыл қала­ға ай­налдырған Елба­сы­мыз­дың тәуекелімен тұрғы­зыл­ған елор­дада еңбек еткен адамға құс­тың сүтінен басқа­сы­нан бәрі табылады. Ең бастысы, айна­­­ла­­сындағы көрші­лері­мен ше­­карасын шеген­деп, Көк бай­­рағын желбіре­тіп, тәуел­сіз­діктің Әнұра­нын сам­­ғатқан Мем­лекет басшы­сының мәңгі­лікке бастаған қада­мы­ның мән-маңызында шек жоқ. Мұның өлшеусіз бағасы туралы қанша айтсақ та ар­тық­тық етпес. Ал енді жаһанның жа­йына, даму бүлкіліне қарасақ та, бірінші кезекке білім шығып жатыр. Өнердің нағыз өкілдері, топ жарған жас­тарымыз, спорт­тағы саң­лақ­тарымыз Қазақ­станның атын шығарып жүр. Көкке таласқан ғимараттар сөзсіз керек, бірақ оның іші талантты адамдарға, білімді ма­ман­дар­ға толы болса, сол кезде ғана қазақтың Астанамен астасқан жақсы аты төрткүл дүниеге жайыла береді. Елорданың бергі тарихында ашылған жаңа жоғары оқу орындарында енді әлемнің айтулы университеттерімен иық тірестірген сапалы білім бағдарламалары да болса екен деп тілеймін. Сол кезде Аста­наға ағылған, елордада тұр­ғысы келетін жас­тар­­дың көші ұлғая түседі. Ғалым ретінде Астананың келешегін ғылымға ғұмырын риясыз арнаған жандардың жарқын өмірбаянымен байланыстыра елестетіп, мұның да ай туғандай ақиқатқа айналғанын армандаймын. Зиялы қауымның бір өкілі, ел тілекшісі ретінде әлем­дік өнер айдынында жүз­ден жүйрік, мыңнан тұлпар шық­­қан­дар Астанада туған деп сү­йін­шілейтін күндерді көксеймін.  Абыздық жасқа жеткенде, бұл қаланың байлығы – тамаша адамдар, мықты мамандар, қолы алтын дәрі­гер­лер, сөзі ал­тын ұстаздар болса деп аңсаймын.  Қазақтың ғасырлар бойы күткен күні осы күн болса, Астана – сол арманның көкке желбіреген байрағы.  Астананы жылытқан да дүйім қазақтың ыстық ниеті. Тарихтың талай сұра­пы­лынан суырылып шыққан қазағымыз қол жеткізген тыныштық-берекесінен айырылмасын. Осынау ен байлық енді иманды ұл-қыздың, тәрбиелі ұрпақтың қолына ауысқанын тілеймін. Еңселі елорданың барша ісі баянды болғай!

Еділ ЕРҒОЖИН, ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты 

АЛМАТЫ