Елімізде жоғары деңгейдегі университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Соның бірі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2010 жылы ұлттық білім беру жүйесі мен әлемдік ғылыми білім берудің озық тәжірибесін байланыстыра отырып, қазақстандық жоғары білімнің ұлттық брендін қалыптастыру мақсатында құрылған Назарбаев университеті бүгінде Еуразия кеңістігінің дәл ортасында орналасқан халықаралық жоғары оқу орнына айналды. Халықаралық академиялық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін және елімізде ең алғаш дербестік пен академиялық еркіндік қағидаттарын басшылыққа алған университет биыл үшінші толқын түлектерін шығарып салды. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Назарбаев университетін 737 бітіруші жас бакалавриат пен магистратура бойынша, сондай-ақ, 9 түлек докторантура бойынша тәмамдады. Яғни, Назарбаев университетінің алғашқы PhD докторы дәрежесінің иегерлері қанат қағып отыр. Тарихи дипломға Сәуле Әбілдинова, Гүлдана Ахметова, Ләйла Юлдуз, Жанар Жұмабаева, Зәуреш Қазыбаева, Мәдина Тынымбаева, Арай Саниязова және Әсел Мұхамеджанова есімді жастар ие болды. Бұл – оқу орны үшін айтарлықтай маңызды асу. Себебі, докторлар даярлай бастау дамудың келесі кезеңіне жасалған қадам. Аталған үрдіс Назарбаев университетінің толығымен ғылыми зерттеу кешені қалыптасқан жоғары білім орталығына айналғанын дәлелдейді. Осы орайда, университет түлектерінің оқу бітіру салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қатысып, тұңғыш докторанттарға дипломды өз қолымен табыстауы да бекер емес. «Біз, Назарбаев университетінің түлектері, осы уақытқа дейін қол жеткізген абыройды биік ұстауға тырысамыз. Болашақта Назарбаев университеті әлем мойындаған университетке айналып, Сіздің асқақ арманыңыз орындалады деп кәміл сенеміз», деп уәде берді тұңғыш докторанттар салтанатты шарада Елбасына. – Бұл университет біздің Тәуелсіздік жылдарында қабылдаған аса маңызды жобамыз, деген болатын Президент сол жиында. Мемлекет басшысының осы сөзінен-ақ оқу ордасының тәуелсіз еліміздің білім саласындағы бірегей жоба екенін көреміз. Елбасы айтқандай, ашылғанына небәрі 7 жыл ғана болған оқу ордасы өзіміздің елде де, басқа елде де аса беделді оқу орнына айналды. Осы жылдары қазақстандық жастарға озық әрі заманауи білім беру үшін шетелдердің іргелі оқу орындарының таңдаулы ғалымдары шақырылды. Университет ғаламдық білім беру жүйесімен тиімді интеграция жасауды жолға қойды. Дүниежүзіне Астананың ғылым мен білімнің орталығы екенін көрсетудің үлгісіне айналды. Қазіргі кезде университет студенттерінің саны 4 мыңға жетті. Келешекте олардың саны екі есеге артады деп күтілде. Бүгінде мұнда әлемнің 55 елінен келген ғалымдар жұмыс істейді. Олар сабақ беріп қана қоймай, ғылыми зерттеулерін жүргізеді. Оқу мен зерттеу тілі – ағылшын. Осы уақытқа дейін әлемдік ғылыми басылымдарда мыңнан астам ғылыми жұмыс жарық көрді. Бұл ретте республика бойынша жоғары оқу орындарындағы орташа көрсеткіш 4 пайызға тең болса, Назарбаев университетінде 11 пайызды құрайды. Бұл да университеттің сапа әлеуетін танытады. Бұған дейінгі жылдарда түлеп ұшқан мыңдаған студенттердің жартысы әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, Стенфорд университеті, Массачусетс технология институты, Колумбия және Лондон экономика және саясат ғылымдары мектептерінде оқуларын жалғастырып, алыс құрлықтарда тәжірибеден өтуде. Олардың өз білімдерін толықтырып, озық тәжірибені елімізге енгізу үшін оралатынына сенім артылып отыр. Университет түлектері қысқа мерзімде еңбек нарығында өздерінің бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандар екенін дәлелдеді. Бүгінде олар өз таңдаулары бойынша еліміздегі ең ірі ғылыми мекемелерде, медициналық компанияларда және мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп жүр. Бұл жетістікке бәсекелік іріктеу жүйесін дамыту мен меритократияға негізделген тиімді білім беру моделі арқылы қол жеткізілді. Жүзден астам білім және ғылым мекемелерімен әріптестік орнатылды. Назарбаев университеті Қытай, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур және басқа да елдердің жетекші жоғары оқу орындары енетін Азия университеттер альянсының тең құрылтайшысы атанды. Осы 50 университеттің арасында қазақстандық университет 15-орынға тұрақтады. Назарбаев университетінде студенттердің жайлы тұруы мен сабаққа дайындалуы үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Айталық, бөлмелер 4 адамға арналған және барлық қажетті заттармен жабдықталған. Назарбаев Университетінде студенттерді еңбекке дайындау мен кәсіби дамытуға, сондай-ақ оқу кезеңі ішінде студенттік практиканы ұйымдастыру, жұмыс берушілердің презентациясы мен кәсіби даму бағдарламасын, экскурсиялар, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу арқылы түлектерді жұмысқа орналастыруға бағытталған Студенттерді кәсіптік бағдарлау және дамыту орталығы құрылған. СКБДО қызметкерлері Астана қаласының аумағында және одан тыс жерлерде мұнай-газ секторы, денсаулық сақтау, ғылыми-зерттеу орталықтары, химия өнеркәсібі, министрліктер, үкіметтік емес ұйымдар, зауыттар мен басқа да қызметті қоса алғанда, қазақстандық, сондай-ақ, халықаралық ұйымдармен бірге түрлі салада тығыз ынтымақтастық орнатып отыр. Назарбаев университетінің студенттері – еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына үлес қоса алатын ұлттық ғылыми және техникалық элитаның жаңа буыны ретінде сипатталады. Сондықтан да жұмыс берушілер оқу ошағы студенттерінің өсуі мен дамуын бақылап отырады. Өткен кезеңдегі аналитикалық талдау компанияларының Назарбаев университеті студенттерін болашақ кәсіпқойлар ретінде қабылдағанын және оларға әлеуетті қызметкерлер ретінде қарағанын айта кеткен абзал. Расында, Назарбаев университеті түлектерінің әлеуеті жоғары. Аталған дербес білім беру ұйымының президенті Шигео Катсу мырзамен әңгімелескенімізде, ол студенттер өз-өзіне сұрақты дұрыс қою нәтижесінде алдында тұрған мәселенің шешімін таба білуді үйренетінін, тығырықтан жол тауып шығуға, жаһандану дәуірінде түрлі күрделі жағдайларға, оқиғаларға тап болатын сыни сәттерде өзгеруге, бейімделуге бейіл болуы тиістігін айтқан болатын. Яғни, технологиямен, ғылыммен, қай іспен шұғылданса да, 5-10 жылдан кейін университетте оқыған білімі олар үшін өзекті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан, тез бейімделе білудің маңызы үлкен, дейді оқу орнының басшылығы. Назарбаев университеті құрылымында әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарымен әріптестікте жұмыс істейтін 8 ғылыми мектеп бар. Яғни, тәлімгерлер «Ғылым мен технология», «Медицина», «Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар», «Жоғары бизнес», «Инженерия», «Кен ісі және геоғылым», «Жоғары мемлекеттік саясат» және «Жоғары білім беру» мектептері бойынша оқытылады. Қазір университет ғалымдары энергиялық тиімділігі мол батарея жасаумен шұғылданып келеді. Аталған батареяның көлемі жағынан кіші, салмағы аз болуын және мол көлемде энергия қуатын сақтауын, сондай-ақ, қоршаған ортаға залал келтірмеуін ғылыми жұмыстармен дәйектеуде. Сондай-ақ, оптикалық сенсор, робот техникасы бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Адам өміріне, денсаулығына қауіпті жұмыстарды атқаруда роботтарды пайдалану сияқты алгоритмдер көп. Сонымен бірге, медицинада оңалту жүйесінде роботтардың күш-қуатын пайдалану көзделуде. Яғни, адамның күш-қуатын арттыруға арналған экзоқаңқа құрылғыларын дамыту бойынша пациентті оңалтуға көмектесетін жобалар бар. Мұндай жобалар туралы көптеп айта беруге болады. Яғни, Елбасы ерекше атап өткендей, Назарбаев университеті – еліміздің активі, келешектің инвестициясы. Бұл бүгінде жеті жылда атқарылған жемісті жұмыстардан да көрінеді.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»