• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Кино 05 Шілде, 2017

Қайраткер тұлғаның адами болмысын айшықтаған...

342 рет
көрсетілді

Астанадағы «Думан» қонақ үй кешенінің үлкен залында Қазақстан Республикасы мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің 80 жасқа толған мерейтойына орай түсірілген «Дүние, шіркін» деректі фильмінің тұсауы кесілді.

Фильмді «Қазтелефильм» продюсерлік орталығы түсірген. Авторы бұған дейін де бір қанша деректі фильм түсірген режиссер әрі продюсер Ілияс Башарұлы. «Дүние шіркін» қою да, қоңыр ерекше дауыс иесі Мейрамбек Басбаевтың орындауында халыққа кеңінен тараған Мырзатай Жолдасбековтың өз әні екенін жалпы жұрт білсе керек. Фильм сол әннің атымен аталған. Филім көрсетілер алдында беташар сөзін сөйлеген режииессер: «Мырзатай ағамыз туралы деректі фильм жасау оңай болған жоқ, себебі ағамыз жайында бұған дейін де бірнеше фильм түсірілген. Оларды айналып өту де қиын, қайталаудың қажеті тағы жоқ. Дегенмен біз өзгеше қырын тапқандаймыз», - деді.

Шынымен де, фильм шыңыраудай терең, мұзарттай биік қайраткер ғалымның адамдық болмыс, кісілік келбет туралы ой-толғамдарына көбірек көңіл бөліпті. Қасиетті Қаратаудың бауырына тығылып үйіріліп жатқан шәкене ғана ауылда бала Мырзатай нені сезінді, нені түйсінді, нені жек көрді, неге ұмтылды? Осының бәріне сексеннің сеңгіріне шыққан абыздың көзімен қайта бір қарап, өзінің сөзімен қайта бір өрнектеліпті. 9 жасында әкесінен қалып, жетімдіктің қамытын киген баланың ендігі өмірі сұрапыл соғыс жылдарына тап келеді. Шалбарының жыртығын салбыратып мойнына асқан сумкасымен жасырып, жалаң аяқ, жалаң бас әр біреудің есігінде жүріп оқуын жалғастырған баланың басында не қиялдар, не армандар болмады дейсіз? Өз ауылынан жүз шақырымдай алыстағы ауылда оқу оқып жүрген Мырзатайды бір күні ағасы іздеп келеді. Сонша жерден атпен іздеп келеді. Сондағы қуанышы, сондағы еңіреп жылап, өксігін баса алмаған ерекше сәті ағамыздың бойында дәл сол күйінде сақталып қалғандай. Ағалы-інілі балалардың бауырмалдығын еске алып, естелік айтып отырып жанарының жиегі жібек жіп жүгірткендей жылт-жылт ете қалады.

Күңіренген көңілмен соғыс жылдарын еске алады. «Соғыс жылдарындағы ауылдың сол бір сүркейлі бейнесі көз алдымнан кетпейді. Қара қағаз келген үйдің әйелі шашын жайып жіберіп зарланып жылайтын еді. Шашын жаю деген жаман ырым ғой, айдың күннің аманында шашын жайып салған осы күнгі әйелдер оны білмейді. Айтсаң құлағына кірмейді...» дейді қашанда ұлттың өзегінен өрілген өз болмысын қызғыштай қорып жүретін  қайраткер тұлға.

Шынында қазақтың асыл болмысын көзімен көріп, жанымен сезініп, бойына сіңіріп өскен адамға құндылықтардың алмасуы оңайға соқпайтыны анық. Ол жай ғана көптің бірі емес, ұлттың жоғын жоқтаған, тіпті, сонау түркі дүниесінен бергі қазынаны қопарған, ұлтының әдебиет, мәдениет саласының тарихын ғасырдан ғасырға терңедетіп індете зерттеген, ән-күйінің әлеміне шомылып өскен, өзі де ән тудырып, күй шығарған, қысқасы, тұрқы тұтас құйылған сом тұлға болса ше? Онда оның кешер күйі тіпті өзге.

Режиссердің айтқанындай, бұл туындыны «Фильм монолог» десе де болғандай. Фильм Мырзатай ағамыздың өз аузынан айтылған әңгімемен басталып, оны біраз уақыттан бері «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып келе жатқан «Күндерімнің куәсі» атты күнделіктерінде жазылған естеліктермен жалғап отырады. Бұл шынында сексеннің сеңгіріне шыққан батагөй абыздың еліне, жұртына, жастарға айтқан келелі кеңесіндей қабылданды. Мысалы, «Шіркін, қандай асыл адамдар еді...» деп басталатын әңгімесінде өзінің анасы, Іңкәшай жеңгесі туралы айтып отырып, жоқшылық пен таршылықта күн кешкен солардың кісілік кесек болмысына таңдай қағып тамсанады. Ішкені алдында, ішпегені артында ырғын тұрмыс, баршылық заманда жүріп азғындыққа ұшыраған, тірі жетім, тастанды бала көбейген бүгінгі күйімізге күйінеді.

Фильмде, әрине, Мырзатайдай тұлғаның жұрт көзіне жоталанып көрінген тұсы, есімін халық санасында қалыптастырған ісі – оның ғылым жолындағы ерен еңбегі екендігі баяндалады. Елбасымен етене жүріп жұрт шаруасына жегілген қайреткерлігі сөз болады. Алайда, бұл фильм арпалысы мен қалтарысы көп күрделі жолдарды басып, ғалымдық пен қайраткерліктің ауырлығы мен абыройын қатар арқалап келе жатқан тумысы бөлек тұлғаның адами болмысын айшықтауға тырысыпты.

Алғашқы көрсетілімге Астанадағы ақын-жазушы, ғалымдар мен БАҚ басшылары, зиялы қауым өкілдері, журналистер көп жиналды. Көрермен ішінде Мырзатай ағамыздың өзі де отырды. Фильм аяқтағаннан кейін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалин сөз алып, фильмнің жастарға берер тағылымы туралы айтып, ризашылығын білдірді.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»