Шараның ресми бөлімі Қазақстанның Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің сөзімен басталды. «Американың ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысып жатқанын және жасыл энергетиканы дамытуға жоғары үлес қосқанын айрықша атап өткеніміз жөн. Сонымен қатар, АҚШ-тың елімізбен берік қарым-қатынасына ризашылығымызды білдіреміз. Екіжақты ынтымақтастық нәтижесінде америкалық «Шеврон» және «Эксон мобиль» компаниялары қазақстандық мұнай нарығын игеруге атсалысып, біз үшін сенімді серіктестіктерге айналды. Тағы да айта кетерлігі, АҚШ-тың жаңартылатын энергия көздерін зерттеудегі тәжірибесі Қазақстанның үлкен қызығушылығын тудырды. Олар – жасыл технологиядағы жинақтаған тәжірибесі тұрғысынан ең озық елдердің қатарында. Сондай-ақ, жүздеген америкалық компания жаңартылатын энергияға көшу жаһандық бастамасын қолдаған», деді ол. Жиында АҚШ елшісі, павильонының комиссары Джордж Кролл қазақ тілін әжептәуір білетініне көпшіліктің көзін жеткізді. Қазақстан тарапының ыстық ықыласына көңілі толғандығын білдірген комиссар павильондары жайында әңгімеледі. «Біз «Болашақ энергиясы» тақырыбымен шабыттанып, «Сарқылмас энергия көзі – әрқайсымыздың ішімізде» деген идеяны жеткізгіміз келеді. Өзіміздің энергиямыз арқылы біз таңғаларлық нәтижелерге жеткізетін инновацияларды ынталандырамыз. АҚШ пен Қазақстан арасындағы қатынастардың энергетикасы Америка павильонын идеядан шынайы жетістікке алып баратыны сөзсіз. АҚШ пен Қазақстан арасындағы серіктестік тек саяси лидерлер арқасында ғана емес, жеке сектор мен адамдардың арасындағы қатынастардың нәтижесінде де нығая түсті», деді Д.Кролл. Басқосудың екінші бөліміндегі концертті жүргізген америкалық жастардың қазақшасы ағылып тұрмаса да, әңгімелесуге жарап тұр. Ал сахнаға танымал Грейс Гаррет шығып, өзінің «укелеле» атты аспабымен «Дударайды» айта бастағанда, көзіне жас алған көрермендер болды. Америкалықтар мұнымен шектелген жоқ, АҚШ халқының бостандығын, еркін ойлау қабілетін барынша көрсетті. Қазақтың күйлері мен өздерінің әуендерін үндестіріп, паппури орындады. Тіпті, «Қамажай» әніне билеп, оны да ұлттық музыкасымен шебер үйлестірді. Мәдени шараның соңы жаппай биге ұласты. Содан кейін қатысушылар мерекелік шерумен АҚШ павильонына аттанды. Шерудің басында әлемге әйгілі «Harley-Davidson-ның» екі мотоциклі, оның артында әскери курсанттар мен черлидирші қыздар жүрді. Павильонға келушілерге «Шексіз энергия көзі дегеніміз не?» деген сауал қойы- лады. Содан соң болашақ энергиясын айқындайтын фильм көрсетіледі. Көпшілік келесі бөлікте «Өмір энергиясы» деп аталатын таңғажайып шоуды тамашалайды. Шоу бір мезгілде үш үлкен экран арқылы көрсетіліп, кейін көпқабатты еден арқылы кеңейіп, жалғасады. Дәл осы кезде кіреберісте қойылған сауалдың жауабы шығады. Сонымен қатар, АҚШ пен Қазақстан арасындағы достықтың дамуы жайлы мәлімет беріледі. АҚШ павильонының мәдени-бұқаралық шаралары осымен бітпейді. Биыл мемлекеттің тәуелсіздігіне 241 жыл толып отыр. Осыған орай, АҚШ мәдениетіне арналған мерекелік апталық ұйымдастырылады. Соның аясында америкалық рок, блюграсс, соул мен хип-хоп өнері көрсетіледі.
Топтаманы әзірлеген Асхат РАЙҚҰЛ,
Суреттерді түсіргендер Ерлан Омаров, Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»