Елорда кешенді түрде жан-жақты дамып келе жатқан жас қала. Жоғарыдағы көрсеткіш Астана үшін өтпелі меже екендігі анық. Неге десеңіз, қазірдің өзінде бас қаламыздың бірнеше шаһарды басып озып, рейтинг бойынша жоғары көтерілуге мол мүмкіндігі бар. Бұған алғышарт та жеткілікті. Ең бастысы, Астана тұрғындары спорт пен денешынықтыруды өміріне серік еткен сергек халықтың бірі. Жұрттың саламатты өмір салтына деген ұмтылысын қала басшылары да тиімді пайдаланып, қуана құптап отыр. Жаңадан бой көтеріп жатқан спорттық жаңа ғимараттар, жұртты бұқаралық спортқа жұмылдыруды көздеген кешенді іс-шаралар осының айғағы болса керек. Биылдың өзінде Астана қаласында ірі-ірі он шара өткізу жоспарда бар екен. Шын мәнісінде, бұлардың бәрі де бас қаламыздың әлемдік спорт қауымдастығы алдындағы абырой-беделін өсіріп қана қоймай, рейтинг бойынша да ілгері жылжуына септігін тигізбек. Қала спортының басында отырған азаматтардың айтуынша, Астана биылдың өзінде әлемдегі үздік спорттық 20 қаланың қатарына қосылуы бек мүмкін. Қазіргі таңда Астанада 2020 жылға дейін бұқаралық спортты дамыту бағдарламасы қабылданған. Өткен жылғы статистикалық деректерге сенер болсақ, елордада спортқа бейім халықтың саны өсе түскен. Қалада спорт түрлерінен мектеп лигасы, студенттер және әуесқойлар біріншіліктері тұрақты түрде өтіп келе жатқанын есепке алсақ, жақын арада бұқаралық спортпен ұдайы айналысатын халық санының үлесі 30 пайыздық межеге де жетіп қалуы әбден мүмкін. Жалпы, жоғарыда айтылған бұқаралық спортты дамыту бағдарламасын қабылдар алдында Астана спортына жауапты азаматтардың әлемдік тәжірибеге және де білікті мамандардың ақыл-кеңесіне сүйене отырып, ортақ мақсат жолындағы маңызды құжатқа ерекше мән бергендігі қуантады. Қазіргі таңда Астана қаласындағы спорттық инфрақұрылым 654 нысаннан құралады. Мұның үштен бірі − аулалардағы спорт алаңқайлары. Бұл жұмыс, әрине, үздіксіз жүргізіледі. Күн өткен сайын бас қаладағы жұрттың қолы еркін жететін спорт алаңқайлары көбейіп келеді. Мысалы, қалада тоғыз саябақ болса, ондағы спорт алаңқайларының саны күннен-күнге арта түсуде. Және де бұл бағытқа инвестор тарту ісі де жоғары деңгейде ұйымдастырыла бастаған. Бұл – бүгінгі талапқа толығымен сай келетін шаруа. Көше толы велосипед тұрағы. Мін де, бойдағы қанды таратып, дененің құрыс-тұрысын жаз. Осының өзі денешынықтыру деген саламатты істің төресі емес пе?! «Спорттық Астана» дегенде ең алдымен ауызға «Астана Арена» стадионы, «Барыс Арена» спорт сарайы, «Алау» мұз айдыны сарайы және «Сарыарқа» велотрегі сынды кейінгі он жыл ішінде салынған ғажап ғимараттар ілігеді. Бұл спорт нысандары спорттық Астананың символына әлдеқашан айналған. Бүгінгі күнде бұларсыз елорда спортының салтанатын көз алдына елестету тіпті де мүмкін емес.
Қазіргі таңда «Астана Арена» стадионы әлемге танылды. Бұл керемет спорт ғимаратында соңғы жылдары футболдан Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының ойындары өтіп жүр. Алаңы жасанды болғанымен, шетелдік мамандардың бірегей нысан туралы жылы лебіздер білдіріп жататыны көңілді марқайтады. Сонымен қатар, «Барыс Арена» спорт сарайы да өзінің әлемдік стандарттарға сай салынған ғимарат екенін дәлелдеп жүрген нысанның бірі. Мұнда соңғы жылдары Құрлықтық хоккей лигасының ойындары жүйелі түрде өтіп келеді. «Астана Арена» десек, еліміздің чемпионатында топ жарып, УЕФА турнирлерінде тәп-тәуір өнер көрсетіп жүрген «Астана» футбол клубын міндетті түрде қоса айтамыз. Ал, «Барыс Арена» спорт сарайының атауын Құрлықтық хоккей клубында шетелдік азулы командалармен терезесі тең дәрежеде тартысып жүрген «Барыс» хоккей клубымен байланыстыруымыз да заңды. Аталған клубтар бас қаламыздың бүгінгі күндегі спорттық сәтті жобалары. Жалпы, жоғарыда аталған спорт ғимараттарының есігі қарапайым халыққа қашанда ашық. Мысалы, «Алау» мұз айдыны сарайынан қысы-жазы коньки тепкен тұрғындардан, қала қонақтарынан арылмайды. Мұндағы баға да қолжетімді. Ал балаларға кіру тіпті тегін. Балалар демекші, бас қалада қазір 10 спорт мектебі қалыпты жұмыс істейді. Онда жеті мыңнан астам бала спорттың қыр-сырына қанығып, шыңдалып жүр. Астана, сөз жоқ, спортшылардың қаласы. Оған дәлел – Рио-2016 Олимпиадасында елордадан 23 спортшы ел намысын қорғады. Соның ішінде былғары қолғап шебері Данияр Елеусінов елордадан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанып, тарихқа атын алтын әріптермен жазды. Сонымен қатар, балуан қыз Гүзел Манюрова мен боксшы Василий Левит сол дүбірлі додада күміс жүлде алып, Астана абыройын асыра түсті. Астана спорты дегенде бірден «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубын атауға болады. Бүгінгі күнде бұл құрылым қанатын кеңге жайып, ел спортының дамуына елеулі үлес қосатын орталыққа айналып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған клубтың мақсаты да зор. Ол – «Астана» сынды Ұлттық брендті халықаралық спорт аренасында танымал ету. Қазіргі таңда клубтың құрамында «Astana Pro Team» кәсіпқой велокоманда, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Astana Motosports» ралли-рейд командасы және «Astana Arlans» бокс клубы бар. Бүгінгі күнде аталған клубтардың елорда имиджін халықаралық аренада сәтімен танытып жүргеніне ешкім дау айта алмайды. Яғни, бұл – жолы болған жоба! Міне, спорты осынша өрлеп тұрған Қазақстан «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде өзінің әлеуетін тағы бір мәрте паш етуге зор мүмкіндік алды. Яғни, алыстан келген меймандар көрмені ғана қызықтап қоймай, алуан түрлі спорттық жарыстарды да тамашалай алады. Иә, биылғы жаз Астана дүбірлі жарыстардың ордасына айналғалы тұр. Елордамызда аталған әлемдік форум аясында 12 бірдей ірі турнир өтеді екен. Бірер күннен соң каратэ-шинкиокушинкай шеберлері әлем чемпионатының жүлделері үшін тартысқа түспекші. Іле-шала, каратэ-до шито-рю деп аталатын спорт түрінен Азия чемпионаты жалау көтереді. Бұдан кейін, теннистен Президент кубогы жолындағы турнир өтеді. Ал 20-24 шілде аралығында өтетін белбеу күресі бойынша әлем чемпионаты кім-кімді болсын қызықтырары сөзсіз. Міне, қарап тұрсаңыз, шілде айында елордада спорттық шаралардың қара қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатады екен! Астанаға мың-миллиондап келетін қонақтардың алдында Қазақ елінің төл спорты – қазақ күресін тағы бір қырынан таныстырудың мүмкіндігі туып тұр. Жарнамасы келіссе, тамыз айының 3-6 күндері «Барыс Арена» спорт кешенінде өтетін қазақ күресінен «Әлем барысы» турниріне келушілердің аз болмасы анық. Әлемнің әр түкпірінен келген балуандар қазақ күресі додасының көрігін қыздырып жатқан тұста «Эльдорадо» атыс алаңында стендтік атудан әлем чемпионаты шымылдық түреді. Турнир 3 тамыздан басталып, 13 тамыз күні аяқталады деп жоспарланған. Қазақтың қандай жауынгер халық екенін паш ететін спорттық шараның бірі – «Қазанат» атшабарында өтетін көкпардан әлем чемпионаты деп ойлаймыз. Бұл доданы тамашалаған шетелдік меймандар көрген қызық, алған әсерден көпке дейін айыға алмасы сөзсіз. Төрткүл дүниеге мақтан етер тағы бір тамашамыз – тоғызқұмалақ спорты. Қыркүйек айының 2-9 күндері «Hotel ibis Astana» қонақүйінде спорттың осы түрінен әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Міне, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақ елі спортының қарыштап дамығанын ғана емес, мемлекетіміздің халықаралық деңгейдегі маңызы зор жарыстарды өткізуге қаншалықты қауқарлы екенін, яғни әлемдік спорт қауымдастығының сеніміне әбден кірген әріптес екендігін төрткүл дүниеге тағы бір мәрте дәлелдемек. Міне, спорттық державалармен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас жасай алатын Қазақ елінің астанасына осындай құрметті һәм аса жауапты миссия-міндет жүктелген. «Азаматына қарап ауылын таны» деген. Айдай әлемнің құдіретті спорт арқылы уығын Елбасының өзі қадаған Астананы жаңа бір қырынан танитынына титтей де күмән жоқ!
Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»