• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Президент 06 Шілде, 2017

Татулықты ту еткен тұлға

264 рет
көрсетілді

Қазақтың маңдайы ашық, тілеуі дұрыс халық болған соң болуы керек, пешенесіне Нұрсұлтан Назарбаев секілді парасатты адамды Президент етіп сыйлап, жері үлкен болса да, халқы аз мемлекетті әлемге мәшһүр ету міндетін аманаттап­ты.

Елбасымыздың есімі күллі әлемге халқын өрге сүйреген бірегей бас­шы ретінде танылып, естіле бастаған­нан бері дүниежүзі елдері Қазақ­стан мемлекетін мойындап, жағым­ды, жақсы аты үшін жақынырақ танығысы келетін райын байқата бастады. Қазақстанға тартылып жатқан инвестициялар, келіп жатқан даңқты тұлғалар, сапарлап жүрген саясат серкелері, өтіп жатқан беделді басқосулар – соның ай­ғағы. Қазақстан бү­гінде татулықтың, бей­­бітшіліктің алтын бесі­гіне айналды. Сонау Тәуелсіздіктің ал­­ғашқы жылдарының өзін­­де-ақ Н.Назарбаев бас­қарған Қазақ елі жер бетіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтап қалуды қолдайтын озық мемлекеттің үлгісін көр­сетіп, шартараптағы жұрт­тың бәрін тыныштыққа шақыр­ды. Міне, содан бері алғашқы кірпішін өз қолымен қалаған Астананы бейбіт келісімдердің алаңына айналдырды. Жер жүзіндегі алпауыт елдердің арасында­ғы текетірес күшейген кезінде алақандай ғана Астана араағайын­дық жүгін көтеріп, көз­қа­расы қайшы мем­ле­кет­терді бір мүддеге ор­тақтастыру үшін бір үстелдің басына отыр­ғызды. Саясат қай­шылығын, дін алауыз­дығын ретке келтіру үшін  өзара түсіністікке бастайтын мәмілелер жасауға ұйытқы болды. Астана аз ғана уақыттың ішінде дүниежүзінің дана басшылары бас қосатын саясаттың қаласына айналып шыға келді. Аз еңбек емес. Аз дейміз-ау, ұшы-қиыры жоқ осы еңбектің бәрі атан жілік азамат қана көтере алатын нардың жүгі емес пе. Елбасымыздың жүрген жері – бейбітшілік. Қайда барса да ымы­раны, ынтымақты өзімен бірге ала жүреді. Еліміздің амандығы, жері­міз­дің тыныштығы үшін дәл біздің Елбасымыздай алаңдап, күн демей, түн демей, тәулігіне неше сағат аспанда ұшып, жұртының қамы үшін жанұшырып жүрген  елжанды басшы некен-саяқ болар деп ойлаймын. Мемлекет тізгінін ұстаған соң бәрі де жұртының жайын ойлайды ғой, бірақ біздің Президентіміздің перзент ретіндегі парызын терең түсінуі және соған сай халқына адал қызмет қылуы алабөтен сияқты көрінеді. Елі Елба­сыны қолдап, Елбасымыз еліне сү­йеу болып атқаратын қыруар шаруа шаш етектен алда әлі күтіп тұр.  Дүние жүзінде тұңғыш рет әлем­дегі театрлардың фестивалін жас Астанада өткізуінің өзі неге тұрады! Мұндай халықаралық кең ауқымды шараны өткізуге екі елдің бірі бел шешіп кірісе алмайды. Қаражатын айтпағанда, бұған қаншама күш-қайрат жұмсалады. Президенттің пәрменімен өткізілген фестивальге Қазақстанға ғұмыры табаны тиіп көрмеген өзге елдің таланттары жи­налып, өз өнерін көрсетіп, бас­­қаның да өнерін парықтап, бүгін­гі театрдың бағыт-бағдарын салыс­тырып, саралау үшін зор мүм­кін­дікке ие болды. Ал мұндай баға жет­пес тәжірибе алмасулар еліміз­дің театр өнерін тағы бір белеске көтеріп тастайтыны анық. Бір ғана театр өнерінің өзі осыншама бай­лық­­қа кенелгенде, басқа сала­лар бо­­йынша өткізіліп жатқан мың сан сал­­мақты шаралардың елі­мізге, хал­қы­­мызға берер игілігін, пай­да­сын сана­ма­лап шығу тіпті де мүмкін емес.  Есмұхан ОБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі, профессор АЛМАТЫ