Ұлттық идеяның ұлы жетістігі Еліміз өз астанасын 1997 жылдың 10 желтоқсанында Алатаудың баурайынан Сарыарқаның төсіне көшірді. Қазақ қазақ болғалы өзінің астанасын қайда орнатуды өзі шешкені осы. Әлбетте, бұрын қазақтың астанасы талай рет өзгергенін тарихтан білеміз. Бірақ мұның бәрі қазақтың еркінен тыс, өзгенің бұйрығымен жүзеге асты... Астанасын ауыстыру – әлем мемлекеттерінің тарихында бар құбылыс. Ондай елдер ең алдымен өзінің ұлттық мақсат-мүддесін бірінші кезекке қояды. Алаш астанасын көшіру де осындай ұлттық стратегиялық ұлы мұраттан туындаған болатын. Бар қазақтың бас қаласы ретінде байырғы Ақмоланың таңдалып алынуы да кездейсоқтық емес. Кезінде тың игерушілердің қонысына айналған Ақмолада қазақтардың саны күрт төмендеп кеткен еді. Осы ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, өз мүддесіне икемдеп қалғысы келгендер де жоқ емес-тін. Астананы көшірудегі ең басты мұрат та сол, ата-баба мекенін қазақыландыру, оған көз сұғын қадай берген әлдекімдердің бөтен ойына бөгет қою болатын. Әрі тоғыз жолдың торабында тұрған қала астана болуға лайық барлық 32 талапқа сай келген. Астананы ауыстыру туралы әңгіме алғаш рет Елбасының аузынан шыға бастағанда, жұртшылық мұны жай айтыла салған сөз ретінде қабылдады. Елбасы бұл идеясын 1994 жылғы 6 шілдеде өткен Жоғарғы Кеңестің пленарлық мәжілісінде дәйекті дәлелдермен, ойлы тұжырымдармен алғаш рет жариялағанда, оның нақты жүзеге асатын іс екеніне көзі жеткен көпшіліктің пікірі екіге жарылды. Астананы ауыстыру туралы бастаманы қолдағандар да, оған күмәндана қарағандар да табылды. Бұл идеяны бұлдыр сағымға айналдырып, болашағына күдікпен қарағандардың қарасы қанша қалың болса да Елбасы табандылығынан тайған жоқ. Сонымен, Астананы көшіру еліміздің тарихындағы ерекше белес, ұлттық тарихымыздың жұлдызды сәті болды. Өмір сүргің келетін қала Елбасы Астананы көшіру туралы шешімін жариялаған кезде жұртшылықтың көбі елорданы салуға кемі 25-30 жыл уақыт керек деп ойласа керек. Олай ойлауы заңды да. Кезінде Есілдің сол жағалауында ел қонбақ түгілі, оң жағалауындағы жағдай да шамалы еді. Бір кездері шағын шаһардың қандай болғанын Астанаға алғаш білім қуып келгендердің бірі ретінде біз де жақсы білеміз. Алайда, Астананы әлемдегі әсем шаһарлардың біріне айналдыру алғашқы сәттен бастап жүзеге асырыла бастады. Елорданың Бас жоспарын әзірлеу кезінде бас қаланың жұрттан ерек бейнесін қалыптастыруға айрықша мән берілді. Бас жоспарды айқындаған эскиз-нобайлардың байқауы да қатаң өткізілді. Отандық мықты сәулетшілердің де, әлемдік теңдессіз мамандардың да туындылары таразыға тартылды. Бас шаһарда бой көтерген алғашқы айшықты ғимараттардың нобайын жасауға Елбасының өзі де қатысқанын жұртшылық жақсы білсе керек. «Бәйтерек» монументі, «Ақорда» резиденциясы секілді көркем нысандардың алғашқы сызбасын Мемлекет басшысы өзі қағазға түсіргені белгілі. Міне, Елбасы өзі аялы алақанына салып мәпелеп өсірген Астана ертегі кейіпкерлеріндей сағат санап өсіп, аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгерді. Бүгінде дамудың үшінші кезеңіне аяқ басқан елорданың бүгінде ескісі естен өшіп, жаңасы жадымызда жаңғырды. Көз алдымызда көркейген қаланың дамылсыз даму ырғағы күллі әлемнің таңдайын қақтырды. Астананың жедел өзгеретіні соншалық, бүгін келген адам ертең оны танымай қалады. ЮНЕСКО-ның бас шаһарымызға «Бейбітшілік қаласы» атағын беруі тегін емес. Бұл – әлеуметтік-экономикалық, саяси жағынан қысқа мерзім ішінде үлкен табыстарға қол жеткізген қалаларға беретін мәртебелі атақ. Әрі Астана – шын мәніндегі бейбітшілік қаласы. Мұнда әлем елдерін бейбітшілікке үндеген, татулыққа шақырған небір алқалы басқосулар, келелі кездесулер өткізіліп тұрады. Әр үш жыл сайын ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Астана экономикалық форумы, Еуразиялық медиа-форум – соның дәлелі. Алдағы қыркүйек айында елорда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммитін өткізу арқылы ислам мемлекеттерін бірлікке шақырмақ. Астанадағы Сирия келіссөздерінің кезекті раунды да елорданың бейбітшілікті ту еткен шаһар екенін тағы бір мәрте дәлелдесе керек. Бүгінде Астана – өмір сүргің келетін қалаға айналды. ТМД және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың үздік қалаларды сараптайтын халықаралық байқауы қазақтың бас қаласына осындай атақ беріп отыр. Шынымен де елорда қазіргі таңда қай жағынан да тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға тырысып келеді. 2011 жылдан бастап елордада «Ақылды Астана» жобасы енгізіле бастады. ...Әдемі, таза, қауіпсіз әрі кептелексіз Астана шын мәнінде тұрғың келетін қалаға айналды. Даму динамикасы Ерке Есілдің бойындағы сән-салтанаты келіскен сәулетті шаһардың беделі биіктеп, абыройы асқақтап келеді. Осында атқарылып жатқан қыруар шаруалар мен тұсауы кесілген тың жобалардың бәрі де ел игілігі үшін, тұрғындардың жақсы өмір сүруі үшін жасалып жатыр. Ендеше, Елбасының өзі қадағалап отырған елорданың қаншалықты өркендегенін мына көрсеткіштерден нақты көруге болады: былтыр жалпы өңірлік өнім 5 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға ұлғайған. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 838 млрд теңгені құраған. Мемлекеттік бюджетке 1 трлн теңгеден астам рекордты түсім түсіп, соның ішінде республикалық бюджетке 847 млрд теңге аударылған. Осылайша, Астана экономикалық даму қарқыны жағынан еліміздегі екінші өңірге айналды. Орта және шағын бизнес субъектілерінің саны жағынан да Астана – алдыңғы қатарда. Бүгінде олардың саны 140 мыңға жеткен. Кәсіпкерлік саласы жалпы өңірлік өнімнің 50 пайызын, жаңа жұмыс орындарының 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде Астанада атқарылып жатқан жұмыстың бағытын екі бағдарға бөліп қарастыруға болады. Оның біріншісі – астаналықтардың өмір сүру сапасын арттыру болса, екіншісі – тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, табысын көбейту. Тұрғындардың табыс өсіміне жаңа экономикалық стратегия арқылы қол жеткізілмек. Бұл – бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту, экономиканың басты салаларында кем дегенде 50 мыңнан кем емес тұрақты жұмыс орнын құру, елордаға жекеменшік инвестиция тарту секілді межелі міндеттерді жүзеге асыру деген сөз. Сонымен қатар, елордалықтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, әл-ауқатын жақсарту үшін алдымен білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық көлік қызметі, экология, басқа да көптеген салаларға баса мән беріліп отыр. Алдағы уақытта тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйені тұрғындарға қолжетімді ету үшін Астананы 129 секторға бөлу қарастырылып отыр. Яғни, әр секторда шамамен 10 мың халық болады және оларға 32 әлеуметтік стандартты қызмет көрсетілмек. Секторларға бөлінген халықтың санына орай сол мекеннің өзіндік емханасы, мектебі, балабақшасы, саябағы, спорт алаңы, полиция бөлімшесі болады. Қысқасы, тұрғындар барлық қызмет көрсету түрлерімен қамтылады. Елорданы өмір сүруге ыңғайлы шаһар ретінде қалыптастыруға негізделген мұндай ауқымды жұмыстар «Астананың 20 жылдығына – 20 қадам» атты қаланы дамыту тұжырымдамасы жобасына енгізілген. Иә, бағдары бөлек бас қала ұлы мақсаттарға ұмтылып отыр. Астана –Қазақстанның жаңа экономикасындағы беталысын айқындайтын креативті қалалардың біріне айналуы тиіс. Астана 2020 жылға қарай әлемнің алдыңғы қатарлы қалаларымен тең дәрежеде бәсекелесіп, 2030 жылға қарай Сингапур, Дубай, Шанхай, Ыстанбұл секілді макрөңірлік көшбасшы қалалармен иық теңестіруді мақсат етіп отыр. Ал 2050 жылға қарай Астана әлемнің ең үздік он қаласының қатарына қосылуы керек. Елорданың мақсаты – айқын, міндеті – нақты. Демек, Алаш Астанасының әлі-ақ табысты дамыған жаһандық шаһарға айналатыны сөзсіз.
* * * Астана – күллі Алаштың арманы. Астана – ұлттық идеяның темірқазығы. Еліміздің жаңа ғасырдағы жарқын шежіресі де осында жазылып жатыр. Ерке Есілдің бойына ел қондырып, армандай асқақ Астананы салған Елбасының бұл еңбегі тәуелсіз еліміздің ең үлкен табысы, тарихи жеңісі екеніне талас жоқ. Елдігіміз – ерен, елордамыз еңселі болсын лайым!
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»