• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 06 Шілде, 2017

Қытай ұлттық күні ашылды

194 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Қы­тай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері Жина­лысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Шэнь Юэ Юэ ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Қытай ұлттық күнінің ашылуына қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Салтанатты рәсім екі елдің мемлекеттік әнұранымен ашылды. Одан кейін сөз алған Мәжіліс Спикері жиналғандарды Қытай ұлттық күнінің ашылуымен құттықтай келіп, әлем елдерінің Қазақстанға деген сенімі мен құрметінің айшықты дәлеліне айналған ЭКСПО көрмесін өткізу Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың халықаралық беде­лінің және жаһандық деңгей­де ойлайтын көреген саясатының нәтижесі екенін атап өтті.  – «Болашақтың энергиясы» және «жасыл экономика» тек бірнеше мемлекеттің ғана емес, барша адамзаттың дамуы үшін өте маңызды, өте қажетті мәселе. Сондықтан, біздің көрмеміз осы әлемдік мәселеге өзінің зор үлесін қосады деп сенеміз, – деді Н.Нығматулин. Мәжіліс Төрағасы атап өт­кен­дей, Президенттің бастамасы­мен елімізде белсенді   жүргізіліп жатқан энергетика саласын жаң­ғырту жұмыстарының арқасында Қазақстанда қуаты 300 МегаВатт болатын, жаңартылатын энергия өндіретін кәсіпорындар саны 50-ге жетті. Алдағы 2050 жылға қарай қажетті электр қуатының тең жартысы осы жаңартылатын энергиядан өндірілмек.   Оған ЭКСПО көрмесінің де ықпалы зор. Өйткені, бұл жерде әлемдік деңгейдегі, болашағы зор үздік жобалар қойылған.  Ал Қытайдың экспозиция­сы осы көрмедегі ең ірі және ең үл­кен жұмыстардың бірі. Атал­ған ел­дің көрмеге қатысуы – жа­ңа техно­ло­гияның дамуына және біз­дің елдеріміз арасындағы байла­ныс­ты одан әрі тереңдетуге жол ашады. Осыдан кейін сөз алған Шэнь Юэ Юэ ханым Қытайдың ЭКСПО көр­месіне аса қызығушылықпен мән беріп, ұлттық павильонды дайындауға орасан күш жұм­сағанын айтты. Өз сөзінде:  – Астана ЭКСПО-2017 көр­ме­сіне қатысу арқылы біз Қы­тай – Қа­зақстан достық қарым-қа­тынас­­тарын нығайтып, екі ел ара­сын­дағы стратегиялық әріптес­тікті жаңа биіктерге жеткізе ала­мыз деп үміт­тенемін, – деді ол.  Салтанатты рәсімнен кейін екі елдің Парламент өкілдері мен меймандар Қазақстанның «Нұр Әлем», Қытайдың «Болашақтың энергиясы, Жасыл Жібек жолы» атты ұлттық павильонын аралап, инновациялық жетістіктермен танысты.