• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Шілде, 2017

АҚШ-Үндістан: Өзара әріптестіктің өрісті қадамы

325 рет
көрсетілді

Өткен аптада Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди АҚШ-қа сапармен келді. Бұл оның Ақ үй басшылығы ауысқаннан кейінгі Вашингтонға алғашқы сапары болды.

Алғашқыда Президент Дональд Трамп Үндістанға онша көңіл аудармайды деген күдік болған еді. Әсіресе, оның Қытай тарапына және сол елдің көшбасшысы Си Цзиньпинге ай­тылған мақтауынан кейін бұл «қорқыныш» үдей түс­кен болатын. Алайда, кез­де­­с­уден кейін күмән сейі­л­ді. «АҚШ Үндістанды қор­ға­ныс саласындағы өзінің жа­қын одақ­тастары және серік­тес­терімен тең дәрежедегі ірі әріп­тесі ретінде көргісі келеді», деп мә­­лім­деді Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілі. Келіссөздердің қорытын­ды­сын­да Трамп екі ел арасында бұ­рын-соңды болмаған байланыс орнағанын атап көрсетті. Ал Нарендра Моди болса, президент Трамптың көшбасшылығы «екіжақты стратегиялық серік­тес­тікті жаңа деңгейге көте­ре­тініне» сенім білдірді. Сарапшылардың пікірін­ше, Модидің АҚШ-қа сапа­ры өте жемісті болды. Үндістан премьер-министрі Дона­льд Трам­ппен, АҚШ-тың мем­ле­кеттік хатшысы Р.Тил­лерсон­мен және қорғаныс министрі Джеймс Мэттиспен келіссөздер жүргізген. Дәл осы күні Ақ үй­де Нарендра Моди мен Дональд Трамптың командалары қатысқан кеңейтілген құрам­да­ғы кездесу өтіп, келісімдер жа­салған. Үндістан премьері АҚШ-тың 45-ші президентімен Ақ үйде кешкі ас ішкен алғашқы шетелдік көшбасшы болғанын айта кету ләзім. Келіссөздерден кейін екі ел­дің басшылары Ақ үйде бір­лес­кен баспасөз мәслихатын өткіз­ді. «Бүгінгі кездесуден кей­ін түйгенім, АҚШ пен Үндіс­тан арасындағы байланыс дәл мұндай бекем әрі жоғары дең­гей­де болмаған. Біз айтылған мә­се­лелердің көбіне қосыламыз, түп­тің-түбінде, бәріне де келі­се­міз», деді Дональд Трамп риза кейіппен. Әрине, Үндістан-АҚШ қа­рым-қатынасының жарқын жақ­тарымен қатар, күңгірт тар­тқан тұсы да бар. Әсіресе, екі­жақты байланыстың түйткілді мәселелерінің бірі – виза жа­йы. Үндістан жағы АҚШ-тың жо­ғары білікті мамандарға бе­рілетін қысқа мерзімді H1-B визасының сақталуына мүдделі. Сандарды сөйлетсек, был­тыр осы нұсқадағы виза Үн­діс­тан­ның 200 мың азаматына бе­ріл­ген екен. Бұл құжаттар үн­ді­нің ІТ-саласындағы маманда­рын жұмысқа шақыратын аме­ри­ка­лық компанияларға да ти­імді. Олар Үндістан аза­мат­­­та­рына жалақыны аме­ри­ка­лық­тардан азырақ төлейді. Егер Б.Обама тұсындағы бас­шы­лық кезінде бұл проблема ре­тінде саналмаған. Ал АҚШ азаматтары үшін жұмыс орнын көбейтуді және America First сая­сатын жүзеге асыруды көздеп отырған Трамп H1-B визасын алып тастауы мүмкін. Кездесудің нәтижесінде Үндістан мен АҚШ арасындағы сау­­да тапшылығын қысқарту жос­парланып, бірлескен әске­ри-теңіз жаттығуын құру, антитеррористік серіктестікті ны­ғай­ту көзделіп отыр. Қауіпсіздік мәселелері тұр­ғы­­сындағы келіссөздер де тараптар үшін маңызды. «Әсіресе, өзара қауіпсіздік жөніндегі бай­ланыстарды тереңдету керек» деген Трамп екі елдің де «тер­рористердің шабуылына ұшырағанын» алға тартты. Оның мәлімдеуінше, Үндістан мен АҚШ радикалды ислам терроризмін жоюға уағдаласып отыр және террормен күрес жөніндегі әріптестікті нығайту бағытындағы жұмыстарды кү­шей­тпек.  Сондай-ақ, Дональд Трамп пен Нарендра Моди арандату пиғылымен әлемге қауіп төн­діріп отырған Солтүстік Корея­ның мәселесін талқылады. Екі ел бас­шылары Солтүстік Кореяның бағ­­дарламасына қарсы үн қо­су­ға уағдаласып, Пхеньянды ха­лық­аралық құқық шеңберінде жұ­мыс істеуге шақырды. Осыдан жарты айдай бұрын Нарендра Моди Ресейге келіп, Санкт-Петербургте өткен ха­лық­­аралық экономикалық фо­рум- ­ға қатысқан болатын. Ресей пре­­зиденті В.Путинмен де кез­десіп, жаңа келісімдер мә­се­лесін талқылаған. Содан кей­ін Қазақстанға атбасын бұр­ды. Н.Модидың осы сапа­рын­да Үндістан Шанхай ын­ты­мақ­тас­тық ұйымының то­лық­қанды мүшесі болып қабыл­дан­ды.  Содан кейін АҚШ-та жал­ғас­қан сапар Үндістан бас­шы­лығының сыртқы саясат мә­се­лесінде дұрыс шешімдер қа­был­дап отырғанын тағы бір мәрте дәлелдегендей. 

Руслан ІЗІМОВ, саясаттанушы